Мемлекеттік бағдарламамен неге сапасыз үйлер салынады?
Ақтөбеде мемлекеттік бағдарламамен салынған үйдің төбесі тесіліп, су сорғалап тұр.
Нұр Ақтөбе ауданындағы 9-қабатты 16, 12 үйлер 4 жыл бұрын ғана салынып, пайдалануға берілген. Соған қарамастан, тоз-тозы шықты. Ылғалдан пәтердегі қабырғаның сылағы түсіп қалыпты. Сырты бүтін, іші бүлініп жатқан баспаналарының жыртығын жамауға онсыз да пәтерінің несиесін төлеп отырған жұрт шарасыз. Жаңбыр жауса бітті, көрген күніміз -қараң дейді халық. -Үш жыл бұрын алғанбыз пәтерді. Екі бөлмелі үйімізге ай сайын 40 мың төлейміз. Міне, 3 күн болды, күні-түні төбемізден су тамшылап тұр. Айлап-жылдап ақша жинап, әрең алған баспанамыздың қызығын көре алмай отырмыз,- дейдіЖаннұр ӘНИЕВА. Жаннұрдың отбасы баспанасын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы он жылға несиеге алған. 54 шаршы метрлік пәтері үшін ай сайын 40 мың теңгеден төлейді. Төбесінен су тамшылап берекесі қашып отырған жалғыз Жаннұрдың отбасы емес. Ақтөбенің «Нұр Ақтөбе» ауданындағы 12-ші үйде де осы жағдай. — Үш жыл сайын қатарынан бізде қар, жаңбыр жауса төбеден су ағады. Қабырғаның сыры кетіп, цементі түсіп жатыр,- дейді тағы бір тұрғын Ардақ ПОЛАТОВА.Тұрғындар мәселелерін айтып мердігерге де, басқарушы компанияға да барған. Алайда, ешкім көмектесуге асығар емес. Үйді тұрғызған компаниялардың кепілдік мерзімі екі жыл бұрын біткен. Сондықтан, оларға сұрау салу қисынсыз. Шағымданушыларды шенділер басқарушы компанияларға сілтепті. Алайда, олар да шатырдың жыртығын бірлесіп жамаудан басқа амал жоқ деп отыр.-Өткен жылы төбенің тесілген жерлерін жамап-жасқадық. Бір жерін бітеп жатсаң, келесі жері бүлініп, рубероид жарылып жатады. Ол енді бір қабат ғып, жұқалап төселген ғой, сапасыздау. Күн жылынса, күрделі жөндеу жүргіземіз деп отырмыз. Оған бірақ, тұрғындар да атсалысулары керек, ақша жинаулары тиіс,- дейді басқарушы компания өкілі Павел ГЕРЖИН.
Зада Зейін, Ақтөбе облысы
Фото автордікі