Оқиғалар

Министр Арман Қырықбаев PARAQTA жобасының авторларын қабылдады

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев қазақстандық PARAQTA онлайн кітапхана платформасының авторларымен кездесті.

Фото Мәдениет және ақпарат министрлігі

 Кездесуде жобаны дамыту және оқырмандарға қолжетімді кітаптар санын көбейту мәселелері талқыланды.

Министрлікке PARAQTA платформасын әзірлеуші Ердәулет Құрал мен жобаны әлеуметтік желіде таныстырып жүрген автор шақырылған. Олардың айтуынша, министр әлеуметтік желідегі жарияланымдар арқылы жоба туралы біліп, бастамашыларымен жеке кездесуге қызығушылық танытқан.

Кездесу барысында Арман Қырықбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқитын ұлт қалыптастыру бастамасына тоқталып, жастар арасында кітап оқуға қызығушылық артып келе жатқанын атап өткен.

Фото Керім Аянқызы/1

PARAQTA – оқырманға кітап оқуды жүйелі әдетке айналдыруға және бастаған кітабын аяқтауға көмектесетін қазақстандық цифрлық платформа. Мұнда электронды кітаптармен қатар қағаз кітаптардың оқылуын да есепке алуға болады.

Жоба авторларының мәліметінше, бүгінде платформаға 15 186 оқырман тіркелген. Олар жалпы 1,2 миллион бет оқып, 10 738 кітапты аяқтаған. Сонымен қатар платформа аясында 180 кітап клубы жұмыс істейді.

PARAQTA жобасының іске қосылғанына 1 жыл 2 ай болған. Ал веб-сайт нұсқасы алты ай бұрын ашылып, соңғы екі аптада мобильді қосымшасы App Store дүкеніне орналастырылған.

Қазір платформада 150-ге жуық кітап бар. Олардың барлығы оқырмандарға тегін ұсынылады. Жоба авторлары әзірге авторлық құқықты қорғау мерзімі аяқталып, қоғамдық игілікке өткен шығармаларды ғана орналастырып отырғанын айтады.

Кездесу кезінде министр платформаны жаңа кітаптармен толықтыру мәселесіне назар аударған. Жоба авторларының айтуынша, Арман Қырықбаев министрлік тарапынан авторлық құқық талаптарын сақтай отырып, онлайн кітапхананы заңды түрде қолжетімді шығармалармен толықтыруға көмектесуге уәде берген.

Сондай-ақ жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында офлайн кездесулер мен бірлескен іс-шаралар өткізуге мүмкіндік қарастырылмақ.

Жоба өкілдері қолдау білдіргені үшін Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа және Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрмановаға алғыс айтты.

PARAQTA авторлары алдағы уақытта платформаның кітап қорын кеңейтіп, оқырмандар санын арттыруды жоспарлап отыр.

Сайт Әкімшілігі