Саясат

Мирзиёев Тоқаевты Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтады

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауының сәтті өтуімен құттықтады.

Фото: Ақорда

 Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшылары телефон арқылы сөйлескен.

«Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының алғашқы сайлауының сәтті өтуімен құттықтады. Қазақстан президенті қолдау білдіріп, Өзбекстаннан, соның ішінде халықаралық ұйымдар құрамында байқаушылар миссиясын жібергені үшін Шавкат Мирзиёевке алғыс айтты», – делінген Ақорда хабарламасында.

Тоқаев Өзбекстан басшысына Қазақстанда жүргізіліп жатқан ішкі саяси өзгерістер туралы да айтып берген. Оның сөзінше, Құрылтай – прогрессивті, заманауи әрі әділетті Қазақстан құруға бағытталған саяси реформалардың маңызды бөлігі.

Әңгіме барысында тараптар қазақ-өзбек қарым-қатынастарының достық пен стратегиялық әріптестік рухында нығайып келе жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, көлік және логистика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және екі елдің іскер топтары арасындағы байланысты жандандыру мәселелері талқыланды.

Бұдан бөлек, Тоқаев пен Мирзиёев өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Сайт Әкімшілігі