«Медаль алу науқаны» мәреге жетті
Желтоқсанның 16-сы — ел тарихында алар орыны айрықша. Тәуелсіздік күні қазақ үшін қастерлі мереке.
Бірақ, еліміз егемендік алған күнді қалай өткеріп жүрміз? Халықтың санасында басты мейрам болғанмен, ел оның мәнін жіті түсінген жоқ. Көпшілігі орашолақ ойлайды. Олай болмағанда ше? Тап осы мейрамда марапат алуды тойлау, одан әрі жаңа жылдың қарсаңы дегендей. Әйтеуір далақтап шабылудың көлеңкесінде қалып қояды. Тәуелсіздік мерекесі жылда жаппай медаль тағу науқанына айналады. Ел мұратын көксеп, сол жолда жанын пида еткен қаhармандарымызды еске алудың орынына марапат беруді модаға айналдырдық. Кешелі бері халықтың көзі мен құлағына айналған әлеуметтік желіні шолып шықтық. Тағылымды тарихи дүние таппадық. Кілең алқа тағып атаққа малданғандардың суреті көз сүріндіреді. Оны көрген қонақ бала тәуелсіздік әкелген Қайрат пен Ләззәт, Сәбира мен Ербол жайында не жазылған екен?-деп, ұрымтал тұстан келіп сұрақ қоймасы бар ма? Айтар уәж таппай қысылып, кібіртіктедім. Балақай кенет: «Міне, мына батырды көріңіз!» деп жерден жеті қоян тапқандай шаттанып, кеудесінде медалі саусылдаған ер адамды нұсқады. Мен елең етіп назарымды аудардым.
«Қай соғысқа қатысқан?»
Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаровтың кеудесіне медальдарын тізбектеп, қасқайып тұрып түскен суреті берілген екен. Төмендегі сөзді оқталып кеп, оқысақ: «Жезқазған қаласының әкімі қай соғысқа қатысып келген? Суретте 7 төсбелгісі бар екен» депті. Әлеуметтік желідегі бұл жазбаның авторы-журналист Диана Сапарқызы. Жас әріптесіміз сөзбен карикатура салған екен. Қалай десе де, тауып айтқан. Осындай жадымызда қалған бір жәйт еске түсті. Бұған дейін Солтүстік Корея генералдарының балағына дейін сырғыта таққан медальдарын көргенде, алпыс жыл ешкіммен соғыспаған корейстер бейбіт күнде мұнша медальды қайдан алып жүр деп қайраң қалушы едік.
Енді жоғарыдағы жәтқа оралайық. Әлеуметтік желідегі әріптестің шағын жазбасы желі қолданушылардың шабытын оятты. Айналдырған бір сағаттың аралығында жүзден астам адам пікір қалдырды. Түйін сөзді Аман Тажигулов деген қолданушы оймақтай оймен аяқтапты.
«Әкім деген қарапайым болған дұрыс. Бар жылтырақты тағып алып, мені көріңдер дегендей. Кезінде Оспан батырға Сталин атамыз Совет үкіметінің батыры атағын береміз дегенде, «мына жылтырды әйеліме бер, сол тақсын. Маған мылтық бер, отанымды қорғаймын!» деген.
Есті адамға есте сақтар сөз екен. Дегенмен, бұған бүгінгі беделді белгі таққандар не дейді екен?...
Еліміз тәуелсіздік алып, тұрмысымызға нарықтық қатынас дендеп енген кезеңде, мемлекет экономиканы көтеруге күш салды. Тәрбие тұрқына айналған кеңестік идеалогия жойылып, мәдениет шеткері қалды. Оның зардабы сол кезде тұлға ретінде қалыптасып келе жатқан буынға кері әсерін тигізді. Осы олқылық ұрпақтың ішкі мәдениетінің жұтаңдығына алып келді. Енді сол солғын көріністі бүгінгі билік басындағы шенеуніктердің бойынан аңғарып отырмыз.
Тәуелсіздікке қай халық болсын, оңай жетпеген. Бостандықтың түбі-зар илеткен соғыспен, кескілескен шайқаспен, төгілген қанмен, жан қиярлық ерлікпен келген. Қазақ тарихындағы бертінгі он алтыншы желтоқсан да, сол зұлматтардан бір мысқыл да кем емес. Ендеше, тәуелсіздік күні медаль тағып, ел-жұрттан сүйінші тілеп марқаятындай не жөніміз бар? Бұл мақтаныш па, әлде ессіз есерлік пе?