Мәулен Әшімбаев вице-президент болуға дайын ба? Экс-Сенат төрағасы жауап берді
Қазақстан Парламенті Сенатының бұрынғы төрағасы Мәулен Әшімбаев сайлау учаскесінде дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Одан вице-президент қызметіне баруға дайын немесе дайын еместігі де сұралды.
«Қазір бұл мәселелердің бәрін талқылаудың мәні жоқ әрі ол дұрыс та емес. Кадрлық мәселелерге келетін болсақ, сіздер айтып отырған лауазымдарға қатысты шешімді тек Мемлекет басшысы қабылдайды. Президент Конституциямызға сәйкес қажетті кадрлық шешімдерді қабылдайды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Вице-президент – Құрылтай жасақталғаннан кейін пайда болатын жаңа мемлекеттік лауазым. Қазақстанда вице-президент сайланбайды, ол тағайындалады.
Вице-президенттің атқаратын міндеттерін Президент айқындайды. Ал Конституцияға сәйкес, Мемлекет басшысы қайтыс болған немесе отставкаға кеткен жағдайда президент өкілеттігі вице-президентке өтеді.