Қоғам

Миллиардтық жоба аяқсыз қалды: СҚО-да екі басшы қаржы жымқырды деген күдікке ілінді

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Фото: из открытых источников

Іске «Сырымбет» кен орнына дейін теміржол кірме жолы мен инженерлік желілерді салу жобасы қатысты.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті мәліметінше, 2017 жылы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Akcent KZ» ЖШС-мен тиісті құрылыс жұмыстарын жүргізуге шарт жасасқан.

Мемлекеттік сатып алу бойынша келісімнің жалпы құны 1,4 млрд теңге болған. Жобаны 2018 жылы аяқтау жоспарланғанымен, құрылыс мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Алайда нысан әлі толық пайдалануға берілмеген.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, іс жүзінде орындалмаған жұмыстардың құны 380 млн теңге болған.

«Сырымбет» кен орны өңір үшін стратегиялық маңызы бар нысандардың бірі саналады. Ол Қазақстандағы жалғыз әрі Орталық Азиядағы ең ірі қалайы кен орны ретінде көрсетілген.

Қылмыстық іс бойынша мердігер компанияның басшысы және Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бұрынғы басшысы күдікті деп танылды.

Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі үш пәтер мен автотұрақ орнына тыйым салынды.

Қазіргі уақытта тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Істің өзге мән-жайлары Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.

Сайт Әкімшілігі