Әлеумет

Министр ҚазҰУ-дағы студент қыздың қазасына қатысты пікір білдірді

Журналистер Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студент қыздың қаза табуына қатысты сұрады.

Фото: ашық дереккөз

Министрдің айтуынша, қазір бұл іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмеуі керек. Алматы қалалық полиция департаменті де министрлік өкілдеріне тергеу барысына қатысты пікір білдіргенде абай болуды ескерткен.

Саясат Нұрбек ведомствоның осы уақытқа дейін ресми түсініктеме бермеуіне де осы шектеулер себеп болғанын айтты. Министр тергеу аяқталғанша істің мән-жайына қатысты нақты мәлімет бере алмайтынын жеткізді.

Сонымен қатар ол университет өкілдері марқұм қыздың қамқоршыларымен бірден байланысқа шыққанын, жерлеуге және өзге де қажетті шығындарды оқу орны өз мойнына алғанын мәлімдеді. Сондай-ақ министрдің сөзінше, студенттің оқу ақысы да қалпына келтірілген.

Нұрбек Алматы қалалық полиция департаментіндегі әріптестерінен де осы іске қатысты түсініктеме беруді сұрайтынын айтты.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы ҚазҰУ-дың бірінші курс студенті қайтыс болғаны хабарланған еді. Осы дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғаған. 

Сайт Әкімшілігі