Қоғам

«Миллиардердің ұлы емеспін, бәріне өз күшіммен жеттім» – Александр Пак сотта соңғы сөзін айтты

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Әл-фараби даңғылының бойында үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апатына қатысты сот процесі аяқталуға жақын.

Фото: Жас Алаш

Іс бойынша айыпталушы деп танылған Zeekr автокөлігінің жүргізушісі Александр Пак сотта соңғы сөзін айтты. Ол марқұмдардың туыстарынан тағы да кешірім сұрап, болған оқиға үшін жауапкершіліктен қашпайтынын мәлімдеді.

Пактың айтуынша, бұл қайғылы оқиғаның салдарын ешқашан өзгерту мүмкін емес және өмірден өткен азаматтарды қайтаруға ешкімнің шамасы жетпейді. Соттағы сөзінде ол қаза тапқандардың ата-аналары мен жақындарына көңіл айтып, өмір бойы осы қайғының салмағын арқалап өтетінін жеткізді.

Сондай-ақ өз әрекетін ақтауға немесе кінәсін жеңілдетуге тырыспайтынын атап өтті.

Айыпталушы соттан өзіне тек сотталушы ретінде ғана емес, ата-анасының ұлы, балаларының әкесі және отбасының тірегі ретінде де қарауды сұрады.

«Мені тек сотталушы ретінде емес, ата-анасының ұлы, балаларының әкесі, жұбайының жары ретінде де көрсеңіздер деймін. Бұған дейін заң алдында жауап берген емеспін және бір күні осындай жағдайға тап боламын деп ойлаған жоқпын», – деді ол.

Соңғы сөзінде Пак әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында өзі туралы тараған түрлі пікірлерге де тоқталды. Ол өзін қарапайым азамат ретінде сипаттап, ықпалды тұлғалармен немесе ауқатты отбасылармен байланысы жоқ екенін айтты.

«Мен – Тараздан шыққан қарапайым адаммын. Жиырма жыл бойы еңбектеніп, қол жеткізген жетістіктерімнің бәріне өз күшіммен жеттім. Миллионердің немесе миллиардердің ұлы емеспін. Саяси ықпалы бар адамдармен де байланысым жоқ», – деді айыпталушы.

Сөзінің соңында ол болашақта марқұмдардың отбасыларына қолдау көрсеткісі келетінін жеткізді.

Айыпталушы Александр Пактың қорғаушысы Арман Рахманбердиеваның  айтуынша, Пак жол-көлік оқиғасының болғанын алғашқы күннен бері мойындап келеді, жасаған ісіне шынайы өкінеді және жәбірленушілерге моральдық шығынды толық өтеген. Осыны ескерген қорғаушы соттан айыпталушыға заңда көзделген ең жеңіл жаза тағайындауды өтінді. Ал мемлекеттік айыптаушы Әлібек Күмісбеков айыпталушының кінәсі қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденгенін мәлімдеді. Прокурор соттан Александр Пакты кінәлі деп танып, оған жазасын қауіпсіздігі ең төменгі түзеу мекемесінде өтеумен 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сайт Әкімшілігі