Әлеумет

Қазақстанда жұмыссыздыққа берілетін төлемнің мерзімі не себепті қысқартылады?

Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға төленетін әлеуметтік төлемнің мерзімін алты айдан төрт айға дейін қысқарту жоспарланып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев бұл өзгерістің себептерін түсіндірді.

Фото: ашық дереккөзден

Министрдің айтуынша, пандемияға дейін жұмыссыздық бойынша төлемдер төрт ай көлемінде берілген. COVID-19 кезеңінде халықты қолдау мақсатында бұл мерзім уақытша алты айға дейін ұзартылған болатын.

«Пандемияға дейін төрт ай болған, қазір сол қолданыста болған тетікке қайта оралып отырмыз. Жалпы еңбек нарығында бос жұмыс орындары жеткілікті. Қазіргі таңда жұмыс берушілер 117 мыңға жуық вакансия ұсынып отыр. Сондықтан жұмыссыздық мерзімін ұзартуға басымдық берудің қажеті жоқ», - деді Асқарбек Ертаев. 

Оның сөзінше, мемлекет енді азаматтарға тек төлем жасап қана қоймай, оларды мүмкіндігінше қысқа мерзімде жұмысқа орналастыруға басымдық береді. Жоспар бойынша жұмыссыз қалған азаматтарға алғашқы үш ай ішінде мамандығына сәйкес бірнеше жұмыс ұсынысы беріледі. Бұған дейін Қазақстанда жұмысынан айырылуына байланысты миллиондаған теңге көлемінде төлем алған азаматтар туралы ақпараттан кейін әлеуметтік қолдау көрсету ережелерін қатаңдату мәселесі көтерілген болатын.

Ұсынылған өзгерістер қатарында төлем мерзімін қысқарту, бос жұмыс орындарын іздеу кезеңін ұлғайту және әлеуметтік төлемге қайта жүгіну тәртібін шектеу бар. Министр бұл шаралар төлемдерді заңсыз алу схемалары мен түрлі теріс пайдалану әрекеттерінің алдын алуға бағытталғанын айтты.

Ал кейбір сарапшылар мен азаматтар мұндай өзгерістер әлеуметтік аударымдарды тұрақты төлеп келген адамдарға көрсетілетін көмектің азаюына әкелуі мүмкін деп есептейді.

Сайт Әкімшілігі