Министрлік Маңғыстауда ысталған балықтан қайтыс болған баланың өліміне қатысты мәлімдеме жасады
Маңғыстау облысында ботулизмге күдікпен ем қабылдап жатқан 2016 жылы туған бала көз жұмды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Бала 19 қыркүйекте Мұнайлы аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Ведомствоның мәліметінше, бала оған дейін ысталған балық өнімін тұтынған. Ауруханаға түскен кезде оның жағдайы өте ауыр болған.
Сол күні науқас облыстық балалар ауруханасына ауыстырылып, жансақтау бөліміне орналастырылған. Дәрігерлер тағамдық ботулизмге күдіктеніп, балаға ботулизмге қарсы сарысу енгізген. Сонымен қатар ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Медициналық көмек көрсетілгеніне қарамастан, баланың жағдайы жақсармаған. Оның миы ісініп, бірнеше ағзаның жұмысы бұзылған. Кейін команың үшінші дәрежесі тіркелген.
Дәрігерлердің күш-жігеріне қарамастан, 6 қазанда баланың қайтыс болғаны анықталды.
Бұған дейін баланың туыстары оның өлімін үй жағдайында дайындалған балықты тұтынумен байланысты болуы мүмкін екенін айтқан. Сонымен бірге отбасының тағы екі ересек мүшесі облыстық көпбейінді ауруханада ем алып жатыр.
Қазіргі таңда тағы үш науқасқа медициналық көмек көрсетілуде.