Мирзиёевтің келісімінсіз шенеуніктерді тергеуге болмайды: Өзбекстанда жаңа заң күшіне енді
Өзбекстанда жаңа заң
Өзбекстанда президент әкімшілігінің лауазымды тұлғалары мен бірқатар мемлекеттік орган өкілдерін заңсыз ұстаған немесе оларға рұқсатсыз тергеу жүргізген адамдарға қылмыстық жаза енгізілді. Енді мұндай әрекеттер үшін сегіз жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.
Президент Шавкат Мирзиёев қол қойған құжат 15 қазанда күшіне енген.
Жаңа заң бойынша, қолсұғылмаушылық мәртебесі бар адамдарды заңсыз ұстаған, мәжбүрлеп әкелген немесе оларға қатысты тергеу әрекеттерін жүргізгендер үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мұндай әрекеттерге бұйрық бергендер де жауапқа тартылады.
Егер заң бұзушылық қайталанса, оны бірнеше адам алдын ала келісіп жасаса немесе күш қолданылса, жаза бес жылдан сегіз жылға дейін ұлғаяды. Дәлелдерді қолдан жасау, адамды заңсыз қамауға алу және қылмыстық жауапкершілікке тарту да осы санатқа кіреді.
Кімдерге қолсұғылмаушылық беріледі?
Жаңа тәртіп президент әкімшілігінің қызметкерлеріне ғана емес, депутаттарға, омбудсмендерге, Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне, президенттікке кандидаттарға, прокурорлар мен тергеушілерге де қатысты. Сондай-ақ тізімге Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі, Ұлттық ұлан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың қызметкерлері мен адвокаттар енгізілген.
Тергеу үшін кімнің келісімі қажет?
Президент әкімшілігінің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізу үшін мемлекет басшысының жазбаша келісімі керек. Ал олардың отбасы мүшелеріне қатысты тергеу әрекеттерін жүргізуге президент әкімшілігінің жазбаша келісімі қажет.
Бұл қорғау олардың жұбайына, бұрынғы жұбайына, балалары мен ата-анасына да таралады. Сонымен қатар отбасы мүшелерінің тұрғын үйі, көлігі, жеке заттары, хат-хабарлары мен электрондық деректері де қорғалады.
Әкімшіліктің басшы қызметкерлері қызметінен кеткеннен кейін де бес жыл бойы қолсұғылмаушылық құқығын сақтайды.
Ал депутатты қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін ол мүше болып отырған парламент палатасының келісімін алу қажет.
Бұл өзгерістер Өзбекстан президенті әкімшілігінің ықпалы артып жатқан кезеңде қабылданды. 2025 жылдың маусымынан бері әкімшілікті Шавкат Мирзиёевтің қызы Саида Мирзиёева басқарып келеді.