Мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді менсінбей ме?
Шындығын айту керек, Нұрсұлтан Назарбаев президент болған жылдары елімізді өркендетуге, халықтың әлеуметтік жағдайын нығайтуға бағытталған көптеген түйткілді ірі жобалар мен бағдарламалар қолға алынды.
Алайда жүзеге асқан біреуі жоқ. Бәрі құмға сіңген судай құрдымға кетті. Үдемелі-индустриалдық жобалар ретінде ашылған ондаған зауыт пен кәсіпорынның ғұмыры ұзаққа барған жоқ. Айталық, «Тұлпар» көлік зауыты, құрылысына 120 миллион доллардан астам қаржы жұмсалған Балқаш мырыш зауыты, жалпы құны 19,3 миллион долларға тең «Ютекс» мақта өңдеу кешені, Ресейге 65 миллион доллар төлеп, жасатқан «ҚазСат» спутнигі, «ТМД көлемінде теңдесі жоқ» деп сипатталған, құны 88,6 миллион доллар тұратын «Биохим» зауыты, 210 миллион доллар қаржы жұмсалған Тасқала цемент зауыты, SiliciumKazakhstan кремний зауыты, «Азия Керамик» керамогранит зауыты т.б. жанбай жатып өшкен жобаларды жіпке тізгендей айта берсек, бұл тізімнің соңына жете алмаймыз.
Ал «Ауыл жылы» деп аталған бағдарлама бойынша ауылды өркендетудің үш жылдығында мемлекет жыл сайын 60 млрд теңге қаржы бөліп отырды. Алайда гүлдей жайнап, құлпырып кеткен ауыл көрген жоқпыз. Қайта қазақтың тербетілген ақ бесігі саналған қаншама ауылдың тоз-тозы шығып, тек жұрты ғана қалды. Назарбаевтың Ресей, Беларусь т.б. мемлекет басшыларымен кездесуінде «Жиырма бес жылда бір шұлық шығаратын фабрика салмаппыз», – деп қатты налығаны осының айғағы. Елбасы бас болып, өзі қатысқан жобалардың алға баспауы үкіметтен бастап, облыс, аудан, жергілікті басшылардың немкеттілігі, біліксіздігі, жемқорлығы дер едім. Бір қызығы, билік тұтқасын ұстап отырғандардың барлығы дерлік «Nur Otan» партиясының мүшелері емес пе?! Облыс, аудан, қала әкімдері барлығы дерлік сол аймақтағы «нұротандықтардың» жетекшілері.
Енді ұлтымыздың қайнары – қазақ тілі, яғни Конституцияда жазылған мемлекеттік тіл жағдайына ойысайық. Обалы нешік, тіл мәселесіне келгенде Нұрсұлтан Назарбаев сипап та, еркелетіп те, батырып та, тістеп те, шымшып та айтты. Бірақ нәтижесі жоқ құр бос сөзге айналды. Тіліміздің жағдайы әлі күнге дейін қатып қалған нүктеден бір қадам да алға жылжыған жоқ.
Мәселен, «2020 жылы қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілде сөйлейтін болады», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі», «Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады. Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бейжай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз». «Қазақ тілі Мәңгілік елдің мәңгілік тіліне айналады». «Жүз қазақ отырып, бір орыс отырса орысша сөйлейміз, біз сондай сорлы халықпыз», – деді.
Бұл аздай, БҰҰ мінберінен дүйім жұртты аудармашы тапқанша үйіріп қойып, орысша сөйлемей, қазақша – ана тілімде айтамын деп, бақандап тұрып алып үлгі көрсетті. Сонда да «нұротандықтар» мемлекеттік тілде міз бақпастан, сол мелшиген күйі келеді. Бірде-бір «нұротандық» әкім елбасының мемлекеттік тіл туралы айтқанын жүзеге асыруға талпынбады. Есесіне мемлекеттік тілден, ана тілінен мақұрым, мәңгүрт қазақтар таққа отырып, еліміздің, халқымыздың беделін әлем алдында қара бет етіп, күлкіге қалдырып, мазақ етумен келеді. Мемлекеттік тілде бір ауыз білмейтіндер министр, министрдің орынбасары, парламент депутаты болып тайраңдап жүр.
Нұрсұлтан Назарбаев президент тағынан кетіп, жолын Қ.Тоқаевқа берген болатын. Тағы да обалы нешік, Қ.Тоқаев та «Тіл мәселесіне бейжай қарап, немқұрайдылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін», «Мемлекеттік тіл ұлтаралық байланыс тіліне айналады», «Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болу керек» деді. Өкінішке қарай, сол меңіреу тыныштық. Президенттің аузынан шыққан сөзді іліп әкетіп, жұмыс жүргізген «нұротандық» үкімет басшысы, сенат, мәжіліс төрағалары, депутаттар, министрлер, ұлттық компания басшыларын көрген жоқпыз. Олар үшін елбасының да, президенттің де сөзі ауаға айтылған бос былшыл секілді ме дейсің.
Қазір кез келген «Nur Otan» кеңсесіне бас сұғып көріңізші, бәрі Ресейдің мемлекеттік тілінде сайрайды. Мен праймериз додасына қатысушының бірімін. Сол орайда, барлық үміткерлерге ақпарат беріп отыру үшін ватсап желісі ашылды. Бірақ осы желіге түсіп жатқан ақпараттың барлығы тағы да Ресей мемлекетінің мемлекеттік тілінде. Мемлекеттік тілді талап етіп, бірдеме деп көрші, сенен асқан дұшпан болмайды. Бір өкініштісі, бәрі қазақтар. Ал осыдан кейін «Nur Otan» партиясының мүшелері елбасы мен президент саясатына қарсы жұмыс жүргізіп отырғандар деп айтпасқа негіз жоқ.
Бүгінде қазақ тілі сөйлейтін адамдарының саны жағынан әлемдік тілдер арасында 70-ші, тіл байлығынан үшінші орында тұр. Тіл түзелмей, мемлекеттің де, ұлттың да болашағы күңгірттене береді. Сондықтан да еліміздің қоғамдық-рухани өмірінде ұлттық тіл саясатын барынша батыл қолға алып, қарқынды жүргізетін уақыт жетті.
Ататүріктің «Қай кезде де ұлттық мұрат пен ұлттық мүддеге басымдық беруіміз керек. Халықаралық саясат, еларалық жағдай – мұның бәрі ұлттық мұрат пен ұлттық мүддеден төмен тұруы керек» дегенін қаперден шығармайық. Меніңше, «Nur Otan» партиясын түбегейлі қайта құру керек. Бағытын, мақсатын ұлттық мүддеге сай өзгерту қажет. Әйтпесе неше жерден праймериз өткіз, ұлттық тілімізді көтермей, бәрі құр шапқылас, көзбояушылық дер едім.