Медициналық жүйелер интернетсіз де жұмыс істеуі мүмкін
"Әділет" партиясының депутаты Русана Сулейманова медициналық ақпараттық жүйелердің жұмысын жетілдіруді ұсынды.
Ол бұл мәселені Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға жолдаған депутаттық сауалында көтерді.
Депутаттың айтуынша, бүгінде медициналық ақпараттық жүйелер дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің күнделікті жұмысының ажырамас бөлігіне айналған. Алайда жүйелердегі бірқатар кемшілік мамандардың уақытын алып, пациентке бөлінетін уақытты қысқартып отыр.
Сулейманова медициналық деректердің жүйенің әртүрлі бөлімдерінде орналасуын негізгі мәселелердің бірі ретінде атады. Соның салдарынан дәрігер пациенттің бұрынғы диагнозы, созылмалы аурулары немесе аллергиясы туралы ақпаратты бірнеше жерден іздеуге немесе деректерді қайта енгізуге мәжбүр.
Осыған байланысты депутат пациенттің негізгі медициналық мәліметтері негізінде бірыңғай анамнезді автоматты түрде қалыптастыратын жүйе енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Тағы бір мәселе – медициналық ұйымдардың интернет пен ақпараттық жүйелерге тәуелділігі. Техникалық ақау немесе интернеттің болмауы медициналық қызмет көрсету процесін қиындатады. Бұл әсіресе шалғай елді мекендердегі медициналық ұйымдар үшін өзекті.
Депутат мұндай жағдайда жұмыс тоқтап қалмауы үшін медициналық ұйымдарға арналған бірыңғай резервтік режимді және пациентті сәйкестендірудің балама тәсілдерін енгізуді ұсынды.
Сонымен қатар Русана Сулейманова медицина қызметкерлерінің еңбегін бағалау кезінде пациенттің әрекетіне байланысты жағдайларды ескеруді сұрады. Оның айтуынша, дәрігер пациентті қабылдауға шақырып, хабарласып, қажетті жолдаманы бергенімен, адамның өзі келмеуі немесе байланысқа шықпауы мүмкін. Мұндай жағдайлар медицина қызметкерінің жұмысына кері әсер етпеуі тиіс.
Депутат министрліктен осы ұсыныстарды іске асыру мүмкіндігі, қажетті техникалық өзгерістер және оларды енгізу мерзімдері туралы ақпарат беруді сұрады.