Қоғам

Merci, шампунь, дезодорант: Оралда супермаркеттерден тауар ұрлаған күдікті ұсталды

44 жастағы тұрғын бірнеше супермаркетке "сауда жасауға" барған. Алайда оның дүкен аралаудағы мақсаты басқа болған.

Фото: полиция

Оралда шампунь, дезодорант пен Merci шоколадын ұрлаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz. Орал қаласында бірнеше супермаркеттен косметикалық және азық-түлік тауарларын ұрлады деген күдікпен 44 жастағы тұрғын ұсталды. Жақында қаладағы базар маңында орналасқан супермаркеттердің бірінде ұрлық дерегі тіркелген.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам дүкен сөрелерінде еркін сатылымда тұрған тауарларды байқатпай алып шығуды әдетке айналдырған. Алғашқы жағдайда ол Head & Shoulders және Elseve шампуньдарын курткасының қалталарына жасырып, дүкеннен еш кедергісіз шығып кеткен. Кейін сол супермаркетке қайта оралып, дәл осындай тәсілмен Merci шоколадтарын ұрлаған. Жалпы, аталған дүкеннен 11 флакон шампунь мен 14 қорап шоколад жымқырған. Бірнеше күннен кейін күдікті базар маңындағы тағы бір супермаркетке барып, 8 қорап Merci шоколадын ұрлаған. Араға бір-екі күн салып, келесі сауда орнына кіріп, сөрелерде тұрған 10 құты Old Spice дезодорантын қолды еткен.

Қазіргі уақытта аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне қатысты өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: полиция орал