Мемлекет басшысының Кореяға сапары: Қазақстан қандай ірі келісімдерге қол жеткізді?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында Lotte, Hyundai және KIND компанияларымен бірқатар меморандумдар мен келісімдерге қол қойылып, инвестициялық, өндірістік және инфрақұрылымдық жобалар бойынша нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Экономист Динара Мамырбекованың пікірінше, Мемлекет басшысының кореялық бизнес өкілдерімен келіссөздер барысында инвестиция көлеміне басымдық беріп қана қоймай, оның Қазақстан экономикасына әкелетін технологиялық және өндірістік әсеріне мән беруі маңызды. Оның айтуынша, Президенттің бұл ұстанымы инвестиция тартуды экономиканы жаңғыртудың және жаңа өндірістік құзыреттер қалыптастырудың тиімді құралына айналдыруға мүмкіндік береді.
Сарапшының пікірінше, Hyundai, Lotte, Hanwha және KIND сияқты жетекші кореялық компаниялармен ынтымақтастық Қазақстандағы өндірісті тереңдетуге, жергілікті жеткізушілерді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экспорттық әлеуетті арттыруға жол ашады. Бұл ретте кореялық компаниялардың технологиялық және басқарушылық тәжірибесі елдің Орталық Азиядағы өндірістік, технологиялық және логистикалық хаб ретіндегі әлеуетін күшейте алады.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кореялық ірі компаниялармен кездесулерінде инвестиция тартумен қатар, өндірісті локализациялау, экспортты ұлғайту және жаңа технологияларды енгізу мәселелеріне басымдық беріліп отыр. Бұл тәсіл Қазақстан экономикасы үшін қандай ұзақмерзімді нәтиже береді?
— Менің ойымша, бұл тәсілдің ең маңызды ерекшелігі Қазақстан үшін инвестицияның тек қаржы ретінде емес, экономиканы технологиялық жаңғыртудың құралы ретінде қарастырылуы. Кез келген шетелдік инвестицияның экономикалық тиімділігін оның көлемімен ғана өлшеу дұрыс емес. Негізгі мәселе – сол инвестиция Қазақстанда қандай өндіріс қалыптастырады, қанша жаңа жұмыс орны ашылады, жергілікті кәсіпкерлер өндірістік тізбекке қаншалықты тартылады және қандай технология мен құзырет елде қалады деген сұрақтарда. Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің кореялық ірі компаниялармен келіссөздерінде локализацияға, экспортқа және технология трансферіне басымдық берілуі – Қазақстан экономикасының құрылымдық трансформациясы үшін маңызды қадам.
Біріншіден, локализация отандық өндірістің тереңдеуіне мүмкіндік береді. Егер біз дайын өнімді ғана импорттап, оны Қазақстанда сатумен шектелсек, қосылған құнның негізгі бөлігі шетелде қалады. Ал өндірісті кезең-кезеңімен локализациялау арқылы компоненттер, қосалқы бөлшектер, сервистік қызметтер, логистика және басқа да бағыттарда қазақстандық кәсіпорындар пайда болады. Бұл бір ірі инвестициялық жобаның айналасында тұтас өндірістік экожүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Екіншіден, технология трансфері Қазақстанның өнімділігін арттырады. Оңтүстік Кореяның экономикалық тәжірибесі бұл жерде өте маңызды. Корея бірнеше онжылдық ішінде арзан еңбек пен қарапайым өндірістен жоғары технологиялық, экспортқа бағдарланған экономикаға өтті. Қазақстан үшін де осындай тәжірибеден технологияны, басқару мәдениетін, өндіріс стандарттарын және адами капиталды дамыту тұрғысынан тиімді элементтерді алу маңызды.
Үшіншіден, экспорттың ұлғаюы Қазақстанның экономикасын ішкі сұранысқа тәуелділіктен біртіндеп арылтады. Қазақстан үшін ең маңызды міндеттердің бірі – шикізаттық емес экспортты көбейту. Егер Қазақстанда өндірілген өнім Орталық Азияға, Еуропаға, Қытайға немесе Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығарылса, онда шетелдік инвестиция елдің экспорттық әлеуетін арттыратын факторға айналады.
Бұл жерде Қазақстанның географиялық орналасуы да үлкен артықшылық береді. Біз тек инвестиция қабылдайтын ел емес, Еуразиялық нарықтарға шығатын өндірістік және логистикалық хаб болуға ұмтылуымыз керек.
Төртіншіден, мұндай жобалар адами капиталға әсер етеді. Заманауи өндірістің келуі жаңа мамандықтарға сұранысты арттырады: инженерлер, технологтар, IT-мамандар, дата-талдаушылар, логистер, өндіріс менеджерлері қажет болады. Сондықтан инвестициялық саясатты білім беру саясатымен байланыстыру өте маңызды.
Бұл жерде Алматының жаңа экономикалық және технологиялық даму моделін де атап өтуге болады. Ірі инвестициялық жобалар, цифрландыру, инновациялар, жоғары технологиялық өндірістер және халықаралық компаниялармен серіктестік бір-бірінен бөлек бағыттар емес. Олар бір экожүйенің элементтері болуы тиіс.
Ұзақмерзімді перспективада біз үш нәтижеге қол жеткізе аламыз: біріншісі – өндірістің күрделілігін арттыру, екіншісі – экспорт құрылымын әртараптандыру, үшіншісі – Қазақстанның технологиялық бәсекеге қабілеттілігін күшейту. Сондықтан мен бұл бағытты Қазақстанның «инвестиция тартудан – инвестиция арқылы экономикалық құзырет қалыптастыруға» көшуі деп бағалар едім.
Егер осы саясат жүйелі түрде жүзеге асса, корей инвестициялары Қазақстан экономикасына тек капитал әкеліп қана қоймай, жаңа өндірістердің, экспорттық компаниялардың, технологиялық кәсіпкерлердің және білікті мамандардың қалыптасуына серпін бере алады. Ал бұл – қысқа мерзімді инвестициялық нәтиже емес, Қазақстанның келесі онжылдықтағы экономикалық моделіне әсер ететін ұзақмерзімді өзгеріс.
— Lotte Group-тың тамақ өнеркәсібі мен логистикадан бөлек, қонақ үй бизнесіне және Alatau City жобасына қатысуға ниет білдіруі кореялық бизнестің Қазақстанға деген көзқарасы өзгеріп келе жатқанын көрсете ме? Мұндай инвестициялардың ел экономикасына мультипликативтік әсерін қалай бағалайсыз?
— Менің ойымша, Lotte Group-тың Қазақстандағы қызығушылығының кеңеюі – кореялық бизнестің біздің елді тек жеке инвестициялық жоба жүзеге асыратын нарық ретінде ғага емес, Орталық Азиядағы ұзақмерзімді бизнес-экожүйенің бір бөлігі ретінде қарастыра бастағанының белгісі.Бұған Lotte-тың қызмет бағыттарының кеңеюі дәлел. Бұған дейін компанияның Қазақстандағы қызметі негізінен тамақ өнеркәсібімен, соның ішінде Рахат бренді мен өндірісті жаңғыртумен байланысты болса, қазір логистика, қонақүй бизнесі және жаңа қалалық жобаларға қатысу мәселесі қатар қарастырылып отыр. Бүгінгі келіссөздерде Алматы мен Alatau City-де Lotte қонақүйлерін дамыту жөніндегі меморандумдардың жасалуы және компанияның Alatau City жобаларына, оның ішінде Iconic Complex-ке қатысу ниеті айтылды.
Экономикалық тұрғыдан бұл өте маңызды сигнал. Себебі қонақүй – жеке тұрған нысан ғана емес. Оның айналасында құрылыс, көлік, қоғамдық тамақтану, сауда, туризм, ойын-сауық, IT, клининг, қауіпсіздік, маркетинг және басқа да көптеген қызмет түрлері дамиды. Демек, бір ірі инвестиция бірнеше аралас саланың экономикалық белсенділігін арттырады.
Ал Lotte-тың логистика мен тамақ өндірісін қатар дамытуы бұл мультипликативтік әсерді одан әрі күшейтеді. Мысалы, Қазақстанда өндірілген өнімді тек ішкі нарыққа емес, Орталық Азия елдеріне шығаруға мүмкіндік пайда болады. Бұл жағдайда инвестицияның әсері бір кәсіпорынның айналасында ғана қалмай, жергілікті жеткізушілерге, шағын және орта бизнеске, логистикалық компанияларға және экспорттаушыларға таралады. Alatau City тұрғысынан қарасақ, бұл одан да маңызды. Жаңа қаланың экономикалық тартымдылығы тек тұрғын үй немесе инфрақұрылым салумен қалыптаспайды. Оған халықаралық бизнес, заманауи қонақүйлер, кеңсе орталықтары, сауда, қаржы, туризм және жоғары сапалы қалалық қызметтер қажет. Сондықтан Lotte сияқты халықаралық брендтің келуі қаланың халықаралық іскерлік имиджін қалыптастыруға әсер етуі мүмкін. Қазір Alatau City-де 67 инвестициялық жоба, жалпы құны $6,9 млрд болатын портфель қалыптасып, олар 55 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздеп отыр.
Меніңше, ең маңыздысы – мұндай жобаларды тек инвестиция көлемімен бағаламау. Негізгі экономикалық нәтиже – қанша жаңа қосылған құн Қазақстанда қалыптасады деген сұрақта. Егер жергілікті кәсіпкерлер Lotte-тың жеткізу тізбегіне қосылса, қазақстандық мамандар жұмысқа тартылып, басқару және сервистік стандарттар енгізілсе, жергілікті өнімдер пайдаланылса және кейін бұл нысандар Орталық Азия нарығына шығатын бизнес үшін платформаға айналса, онда мультипликативтік әсер әлдеқайда жоғары болады.
Бұл жерде Қазақстанның географиялық орналасуы да үлкен артықшылық береді. Алматы агломерациясы мен Alatau City-ді Қытай, Орталық Азия және басқа нарықтарды байланыстыратын логистикалық әрі іскерлік хаб ретінде дамытуға мүмкіндік бар. Сондықтан Lotte үшін Қазақстанның тартымдылығы тек 20 миллионға жуық ішкі нарықпен шектелмейді. Қазақстанды өңірлік нарықтарға шығатын база ретінде қарастыру әлдеқайда маңызды.
Сондықтан Lotte-тың қонақүйден бастап логистика мен жаңа қала құрылысына дейінгі жобаларға қызығушылығын мен кореялық бизнестің Қазақстанға деген көзқарасының сапалық өзгерісі деп бағалар едім. Бұл енді «Қазақстанда өнім өндіру» немесе «Қазақстан нарығында қызмет көрсету» ғана емес, Қазақстанда ұзақмерзімді экономикалық экожүйе құруға деген қызығушылық.
Меніңше, Alatau City осы процестің нақты экономикалық алаңына айнала алады. Егер мұнда халықаралық компаниялар тек нысан салып қана қоймай, өндіріс, қызмет көрсету, технология, логистика және адам капиталы бойынша ұзақмерзімді экожүйе қалыптастырса, онда бұл жоба жеке қаланың емес, Қазақстанның жаңа экономикалық моделінің бір элементіне айналады.
— Hyundai мен Kia жобалары аясында автокөлік өндірісін тереңірек локализациялау, автобөлшектер шығару және экспорттық әлеуетті арттыру міндеттері қойылды. Мемлекет басшысының өндірістің толық циклін қалыптастыруға басымдық беруі Қазақстанның автомобиль өнеркәсібін жаңа деңгейге шығару үшін қаншалықты маңызды?
— Hyundai мен Kia жобалары аясында өндірісті терең локализациялау мен толық циклді қалыптастыруға басымдық берілуі – Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі үшін сапалық жаңа кезеңге өту мүмкіндігі. Автомобиль өнеркәсібінің дамуын тек Қазақстанда қанша автокөлік шығарылатынымен бағалау жеткіліксіз. Негізгі мәселе – сол автомобильдің қанша бөлігі Қазақстанда жасалады және оның өндірісіне қаншалықты көп қазақстандық кәсіпорын тартылады. Егер біз негізінен дайын бөлшектерді импорттап, Қазақстанда тек құрастырумен шектелсек, онда қосылған құнның едәуір бөлігі сыртта қалып қояды. Ал автобөлшектер өндірісін жолға қою, металл өңдеу, электроника, пластик, шиналар, орындықтар, шыны, аккумуляторлар және басқа компоненттер өндірісін дамыту арқылы автомобиль өнеркәсібінің экономикалық әсерін бірнеше есе арттыруға болады.
Бұл жерде толық цикл дегенді бір зауыттың барлық бөлшекті өзі шығаруы деп түсінбеу керек. Заманауи автомобиль өнеркәсібінде тиімді модель – көптеген жергілікті және халықаралық жеткізушілерді біріктіретін өндірістік кластер. Мысалы, негізгі автозауыттың айналасында ондаған, кейін жүздеген қазақстандық кәсіпорын қалыптасып, белгілі бір компоненттерді өндіруге, сервистік қызмет көрсетуге, логистикаға және инженерлік жұмыстарға мамандануы мүмкін.
Осының өзі шағын және орта бизнеске үлкен нарық ашады. Бір автомобиль зауытының айналасында қосалқы бөлшектер өндірушілерінен бастап логистикалық, инженерлік, IT және сервистік компанияларға дейін тұтас жеткізу тізбегі қалыптасады. Сондықтан автомобиль өндірісін локализациялау – бір саланың ғана емес, металлургия, химия, машина жасау, электроника, логистика және қызмет көрсету секторларының дамуына әсер ететін мультипликатор.
Hyundai мен Kia сияқты әлемдік брендтердің қатысуы бұл процестің тағы бір маңызды артықшылығын береді. Қазақстан тек өндіріс қуатын емес, халықаралық компаниялардың технологиялық және басқарушылық стандарттарын қабылдай алады. Мұнда технология трансфері, сапаны бақылау, өндірісті ұйымдастыру, инженерлік құзыреттер мен кадрларды даярлау мәселелері маңызды. Яғни локализацияның түпкі мақсаты – тек «қазақстандық бөлшектің үлесін» арттыру емес, қазақстандық өндірістің технологиялық деңгейін көтеру.
Экспорттық әлеуетті арттыру да осы процестің логикалық жалғасы. Қазақстанның ішкі нарығы шектеулі болғандықтан, автомобиль өндірісінің ұзақмерзімді тиімділігі тек ішкі сұранысқа сүйенбеуі керек. Егер Қазақстанда шығарылатын автомобильдер мен олардың компоненттері Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО және басқа да нарықтарға экспортталса, өндіріс көлемі ұлғайып, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі артады.
Бұл жерде Қазақстанның географиялық орналасуы үлкен артықшылық береді. Біз Қытай мен Еуропа арасындағы, сондай-ақ Орталық Азия нарықтарының ортасындағы ел ретінде автокомпоненттер мен дайын автомобильдерді өңірлік нарықтарға шығаруға мүмкіндікке иеміз. Сондықтан өндірісті экспортқа бағдарлау Қазақстанның автоөнеркәсібін жай ғана ішкі нарықты қамтамасыз ететін саладан аймақтық өндірістік хабқа айналдыруға мүмкіндік береді.
Бірақ мұнда бір маңызды шарт бар: локализация сандық көрсеткіш үшін ғана жүргізілмеуі керек. Қазақстандық компоненттер халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келіп, бағасы бойынша да бәсекеге қабілетті болуы қажет. Әйтпесе өндірістегі жергілікті үлес артқанымен, автомобильдің өзіндік құны өсіп, экспорттық әлеует төмендеуі мүмкін.
Сондықтан мен толық циклді қалыптастыруды Қазақстанның автоөнеркәсібіндегі ең маңызды стратегиялық міндеттердің бірі деп санаймын. Оның нәтижесінде біз дайын автомобиль құрастыратын елден автомобиль өндірісінің технологиялық тізбегіне қатысатын елге айнала аламыз.
Сондықтан Мемлекет басшысының өндірістің толық циклін қалыптастыруға басымдық беруін мен Қазақстанның индустриялық саясатындағы «құрастырудан – өндіруге, импорттаудан – қосылған құн жасауға, ішкі нарықтан – экспортқа» көшу бағыты деп бағалар едім. Егер осы саясат жүйелі түрде іске асса, автомобиль өнеркәсібі Қазақстан экономикасының жаңа технологияларды, инвестицияны, адами капиталды және шағын бизнесті бір нүктеге тоғыстыратын маңызды индустриялық драйверлерінің біріне айнала алады.
— Бұл келісімдердің Қазақстан экономикасына беретін ең басты нәтижесі қандай болады деп ойлайсыз?
— Осы жерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық дипломатиядағы прагматикалық ұстанымын атап өткім келеді. Ол корей бизнесімен кездесулер барысында инвестиция көлеміне ғана емес, оның Қазақстан экономикасына әкелетін технологиялық және өндірістік әсеріне басымдық беріп отыр. Меніңше, бұл тәсіл инвестиция тартуды экономиканың құрылымын жаңғыртудың нақты құралына айналдыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі жобалар автомобиль өндірісі, автобөлшектер, логистика, тамақ өнеркәсібі, қонақүй бизнесі, қалалық инфрақұрылым және жаңа технологиялар секілді әртүрлі бағыттарды қамтиды. Бұл Қазақстанға капитал тартумен қатар, өзара байланысты өндірістер мен қызметтер экожүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұнда негізгі мақсат – қосылған құнның барынша көп бөлігін Қазақстанда қалыптастыру. Яғни инвестицияның нәтижесі жергілікті кәсіпорындардың дамуына, қазақстандық жеткізушілердің қатарын кеңейтуге, жаңа жұмыс орындары мен инженерлік-технологиялық құзыреттердің қалыптасуына ықпал етуі керек.
Корей компанияларымен ынтымақтастықтың маңызды ерекшелігі – олардың технологиялық және өндірістік тәжірибесі. Қазақстан мұндай серіктестік арқылы жаңа технологиялармен қатар өндірісті ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін, сапа стандарттарын, корпоративтік басқару тәжірибесін және адами капиталды дамыту мүмкіндігін алады. Әсіресе терең локализацияға басымдық берілсе, бір жобаның әсері бірнеше салаға тарайды. Мысалы, автомобиль өндірісі металл өңдеу, химия, электроника, машина жасау, логистика және IT салаларына жаңа сұраныс қалыптастыра алады.
Бұл жерде мультипликативтік әсер маңызды. Инвестициялық жобаның экономикалық нәтижесі оның тікелей өндірісімен шектелмей, жергілікті бизнестің кірісін, жұмыспен қамтуды, экспортты және бюджет түсімдерін арттыруға ықпал етуі тиіс. Ал экспортқа бағытталған өндірістер Қазақстанның Орталық Азия және басқа да өңірлік нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейтеді. Осылайша еліміз инвестиция қабылдайтын мемлекет қана емес, аймақтық өндірістік және логистикалық хаб ретінде өз позициясын нығайта алады.
Сонымен қатар әлемдік деңгейдегі кореялық компаниялардың Қазақстанда ұзақмерзімді жобаларға қызығушылық танытуы елдің инвестициялық тартымдылығын күшейтеді. Ірі компаниялардың табысты жобалары басқа инвесторлар үшін де маңызды сигнал болып, Қазақстан нарығына деген сенімді арттыра алады.
Ең бастысы – бүгінгі уағдаластықтарды нақты өндірістерге, экспорттық өнімдерге, жергілікті жеткізу тізбектеріне және жаңа жұмыс орындарына айналдыру.
Меніңше, Президенттің кореялық бизнеспен жүргізіп отырған экономикалық дипломатиясының стратегиялық мәні де осында. Мақсат – инвестиция тартумен шектелу емес, сол инвестиция арқылы Қазақстанда жаңа өндірістер мен құзыреттер қалыптастырып, экономиканың сапалық трансформациясына жол ашу.