Мемлекет басшысының Жолдауы: инфрақұрылымды жаңғырту – Қазақстанның болашақ дамуының негізі
Мемлекет басшысының Жолдауы: инфрақұрылымды жаңғырту – Қазақстанның болашақ дамуының негізі
Мемлекет басшысының Жолдауында инфрақұрылымды дамыту, экономиканы жаңғырту және елдің өндірістік әлеуетін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылған. Бұл бағыттар Қазақстанның тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсімінің іргетасына айналып, келер ұрпақ үшін берік негіз қалыптастыруы тиіс.
Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ) басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиев Президент Жолдауының негізгі бағыттарына қатысты пікір білдіріп, атап өтті.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібі мен геологиялық барлау салаларын дамыту жөніндегі бұған дейін берген тапсырмаларын жүйелі түрде жүзеге асыру маңызды басымдықтардың бірі болып қала береді. Сонымен қатар басталған жұмыстарды жалғастырып қана қоймай, аталған салаларды дамытудың жаңа тәсілдерін, қосымша шаралары мен перспективалық бағыттарын айқындау қажет.
«Бүгінде экономикамыз қарқынды дамып келеді. Сондықтан бұл салаларда батыл әрі нақты шешімдер қабылдаудың маңызы зор. Өңдеу өнеркәсібі мен геологиялық барлау салаларын дамыту бағытындағы жұмысты күшейтіп, жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру және еліміздің өндірістік әлеуетін арттыру қажет», – деді Азамат Байғалиев.
Сарапшы инфрақұрылымды дамыту Жолдаудың негізгі әрі кешенді тақырыптарының бірі екенін де атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстан мемлекет дамуының маңызды тарихи кезеңінде тұр. Бұл ретте инфрақұрылымды жаңғырту елдің одан әрі өркендеуінің қажетті шартына айналып отыр.
Әңгіме қазіргі экономикалық және технологиялық сын-қатерлерге жауап беріп қана қоймай, еліміздің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ететін сенімді инфрақұрылымдық негіз қалыптастыру туралы болып отыр.
Азамат Байғалиев атап өткендей, технологиялық прогресс қарқынына қарамастан, дамыған әрі сенімді инфрақұрылым қоғамның тұрақты дамуының басты шарттарының бірі болып қала береді.
Осылайша, Жолдауда айқындалған басымдықтар елді кешенді жаңғыртуға, экономикалық әлеуетті нығайтуға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.