Мәслихат сайлауы: сағат 10:00–ге дейін сайлаушылардың 12,31 пайызы дауыс берді
Бүгін, 29 қарашада Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр
Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сағат 10:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 12,31 пайызы дауыс берген.
Сайлаушылардың ең жоғары белсенділігі мына өңірлерде тіркелген:
Ақтөбе облысы – 16,49 пайыз;
Қызылорда облысы – 16,33 пайыз;
Түркістан облысы – 15,32 пайыз.
Ал сайлаушылардың ең төмен белсенділігі әзірге Алматы қаласында байқалып отыр.
Дауыс беру жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бүгін, 29 қарашада Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Ел бойынша 10 338 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Оның 101-інде дауыс беру таңғы сағат 06:00–де басталса, қалған учаскелер сағат 07:00-де ашылды.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, елімізде 12 679 459 азамат сайлаушылар тізіміне енгізілген.
Қазақстандықтар 228 мәслихаттың 3 447 депутатын сайлайды. Оның ішінде:
облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарына – 668 депутат;
қалалық мәслихаттарға – 626 депутат;
аудандық мәслихаттарға – 2 153 депутат.
Сайлауға партиялық тізім бойынша елде тіркелген жеті саяси партия қатысып жатыр. Олар – "Әділет", "Ақ жол", "Ауыл", Қазақстан халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, "Байтақ" және Respublica партиясы.
Сайлау барысын бақылау үшін 258 қоғамдық бірлестік пен коммерциялық емес ұйым аккредиттелген.
Бүгін ел аумағында сайлауалды үгіт-насихат жүргізуге, қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелері мен сайлау қорытындысына қатысты болжамдарды жариялауға тыйым салынған.
Сайлау қорытындысы 3 желтоқсаннан кешіктірілмей шығарылуға тиіс.