Кейіпкер

Меңдеш САЛИХОВ, мұнай-газ саласының ардагері: Мұнайға малынып отырсақ та, Ұлттық қорда түсім аз, бюджет тапшы

Қазір үкімет Қазақстанның энергетика тарихындағы жаңа дәуірі келе жатқанын жиі айтып жүр. Бұған бір себеп – елімізде төртінші ірі мұнай өңдеу зауытының құрылысына дайындықтың басталғаны болса керек. Мұны Энергетика министрлігі ресми мәлімдеді. Ведомствоның мәліметіне сенсек, бұл – жай ғана зауыт емес, еліміздің экономикалық тәуелсіздігін нығайтатын стратегиялық алып жоба-мыс.

Фото: ашық дереккөз

Ал енді қыруар қаражат салынып жүзеге асырылатын мұндай жобаның еліміз үшін қандай тиімділігі бар? Қарапайым халық мұнайдың қызығын қашан көреді? Мұнай-газ химиясын жетілдірудің маңыздылығы неде? Мұнайды ең соңғы дайын өнімге дейін өндіруді қашан меңгереміз? Біз осы және басқа да сұрақтар төңірегінде мұнай-газ саласының кәсіби маманы Меңдеш Салиховпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

«Үкіметтің саясатына көңілім толмайды»

– Меңдеш Халелұлы, сізді мұнай өнеркәсібінің қайраткері ретінде жақсы білеміз. Кезінде елдегі ең ірі бес мұнай кәсіпорнының бірі –«Маңғыстаумұнай» компаниясының президенті болдыңыз, оған дейін де, кейін де қаншама өндірістің тұтқасын ұстадыңыз. Бұл саланың қыр-сырын өте жақсы білесіз. Қазіргі мұнай-газ саласының жұмысына көңіліңіз тола ма?

– Рас, мен 1970 жылы Мәскеу мұнай институтын бітіргеннен бастап, осы саланың қазанында қайнадым. «Құлсарымұнай», «Өзенмұнай», «Маңғыстаумұнай» кәсіпорындарында қызмет етіп, қатардағы инженерліктен бастап, президенттікке дейін көтерілдім. 1994 жылы АҚШ-тың Массачусетс университетінде оқыдым. АҚШ-та мұнай компаниясында жұмыс істедім. Ойлап қарасам, осы уақыт ішінде тек қана ізденумен, білім алумен, сауатты кәсіби маман болуға барынша тырысыппын. Қазір осы саланың ұңғыл-шұңғылын нақ мен тәрізді білетін адам қалмады. Өкінішке қарай, үкіметтің мұнай-газ саласына қатысты қазіргі ұстанып отырған саясатына көңілім толмайды. Негізінде, үкімет біз тәрізді кәсіби мамандардың «миын» пайдаланып қалуы керек қой. Алайда мұны үкімет басындағы шенеуніктер ескере бермейді. Оларға біздің ақылымыздың, ұсынысымыздың құны көк тиын. Ойымызды ескеріп жатқан адам жоқ. Істеген істеріне қарап қарның ашады. Ақырында «қайнайды қаның, ашиды жаның» деп, бармағымызды тістеп отырамыз да қоямыз.

– Сонда үкіметтің нақты қандай істеріне қарныңыз ашады?

– Біз қазір «Қазақстан – мұнайға бай мемлекет» деген жалаң сөздің жетегінде кетіп қалдық. Мәселен, Қазақстанның нақтыланған мұнай қоры шамамен 30 млрд баррель делік. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз әлемде 12-орында тұр. Қазақстан заңнамасына сәйкес, елдегі барлық жер қойнауы мен мұнай кен орындары мемлекеттің меншігіне жатады. Алайда оларды игеру, өндіру және пайда табу құқығы арнайы келісімшарттар және «Өнімді бөлісу туралы» келісім негізінде ұлттық компанияларға, трансұлттық шетелдік корпорацияларға және жеке инвесторларға берілген. Қазіргі уақытта Қазақстандағы мұнай өндірісінің шамамен 26-30 пайызы ғана отандық «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі болса, қалған 70-74 пайызы шетелдік компаниялардың және жеке консорциумдардың еншісінде.

Ел экономикасының өзегі саналатын ең ірі үш алып кен орнына шетелдіктер иелік етеді. Мысалы, ең көп мұнай өндірілетін «Теңіз» кен орнын алсақ, оның операторы – «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны. Мұндағы акциялар үлесі былай бөлінген: Chevron (АҚШ) – 50 пайыз, ExxonMobil (АҚШ) – 25 пайыз, «ҚазМұнайГаз» (Қазақстан) – 20 пайыз және «Лукойл» (Ресей) – 5 пайыз.

Келесі кезекте – Каспий қайраңындағы ең ірі жобалардың бірі, операторы NCOC консорциумы саналатын «Қашаған» кен орны. Мұнда да халықаралық алыптардың үлесі басым. Қашағандағы компаниялардың үлесі келесідей: «ҚазМұнайГаз» (Қазақстан) – 16,88 пайыз, Eni (Италия) – 16,81 пайыз, TotalEnergies (Франция) – 16,81 пайыз, Shell (Ұлыбритания) – 16,81 пайыз, ExxonMobil (АҚШ) – 16,81 пайыз, CNPC (Қытай) – 8,33 пайыз және Inpex (Жапония) – 7,56 пайыз.

Сол тәрізді елдегі ең ірі газ-конденсатты нысан – «Қарашығанақ» кен орны. Мұндағы шетелдік және отандық компаниялардың үлесі: Shell (Ұлыбритания) – 29,25 пайыз, Eni (Италия) – 29,25 пайыз, Chevron (АҚШ) – 18 пайыз, «Лукойл» (Ресей) – 13,5 пайыз және «ҚазМұнайГаз» (Қазақстан) – 10 пайыз.

Көрдіңіз бе, елдегі негізгі кен орындарында шетелдік компаниялардың үлесі басым. Менің әуелі осыған ішім ашиды, қаным қайнайды. Кеніштерде шетелдіктердің үстемдік етуі – пайданың басым бөлігі солардың қалтасына кетіп жатыр деген сөз. Егер Үкіметтің қолынан болашақта осы мәселені шешу келсе, онда әңгіме басқаша болар еді. Мұнайымыздың жартысын Қытай, тағы бір бөлігін Италия мен АҚШ, қалғанын өзге шетелдіктер басқарып отырғанда, қарапайым халық оның игілігін көре алмайды. Пайданың негізгі үлесі сол шетелдіктердің еншісінде кетіп, Қазақстан тарапы бюджетке түсетін аз-кем салықты қанағат тұтып отыр. Қазір біздегі мұнай кен орындары халықты жұмыспен қамтып отырған әлеуметтік нысан демесек, таза пайданың қызығын сыртқы күштер көруде. Өкініштісі, осы уақытқа дейін тек мұнай қорының молдығымен мақтанып, масаттанып келдік. Бірақ осынша байлығымыз бола тұра, отандық өндірісіміз дүрілдеп дамымады, экономикамызды алдыңғы қатарлы елдердің деңгейіне жеткізе алмадық. Міне, менің осындай олқылықтарға қарным ашады. Үкіметтің әу бастағы ең үлкен қателігі – стратегиялық кеніштерді шетелдіктердің толық бақылауына беріп қойғаны. Кезінде осыған байланысты қатты қарсылық білдіріп, пікір айтқандардың бірі мен едім. Соның кесірінен қызметімнен кеткен кездерім де болды. «Мұнай өнеркәсібін шетелдіктерге сатуға болмайды» деп, тоқсаныншы жылдары үкіметті басқарған шенеуніктермен де талай тартыстым. Амал нешік, сөзімізді өткізе алмадық. Келісімшарттарды жасасу кезінде өрескел қателіктер жіберілді, ең өкініштісі – әлі күнге дейін соны өзгерте алмай келеміз.

«Шетелдік инвесторларды еркелете бермеуіміз керек»

Сіз сияқты мамандар «өнім өндіруде табыстың басым бөлігі шетелдіктерде қалады» дегенді жиі айтады. Бұл ретте «Өнімді бөлісу келісімін» сынайтындар да бар. Дамыған елдерде өнімді бөлісетін мұндай келісімдер жасалмайды екен. Қалай ойлайсыз, болашақта осы келісімдерді өзгертуге үкіметтің қауқары жете ме?

Бізде мұнай кеніштерін игеруде «Өнімді бөлісу туралы келісімшарт» экс-президент Назарбаевтың тұсында жасалды. Негізінде, өзің айтқандай, дамыған елдерде «Өнімді бөлісу туралы келісімшарт»жасалмайды. Мен АҚШ-та оқып, жұмыс істеп келдім ғой. Сонда көзімнің жеткені – АҚШ мұндай келісімдер жасауға жол бермейді. Мұндай келісімдерде «80/20» пайыздық формуласы қолданылады. Келісімге сәйкес, мұнайдан түскен ақшаның 80 пайызын бірден инвестор өтемақы ретінде алады. Бұл келісім қай кезде де инвесторлардың мүддесін қорғайды. Осы келісімге сүйеніп, кен орнын игеруші акционерлер бюджетті өздері бекітіп, күтпеген мәселелер үшін мемлекеттен ақша да алады.

Ал енді қараңыз, Қашағанды өндірушілермен де осы келісім жасалған. Қашаған жобасы жүзеге асарда оны «супергигант» жоба деп мақтауын асырғандар көп болды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Назарбаев Қашағанды іске қосып, сол кезде оны «Ғасыр жобасы» деп дәріптегендер де табылды. Оны өздеріңіз естіп, жазған да шығарсыздар...

Ал қазір Қашағанды «супертабысты» әрі «супергигант» өндіріс орны деп дәріптейтіндердің қатары неге азайды?

– Себебі оны игеруде тапқан табыс тағы сол шетелдіктердің қалтасына кетті. Негізінде, Қашаған – ең күрделі кен орны. Онда өте үлкен шикізат жатқаны анықталды. Бірақ оған қол жеткізу үшін де күрделі өндіріс жұмыстары жүргізілуі қажет. «Қашаған» жобасында қазақстандық «ҚазМұнайГаз», италиялық Agip, америкалық ExxonMobil, ағылшын-голландиялық Shell, франциялық Total, қытайлық China National Petroleum Corporations, жапониялық U.S. Inpex North Caspian Sea компанияларының үлестері бар. Бұл жобаға үлкен қаражат салынды. Қашағанды 2042 жылға дейін толық игеру жоспарланған. Бірақ бұған қатысты кедергілер бар. Мысалы, қыста Каспийдің мұз құрсауында қалуы логистикалық операциялардың жұмысына кері әсерін тигізеді. Бұған қоса, қазір Қашағанды игеріп жатқандар біздің тәртіпке бағынбайды. Осыған қатысты бірнеше сот болды. Біздегі заңның солқылдақтығы мен жемқорлықтың үдеп тұрғаны да бұл жобаның пайдасын кемітті. Егер Қазақстан шетелдіктердің «еркелігін» көтере берсе, үкімет Қашағаннан 2042 жылы лицензия мерзімі аяқталғанша мүлде табыс көрмейді. Былтырдан бері Қазақстан тарапы «Қашаған» мен «Қарашығанақ» игеруші компанияларды халықаралық сотқа берді. Жалпы, халықаралық инвесторлар қоршаған ортаға, салыққа байланысты, мемлекеттік сатып алуларға қатысты біздің заңдар мен ережелерді де сақтауы тиіс. Әрине, осыған байланысты заңбұзушылықтар болса, Қазақстанның өз мүддесін қорғағаны өте орынды. Еркеліктің де шегі болады. Мұндайда сотқа жүгінуге, ережелерді сақтауға үндеуге үкіметтің шамасы келер. Бірақ мұнай кенішін игеру мерзімі біткенше «Өнімді бөлісу туралы келісімшартты» үкіметтің өзгерте алуы екіталай.

Өзіңіз де білесіз, Қазақстан соңғы жылдары ОПЕК+ ұйым квотасын орындамай, мұнай өндіруді қайта-қайта арттырып, ұйымнан бірнеше ескерту алды. Биыл да жыл басынан бері ОПЕК+ Қазақстанды мұнай өндірісін қысқартуға, артық өндірісті шектеу қажет екенін ескертті. ОПЕК+ талабын орындамау Қазақстанның репутациясы үшін тиімді ме? Бірақ біз мұнай өндірісінің көлемін төмендете де алмаймыз. Мұндайда «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» ебін табу үшін не істеу керек?

Иә,ОПЕК+ талабын орындамау – Қазақстанның репутациясы үшін жақсы емес. Бірақ біз расымен де мұнай өндірісінің көлемін төмендете алмаймыз. Себебі Қазақстанның кірісі тікелей сатылған мұнайға, одан түскен табысқа байланысты. Бұл арада тағы сол үлестің басым бөлігін шетелдіктерге беріп қоюдың кері әсерін көріп отырмыз. Энергетика министрлігі отандық кен орындарын игеріп отырған шетелдік инвесторларға мұнай өндірісін қысқартуға қатысты тек ұсыныс қана жасай алады, күштеп талап қоя алмайды. Өйткені инвесторлармен әу баста жасалған келісімдер бар. Сол келісімдерге байланысты олар мұнайды көп шығаруға құқылы. Демек, бұл жерде екі мәселе бар: ОПЕК+ ұйымына берген уәдеміз және мұнайымызды игеріп жатқан инвесторлармен келісе алмай отырғанымыз. Сондықтан жағдай күрделі. Мұндайда дипломатия мықты болуы қажет. Сауатты мәміле керек.

Жоғарыда айтқанымдай,осы уақытқа дейін біз шетелдік инвесторларға жайлы орта қалыптастырдық, олардың «еркелігін» көтердік. Мысалы, осы уақытқа шейін қаншама көл-көсір мұнай өндіріп, оны сыртқа саттық. Тек былтыр ғана І тоқсанда тәулігіне 2 млн баррельден асатын мұнай өндіріппіз. Өзіңіз айтып отырғандай, мұнай өндірудің шегінен асып кеткеніміз үшін ОПЕК+ елдерінің де шамына тидік. Алайда мұнай рекордтық деңгейде өндірілсе де, Ұлттық қорда түсім аз, бюджет тапшы. Мұнайдан түсетін түсімнің 80 пайызы шетелдік инвесторлардың қалтасына кетіп жатқанда біз көп мұнай өндіру арқылы экономикалық табысқа жете алмаймыз. Сондықтан расымен де бізге «өгізді өлтірмейтін, арбаны сындырмайтын» қадамдар қажет. Ең әуелі, кезек күттірмей, осы жағын ойластырған абзал.

– Мысалы, ол қандай қадамдар?

– Негізінде өндіріс болғаннан кейін оның барлығын ашық көрсету керек. Ашықтық болуы тиіс. Халық мемлекеттің мұнайдан қанша табыс тауып жатқанын білуі қажет. Түскен түсімнен мемлекет нақты қандай пайда тапты немесе таппады, осының барлығын қарапайым халық біліп отыруы тиіс.

Бұдан кейін бірінші кезекте үкімет «Теңіз», «Қарашығанақ» және «Қашаған» келісімдерін қайта қарауға қол жеткізуі қажет. Бұл – бір. Екіншіден, бізге болашақта мұнайдан өнім алуды үйрену маңызды. Мысалы, Норвегияда мұнай мен газды қосқанда 15 млрд көлемінде қор бар. Бізбен салыстырғанда мұнай қоры екі есе аз ел, бірақ олардың өнім алуы бізден 50 пайызға көп. Сондықтан біз үшін шикі мұнай өндіруді ай сайын арттыру емес, мұнай өнімдерінің көбеюі тиімді. Қазір Қазақстанда мұнай өніміне қатысты бірде-бір маңызды жоба жоқ. Елдегі үш үлкен кен орны 100 пайыз мұнайын сыртқа сатуға жібереді. Ал орта және шағын мұнай кәсіпорындары, шағын мұнай өңдеу зауыттары өнімдерін ішкі нарыққа сатады. Ішкі нарықтағы баға экспортқа қарағанда екі есе төмен. Бізге осы ішкі нарыққа мұнай өнімін сататындарға жағдай жасау керек. Жаңадан ұңғымалар қазылып, ішкі нарыққа мұнай өнімін сататын инфрақұрылымды жаңарту қажет Сол кезде ғана мұнайдан пайда көре бастауымыз мүмкін. Қазір әлемдік нарықта геосаяси жағдайға байланысты мұнай бағасы құбылып тұр. Қара алтынның бағасы бірде өссе, бірде күрт төмендейді. Мұндай құбылмалы нарықта біз үшін осындай әрекеттер жасаған тиімді.

Ойлап қарасақ, қазір әлем елдерінің басым бөлігінде мұнайдан кір жуғыш заттары, әртүрлі пластикалық заттар, кеңсе заттары, үй жиһаздарына дейін алынады. Мұнай химиясын жетік меңгерген елдер шикі мұнайды терең деңгейде ұқсатып отыр. Ал біз шикі мұнайды сыртқа сатқанымызға ғана мақтана аламыз. Бүкіл әлем қазірде мұнай шикізатынан алынатын өнім көрсеткішін 92-94 пайызға дейін жеткізуге талпынып жатыр. Біз, керісінше, өндіретін мұнайдың 90 пайызын шикі күйінше экспорттаймыз. Бұл – үлкен олқылық. Бүгінде біз мұнай шикізатының аз ғана бөлігін мотор отындары мен дизельді отын ретінде қолданамыз. Оның өзінде отандық тұтынушыларды бұл өнімдермен толықтай қамтамасыз ете алмаймыз.

«Мұнай мен газ босқа ысырап боп жатыр»

Мұның өзі біздің мұнай өңдеу саласының кенжелеп қалғанын айғақтап тұр емес пе?

– Иә, дәл солай. Негізінен дамушы және дамыған елдерде мұнай өңдеу зауыттарының қасында міндетті түрде мұнай химия өндірісі болады. Осы өндіріс орындары арқылы олар мұнайдан қосалқы өнім алады. Ал біздегі Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттары тек қана мотор отындарын шығарып отыр. Бірақ соның өзінде халықты сапалы жанар-жағармаймен, дизельді отынмен қамтамасыз ете алмайды. Бізде құбылмалы нарық кезінде мұнай химиясы әжептәуір сүйеу болар еді. Осының барлығын кезінде айттық, жаздық. Алайда ешкім ескермеді.

Егер Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 47 пайызы елде дайын өнімге дейін өндірілетін болса, мұндай жағдайда әлемдік нарықтағы мұнай бағасын аңдып отырмайтын да едік. Мұнайды тек қана шикізат ретінде алып сата берудің нәтижесін, міне, көріп отырмыз. Қазір әлем құбылмалы. Осыған орай алдағы уақытта біз елдегі мұнай өңдейтін зауыттардың шетелдік қожайындарына «зауыттың қасынан мұнай-химия өндірісін ашасың, осыған инвестиция құясың, оның пайдасын бірінші Қазақстан тарапы көреді» деп табандап отыра алсақ, қанеки?!

Біздің мұнайымыздың бір ерекшелігі – құрамында түрлі элементтер көп. Мысалы, Қаражамбастың мұнайында ванадий бар. Ванадий – металлургияда болатты шынықтыру үшін, аэроғарыш өнеркәсібінде және химия саласында аса қажетті сирек металл. Сондықтан ірі мұнай өңдеу зауыттарында ванадийді күлден арнайы әдістермен бөліп алу технологиялары қолданылады. Ал біздің мұнайда бұл бар. Бірақ соның өзін өңдей алмаймыз. Атырау және Маңғыстау облыстарындағы кейбір кен орындарының мұнайы ванадий мен никель сияқты металдарға өте бай. Бұл элементтерді мұнайдан алу – экологиялық мәселені шешумен қатар, стратегиялық маңызы бар ванадий металын өндірудің қосымша көзі. Біздің мұнайдан бұдан да басқа элементтерді кездестіруге болады. Алайда осыны ұқсата алмай отырмыз ғой. Егер мұнаймен ілесіп шығатын элементтерді кәдеге жаратып сата алғанымызда, мұртымызды балта шаппас еді.

– Мұнаймен ілесіп шығатын газды да қажетке жарата алмай отырмыз ғой...

– Дұрыс айтасыз, газымыздың басым көпшілігі мұнайға ілесіп шығады. Өкініштісі, осы ілеспе газды кәдеге жарату жағы да бізде өте төмен. Себебі ол газды ұқсату үшін алдымен күкірт қосылыстарын Клаус тәсілімен арылтып, элементті күкіртке айналдыру керек. Ал алынған элементті күкіртті сатылымға шығарғанмен қазір еш пайда жоқ. Әлемдік нарықта бүгінде элементті күкірттің бағасы тым төмен. Сондықтан тек қана пайда табуды көздейтін шетелдік алпауыттар бұл жерде қазақтың мұнайын ғана емес, газын да ысырап етіп отыр. Әрине, бұл мәселе қазір біртіндеп қолға алына бастады. Қазірде Құмкөл кенішінде ілеспе газды тазарту, оны өнім ретінде пайдалану жүзеге асып жатыр. Бірақ көп кеніштерде ілеспе газ ашық аспанда босқа жанып кетеді. Газдың бұлай ашық аспанда жануы экологиялық тұрғыда өте зиянды. Бұдан шығатын қорытынды – қазір қазақтың мұнайы ғана емес, газы да ысырап болып жатқанын көрсетеді.

Сонда енді не істеу керек? Сіз кәсіби маман ретінде қандай ұсыныстар айтар едіңіз?

– Айтылып отырған мәселерге қатысты салмақты шешімдер қабылдануы керек. Мұнай кеніштерін өндіруге қатысты бақылау пакетінің басым үлесі Қазақстанның еншісінде болуы қажет. Былайша айтқанда, «жіліктің майлы басы» біздікі болуы керек. Мұнайды ақырына дейін өңдеу әдісіне бүгінде Германия, Израиль тәрізді елдер қатты назар аударуда. Тіптен алысқа бармай-ақ, көрші Ресейді мысалға алайық, онда тек қана осы мұнай-химия өнеркәсібіне қатысты мамандар дайындайтын арнайы жоғары оқу орындары бар. Біз тек осы салаға қатысты бірді-екілі факультеттер ашумен ғана шектеліп отырмыз. Ол факультеттердің өзінде мұнай-химиясын тереңдетіп оқытпайды. Сондықтан мәселеге ғылыми тұрғыда мән беретін болсақ, біріншіден, маман біліктілігін арттыру керек. Ол үшін көрші елдердегі тәрізді арнайы мұнай-химия өнеркәсібін тереңдетіп оқытатын оқу орындары ашылуы шарт. Технологиялық базамыз қуатты болуы тиіс. Біліктілікпен қоса, отандық өндіріс қуаттылығы артуы қажет.

Екіншіден, қандай шешім қабылданса да, халықтың мүддесі ескерілуі маңызды. Егер әркімге бір жалтақтап, өзге жұрттың бабын табу үшін жүгірсек, онда күні ертең келер ұрпақтың алдында қарабет боларымыз хақ.

Үшіншіден, шағын мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялауды бастау керек. Бұл – мұнай химия өнеркәсібіне жан бітіретін үрдіс.Міне, алдағы уақытта қарапайым ғана осындай дүниелерді үйлестіре алсақ, игі еді.

Өкініштісі – біздің атқарушы билік маман біліктілігін арттырмай-ақ одан да зор жобаларды жүзеге асырғысы келеді. Бұл – қанаты жоқ құстың ұшам деп бекерге әуре болатыны тәрізді көрініс. Сондықтан қандай жоба бастасақ та, не істесек те, бірінші сауатты мамандар легі жасақталуы керек. Содан кейін ғана реформалар тиегі ағытылуы тиіс. Олай істемесек, бәрі – бос әурешілік. Әуелі осыны мықтап ұғыну қажет. Әрбір салада білікті, сауатты, мықты, табанды мамандар жасақталғанда ғана елдің де келешегі кемел болады.

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Сайт Әкімшілігі