Әлеумет

Медициналық қызметке жұмсалатын шығындар халықты тұқыртып барады

Қазақстанда денсаулық сақтауға жұмсалатын шығын ІЖӨ-нің 3,7 пайызына тең. Ал, даму деңгейі бізбен қарайлас елдердің ұлт саулығына бөліп отырған қаржысы ІЖӨ-нің 6 пайызынан кем түспейді.

Jasalash.kz
Оның үстіне, біздің елді денсаулық сақтауға жұмсалған жалпы қаражаттың 41 пайызы (немесе 640 млрд теңге) халықтың қалтасынан шығады екен. Былайша айтқанда, 18 млн қазақстандықтың әр қайсысы жыл сайын 36 мың теңгені өз қолымен емдеу мекемелерінде қалдырып отырады деген сөз. Ал, халықаралық ұйымдардың талабы бойынша азаматтардың денсаулыққа жұмсайтын жеке шығындары 20 пайыздан аспауы тиіс. Яғни, аталған көрсеткіш бұдан жоғары болса қарапайым халықты кедейшілікке ұрындырады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында Медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Серік Тәңірбергенов мәлімдеді.Айтуынша, соңғы он жылдықта Қазақстанда халық саны артып, денсаулық сақтау саласына мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын азайып отыр. Атап айтқанда, 2006 жылдан бері халықтың өмір сүру ұзақтығы 6,3 жылға артты. 2025 жылға қарай еліміздегі қарттардың үлесі 41 пайызға, балалар саны 20 пайызға өседі деген болжам бар. Ал, өлімге, мүгедектікке әкеп соқтыратын аурулардың денін жүрек-қан тамыры аурулары, онкология, тыныс жолдары мен ас қорыту органдарының аурулары сынды созылмалы, жұқпалы емес аурулар құрап отыр.Азаматтардың денсаулыққа жұмсайтын жеке шығындарының үлесі де жыл санап артып барады."Қазақстандықтар тіпті, кепілдендірілген тегін көмек пакетіне енгізілген медициналық қызмет түрлерін де жеке клиникалардан сатып алады. Оған стационарлық көмек (оған жұртшылық өз қалтасынан 58,4 млрд теңге шығындайды), емханалық-амбулаторлық көмек және науқастарды оңалту қызметі кіреді. Жалпы, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті бойынша бөлінген қаржының басым бөлігі стационарлық көмекке жұмсалады. Оны негізінен экономикалық белсенділігі төмен тұрғындар, яғни, балалар, зейнеткерлер, мүгедектер т.б. пайдаланады", – деп түсіндірді ол.Статистикаға сүйенсек, 2017 жылы елімізденгі стационарларда 2,9 млн адам жатып емделген. «Оның 68% – жұқпалы емес созылмалы ауруы асқынып, ауруханаға шұғыл түрде жеткізілгендер, жарақаттанғандар және жүкті әйелдер. 30% – ауруханаға жоспарлы түрде жатқандар. Оған қоса, стационарға жатқызылған пациенттердің 46 пайызын жеңілдігі бар санаттар құрайды. Стационарлық көмекке жұмсалатын шығынның 50 пайызы осы топқа тиесілі. Жалпы, ауруханаға жатқандардың 17 пайызын күндізгі стационарда емдеуге де болады. Сол себепті Тегін медициналық көмек пакетінің жаңа үлгісін жасау қолға алынған болатын. Бірақ бұл бір күнде бітетін шаруа емес, ол бірнеше кезеңнен тұрады», – деп нақтылады С.Тәңірбергенов.Айтуынша, халықтың жеке шығындарын азайту мақсатында 2018 жылы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін оңтайландыру, нақтылау жоспарланып отыр. Алғашқы медициналық-санитарлық, консультативтік-диагностикалық көмек деңгейінде көрсетілетін диагностикалық қызметтің нақты тізімі жасалады. Сондай-ақ, тұрақты бақылауды қажет ететін созылмалы сырқаттардың тізімі де қайта қаралмақ.«Созылмалы сырқаттардың қазіргі тізімі кеңес одағы тұсында жасалған нормативтік актілерге негізделген. Оған 200-ден астам ауру енген. Олардың бәрі диспансерлік бақылауға алынуы тиіс. Ал, біздің көршілеріміз осыны әлдеқашан қолға алды. Мысалы, бұл құжатты 2006 жылы түзеткен Ресейде диспансерлік сырқаттардың саны 38 ауру түріне дейін қысқартылды», — деді ол.

Шынар ӘЛЖАНОВА

Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега