Қоғам

Мемлекеттік күзет қызметі антитеррористік операция кезінде ескертусіз қару қолдана алады – Тоқаев тиісті заңға қол қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты өзгерістер енгізетін заңға қол қойды.

Фото: ken-zhyloi.kz

Заңға сәйкес, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілері терроризмге қарсы операция жүргізіліп жатқан аймақта террористерге қарсы алдын ала ескертусіз күш, арнайы құралдар, қару және техниканы қолдана алады. Ал өзге жағдайларда қару қолдану қорғалатын тұлғалар мен стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі соңғы шара ретінде қарастырылады. 

Сондай-ақ құжат МКҚ-ға күзетілетін нысандар мен арнайы іс-шаралар өтетін аумақтардағы әуе кеңістігін бақылау құқығын береді. Енді қызмет өкілдері рұқсатсыз ұшқан ұшқышсыз аппараттарды анықтап, олардың ұшуын тоқтатуға, мәжбүрлі түрде қондыруға немесе техникалық құралдар арқылы залалсыздандыруға құқылы. Түзетулер көлік құралдарын тексеру тәртібіне де әсер етті. Енді жеке тексеру мен заттарды қарау талаптары көліктермен қатар электрлі самокат секілді жеке мобильділік құралдарына да қолданылады.

Бұдан бөлек, заңда қызметтік жануарларды пайдалану мүмкіндігі кеңейтілді. Мемлекеттік күзет қызметі енді қызметтік иттермен қатар жылқыларды да күзет, патрульдеу және құқық бұзушыларды оқшаулау мақсатында пайдалана алады.

Құжатқа сәйкес, МКҚ басшысы күзетілетін нысандарға алып кіруге тыйым салынған заттар мен заттардың тізбесін бекіту құқығына ие болады. Заңда бұйрықтарды орындау тәртібі де нақтыланған. Қызметкерлерге заңға қайшы бұйрықтарды орындауға тыйым салынады.

Егер берілген тапсырма Қазақстан заңнамасына қайшы келсе, қызметкер заң талаптарын басшылыққа алуға міндетті. Сонымен қатар заңсыз бұйрықты орындау жауапкершіліктен босатпайтыны көрсетілген.

Жаңа заң алғашқы ресми жарияланған күннен бастап 60 күн өткен соң күшіне енеді. Осылайша, жаңа нормалар 2026 жылдың тамыз айынан бастап қолданыла бастайды.

Сайт Әкімшілігі