Қоғам

Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімін қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады.

Jasalash.kz

Облыс әкімі М.Сұлтанғазиев президентке аймақтың стратегиялық даму жобасы жөнінде баяндап, алдағы жоспарлары туралы айтты.

М.Елеусізұлы қабылдауда Мемлекет басшысына Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында ілгерілеу бар екенін жеткізіп, өңірдің стратегиялық даму жөніндегі жоба-жоспарларын айтты.

Мәселен, Алматы облысындағы әлеуметтік-экономикалық даму негізгі 5 бағыттан тұрады, дайындалған құжат 2 кезеңді қамтиды. Жоспар бойынша аймақтың даму жобасы 2025 жылға дейін және 2030 жылға дейін жүзеге асырылатын болады. Кез келген мемлекет пен аймақтың дамуы инвестицияға тәуелді болатыны анық. Мәселен, Алматы облысында таяу уақытта инвестиция өсімін 455 млрд теңгеден 686,5 млрд теңгеге дейін көбейту жоспары жасалған. Жоспарды іске асыру мақсатында құны 618 млрд теңге болатын 7 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. 7 мың жұмыс орнын ашу үшін 132 жобаның инвестпортфелі дайындалған.

Марат Сұлтанғазиевтың айтуынша, Алматы маңындағы елді мекендердің шоғырлануына байланысты және аймақаралық жоспарға сәйкес, Алматы облысындағы нысандар инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін болады.

Сонымен бірге, аймақтағы ең түйінді түйткілдің бірі – үш ауысымды мектептер мәселесі. Президент қабылдауында осы түйткілдің қалай шешілетіні де ортаға салынды. Айталық, 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» жобасымен алдағы уақытта 51 мектеп салу жоспары қарастырылып отыр. Бұл мәселенің өзектілігі соншалық, Алматы облысында үш ауысымды мектептер өте көп.

Болашақта облыстан жетекші жоғары оқу орындары мен колледждердің филиалдары және дарынды балаларға арналған мектеп лицейлері, «G 4 City» аумағында медициналық хабы мен ғылыми-білім беру аймағы бар «Gate District» ашылатын болады. «Білімді ұлт» ұлттық жобасының аясында 11 колледждің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, ұрпақ болашағы үшін ізгі жұмыстар қарастырылып отыр.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа ұсынылған мәліметтерге сәйкес, Алматы облысында алдағы уақытта 38 медицина нысаны салынатын болады. Ал облыс орталығы Қонаев қаласында 500 орындық көпсалалы аурухана құрылысы жобаланып қойды.

Жоспар көп, жоба нақты. Мысалы, Алматы облысы экономикасын дамытудың негізін қайта өңдеу секторы, көлік, логистика және туризм, агроөнеркәсіптік кешен құрмақ. М.Сұлтанғазиевтың айтуынша, қазірдің өзінде Алматы облысында 2626 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін құны 290 млрд теңге болатын 23 жоба іске асырылып жатыр. Агроөнеркәсіп кешені саласында 3330 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін құны 210 млрд теңге болатын 78 жоба жүзеге асырылып келеді. Аграрлық-өнеркәсіптік кешен жобалары облыстың барлық аудандарында қолға алынған. Ал туризм саласы бойынша да жетістіктер баршылық. Мысалы, Алматы облысындағы ұлттық саябақтар мен парктерге келетін туристердің саны артқан.

Кездесу соңына қарай Қ.Тоқаев Алматы облысы дамуының стратегиялық жоспарын тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып жүзеге асыруды өңір басшысына арнайы тапсырды.

Кемел Жан
Тегтер: Без Тега