Қоғам

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Бибісара Асаубаеваны партия қатарынан көргісі келетінін айтты

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов шахматтан әлемдік рейтинг көшбасшыларының бірі Бибісара Асаубаеваның Туризм және спорт министрлігіне қатысты сынын қолдап, жас спортшының ұстанымына оң баға берді.

Фото: gov.kz

Депутат Facebook-тегі парақшасында Асаубаеваның мәлімдемесі оның тек шахмат тақтасында ғана емес, қоғамдық мәселелерде де стратегиялық ойлай алатынын көрсеткенін жазды.

«Әлемнің үздік шахматшыларының бірі Бибісара Асаубаева өз пікірін білдіру үшін уақытты дұрыс таңдап қана қоймай, мәселені көтеруде де ұтымды қадам жасады», - деді Әбенов.

Еске салайық, бұған дейін Бибісара Асаубаева шахматтың басымдыққа ие спорт түрлері тізімінен шығарылуына наразылық білдіріп, министрліктің шешімін сынға алған болатын. Оның пікірінше, мұндай қадам елдегі зияткерлік спортты дамыту саясатына қайшы келеді. Мұрат Әбенов спортшының уәждері негізді екенін айтып, Мемлекет басшысы білімді әрі ой-өрісі жоғары ұлт қалыптастыру қажеттігін айтып жүрген кезде шахматты басым спорт түрлерінің қатарынан шығару қисынсыз шешім екенін атап өтті.

Депутаттың айтуынша, министрлік өз шешімінің қателігін мойындаудың орнына, оны ақтауға тырысқан. Даулы жағдай үш дүркін әлем чемпионының мемлекеттік жалақысы үш есеге қысқарып, 300 мың теңгеге дейін төмендегеннен кейін туындаған. Министрлік бұл өзгерісті шахматтың басымдыққа ие спорт түрлері санатынан шығарылуымен байланыстырған. Әбенов сондай-ақ мұндай шешімдер жаңа министрдің саяси беделіне әсер етуі мүмкін екенін айтып, Бибісараның көшбасшылық қасиеттеріне назар аударды.

«Бибісара өзін шахматшы ретінде ғана емес, қоғамдық және саяси процестерге белсенді араласа алатын тұлға ретінде де көрсетті», - деді депутат.

Осылайша Мәжіліс депутаты жас чемпионның болашақта саяси партиялардың бірі үшін де лайықты кандидат бола алатынын меңзеді.

Сайт Әкімшілігі