Мердігердің "былығын" бюджет тазалайды
Соңғы уақытта еліміздегі құрылыс саласы қарқынды дамып келеді.
Десе де, сырткөзге солай көрінетін осы жұмыстың арғы жағында жүйелі дағдарыс та жоқ емес. Салдарынан тұрғын үй кешендері қолданысқа берілгеннен бастап қабырғасы жарылып, қасбеті құлауы – қалыпты құбылыс. Мұның соңы адам өліміне де әкеліп соқтырып отыр. Ал осындай трагедия орын алғанда кінә көбіне қарапайым тұрғындар мен Мүлік иелері бірлестігінің төрағаларына ысырылады.
Мұның айқын мысалы ретінде Астанада болған қайғылы оқиғамен байланысты өтіп жатқан сот процесін айтуға болады. Тәуелсіздік даңғылы бойындағы тоғыз қабатты үйдің қасбеті құлап, құтқаруға келген 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза табуы көптің есінде. Осы оқиғада бастапқыда сотта тек үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты "Міндеттеріне адал қарамау" бабымен іс қаралып келді. Алайда сот тергеуі барысында ғимараттың бастапқыда бес қабатты деп жобаланып, іс жүзінде тоғыз қабатты болып салынғаны, осының салдарынан конструкцияға түскен жүктеме артып, фасадтың құлауы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жүйелі ақаулардан болғаны анықталды. Яғни бұл – жай ғана тұрмыстық салғырттық емес, сонау жобалау және құрылыс кезеңіндегі өрескел қателік екені мәлім болды. Айтпақшы, осыны ескерген сот жақында бұл қылмыстық істі МИБ төрайымымен қатар, бұрын тоқтатылып, кейін 1 қазанда қайта жанданған құрылыс салушы мен басқа да жауапты тұлғаларға қатысты іспен біріктіру үшін прокурорға қайтарды.
Жалпы мұндай мәселе елордаға емес, құрылыс қарқын алған кез келген өңірде бар. Осындай сапасыз құрылыс үшін кепілдік мерзімін бір жылдары улап-шулап создыртқанымыз есте. Ал пайдалануға берілгеніне жыл өтпей қабырғасы сөгіліп, қасбеті құлайтын үйлерді жөндеу құрылысты жүргізген мердігер компанияның мойнына артылған. Ең қызығы, қазір осы заңның жұмыс істеуі де кемшін тартып отыр. Себебі құрылыс басында бірнеше мекеме арасында келісімшарт жасалады. Сондықтан айналып келгенде құрылыс салушы компания тұрғындардың алдында әртүрлі сылтау айтып, сотта бекітілген келісімдерді орындаудан қашуды әдетке айналдырып алған. Мысалы, Шымкенттегі "Тұран" шағын ауданында орналасқан "Адия" тұрғын үй кешені пайдалануға берілгеннен-ақ қасбеті құлап, шатырынан су өтіп, қабырғалардың жарылуы сияқты өрескел кемшіліктер анықталған. 2019 жылы жүргізілген тәуелсіз сараптама құрылыс кезінде жобадан ауытқулар болғанын растап, күрделі жөндеу қажеттігін көрсетсе де, "Адия Групп Тұран" ЖШС сотта бекітілген медиативтік келісімді де, кепілдік міндеттерін де орындамай келеді. Тұрғындарды уақыт созылған сайын кепілдік мерзімі бітіп кететіні алаңдатады. Ал Samruk-Kazyna Construction АҚ, жергілікті әкімдік, Құрылыс басқармасы мен мердігер мекеме жауапты біріне-бірі сілтеп, жауапкершіліктен қашады. Тіпті кепілдік мерзімі аяқталмай жатып, тұрғындарға МИБ құрып, күрделі жөндеуді өз қалталарынан жүргізу ұсынылған.
Бұл күрмеуі мол мәселе Құрылтай мінберінен де айтылды. Депутат Екатерина Смышляеваның сауалына жауап берген Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Рахымжан Исақұлов саладағы бақылаудың дәрменсіздігін ашық мойындады. "Қазір тұрғын үй инспекцияларының қызметіне жүргізіліп жатқан мониторинг жергілікті атқарушы органдардың кадрлық және ресурстық жағынан жеткілікті қамтамасыз етілмегенін көрсетіп отыр. Олардың қажетті штат саны, мамандары мен техникалық базасы жоқ. Соның салдарынан кондоминиум нысандарын басқаруды бақылау формалды түрде жүзеге асырылады. Сонымен қатар оларға қауіпті техникалық құрылғыларға мемлекеттік бақылау жүргізу міндеті де жүктелген. Мәселен, Астана қаласының тұрғын үй инспекциясында бар болғаны екі қызметкер 10 840 лифтінің қауіпсіздігін бақылаумен қатар, газ баллондары мен су жылыту қазандықтарына да жауап береді. Ал облыстардағы инспекторлардың лифт қауіпсіздігі, газбен жабдықтау және автономды жылыту қазандықтарының жұмыс істеу тетіктері жөнінде ең төменгі деңгейдегі білімі де жоқ. Біздің пайымдауымызша, бұл кадр тапшылығы ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін жүйелік ақау", – деді вице-министр.
Мемлекет тұрғын үйлерді күтіп ұстау жауапкершілігін пәтер иелеріне, яғни арнайы техникалық білімі жоқ қарапайым азаматтарға жүктеді. Ал ғимараттар мен түрлі инженерлік жүйелердің қауіпсіздігін бақылау міндеті жергілікті инспекцияларға тапсырылған. Бірақ олардың кадрлық әлеуеті де, кәсіби құзыреті де жеткіліксіз көрінеді.
Министрліктің мәліметінше, еліміздегі 61 367 көппәтерлі тұрғын үйдің 14 673-і, яғни төрттен бірі күрделі жөндеуді қажет етеді. Бірақ 2025-2026 жылдары бұған республикалық бюджеттен қаржы бөлінбей, 16 млрд теңгелік қаржыландыру тапшылығы туындапты. Сол үшін өңірлер тұрғын үйлерді жөндеуді өз қаражаты есебінен жүргізуге мәжбүр. Ал келесі кезеңге қаржыландыру сұраған өтінімдердің көлемі мемлекет бөлуге дайын қаражаттан әлдеқайда көп. Р.Исақұловтың айтуынша, өңірлер 2027-2029 жылдары 339 тұрғын үйді жөндеуге 19,9 млрд теңге сұраған. Алайда Қаржы министрлігі бұл өтінімнің тек 3,9 млрд теңгесін ғана қолдаған. Осылайша, қаржыландыру тапшылығы 16 млрд теңгені құрапты. Басқаша айтқанда, тұрғын үйлерді жөндеу тоқтап қалмайды, бірақ барлық қажетті жұмысты орындауға қаражат жеткіліксіз. Министрлік бұл мәселенің шешімін көппәтерлі тұрғын үйлерге техникалық аудит жүргізетін жеке қор құрудан және оған мүлік салығының бір бөлігін бөлу арқылы шешуді көздеп отыр. Мұндай тетік тұрғын үйлердің техникалық жағдайын жүйелі түрде бағалауға мүмкіндік беріп, ақау төтенше жағдайға ұласқанша күтпей, алдын ала шара қабылдауға жол ашуы мүмкін.
Оның үстіне тұрғын үй иелері мен құрылыс салушылар арасындағы қарым-қатынаста да қайшылық көп. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, құрылыс салушылар мемлекеттік тұрғын үй бақылауының субъектілеріне жатпайды. Сондықтан қолданыстағы тұрғын үй заңнамасында көзделген әкімшілік санкцияларды оларға іс жүзінде қолдану мүмкін емес. Осы тұста елордадағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза табуы еске түседі. Себебі бұл оқиғада ғимараттың салыну жағдайлары мен оның техникалық ақауларына қатысты мән-жайлар қазір зерттеліп жатыр.
Бұл тарапта мәселе көп. Мысалы, құрылыс кезіндегі заң бұзушылықтардың неге уақытылы анықталмайтыны, нысан пайдалануға берілгеннен кейін шығатын ақауларға қатысты нақты кімнің және қалай жазаланатыны. Өйткені қазір тұрғын үйлердің тығыз салынуы, аулалардың тарлығы, қауіпсіздік талаптарының сақталмауы төтенше жағдай кезінде құтқару қызметтеріне кедергі келтіріп қана қоймай, азаматтардың өміріне тікелей қатер төндіріп отыр. Депутат Наурыз Сайлаубай осы жағдайды Құрылтайда айтты. Оның сөзінше, өңірлік деңгейдегі мемлекеттік құрылыс пен бақылау жүйесінде мүдделер қақтығысы бар, бақылау жүйесінің тәуелсіздігін қайта қарау қажет.
Негізі мұндай мәселеге бір-екі үйдің ішкі дауы деп қарауға болмайды. Өйткені мұнда да құрылыс нормаларын белден басып, сапасыз ғимарат тұрғызған құрылыс салушылардың салғырттығы мен оны көз жұмып қабылдап алған жауапты тұлғалардың заңсыз әрекеттерінің зардабын, айналып келгенде, мемлекет өз бюджеті есебінен жабуға мәжбүр. Ал әлгіндегідей оқыс оқиға болған жағдайда құрылыс саласынан хабары жоқ тұрғындардың өздері мен МИБ төрағаларының басы дауға қалып жатады. Түйткілдің өзегі де осы.
Жадыра МҮСІЛІМ
Астана