Мөлдір Сүйіншіәлиге қылмыстық іс қозғалып, оның Перизат Қайратпен байланысы айтылды
Мөлдір Сүйіншіәлиге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметі.
«Астаналық Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті бірнеше құрылыс компаниясын басқарған Мөлдір Сүйіншіәлиге қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу деректеріне сәйкес, 2021–2024 жылдар аралығында Мөлдір Сүйіншіәли өзіне қарасты компаниялар арқылы Nura Elite коттедж қалашығын салу сылтауымен азаматтардан қаражат тартқан. Жоба 37 коттедж бен 24 таунхаус салуды көздеген. Алайда бүгінгі күнге дейін таунхаустар аяқталмаған (тек қаңқалары ғана тұрғызылған), нысандарды 2023 жылдың IV тоқсанына дейін тапсыру міндеттемесіне қарамастан», – делінген сейсенбі күні таратылған хабарламада.
Сондай-ақ сатып алушылармен алдын ала сатып алу-сату келісімшарттары жасалғаны атап өтілді.
«Нәтижесінде 56 адам жәбірленуші деп танылды. Тартылған қаражаттың жалпы көлемі 3,9 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 322 млн теңге Мөлдір Сүйіншіәлидің, оның жұбайы мен анасының есепшоттарына аударылған, ал 145 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған. Сонымен қатар жылжымайтын мүлікті қосарлап сату фактісі анықталды. Мәселен, жәбірленуші толық төлеген коттедждердің бірі күдікті тарапынан жеке міндеттемелер бойынша кепілге қойылып, кейін үшінші тұлғалардың атына рәсімделіп, бірнеше рет қайта сатылған», – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, Мөлдір Сүйіншіәли сатып алушылармен іс жүзінде жер телімдеріне құқық беруді көздейтін келісімшарттар жасасқан, бірақ ол жерлерге иелік етуге заңды негізі болмаған.
«Маңыздысы, үлескерлер қаражатының бір бөлігі Астана қаласында «Асылхан» тұрғын үй кешенін салуға арналған жер телімін сатып алуға жұмсалған. Алайда құрылысқа рұқсат құжаттары болмағанына қарамастан, ол «Біз біргеміз» қоры арқылы БАҚ-та мұқтаж әйелге пәтер беріледі деп жариялаған. Шын мәнінде тұрғын үй кешенінің құрылысы мүлде басталмаған. Сот күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ санкциясын қолданды. Тергеу жалғасып жатыр», – дейді ҚМА.
Перизат Қайрат ісі
Айта кетейік, Перизат Қайрат қоғамда еріктілер қозғалысын дамытуға қосқан үлесімен танылған. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторына гуманитарлық миссия ұйымдастыру сынды түрлі қайырымдылық бастамаларымен көзге түскен.
Алайда 2024 жылғы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Перизат Қайраттың 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Бұған қоса, 2023 жылдың қарашасында Палестина халқына гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаражаттың 200 миллион теңгесін жеке мақсатына жұмсады деген айып тағылды.
ҚМА мәліметіне сәйкес, 2023 жылғы желтоқсанда Перизат Қайрат дәл осы қаражаттың есебінен Нұр-Сұлтандағы элиталық Sensata Plaza тұрғын үй кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер, сондай-ақ 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4Matic көлігін сатып алған.
2024 жылдың 16 қарашасында Астана тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Ал 13 желтоқсанда оның элиталық пәтерлері мен автокөліктері бұғатталып, үйінде тінту жүргізілген. Тінту барысында қайырымдылық қаражатқа сатып алынған жоғары құнды техника мен әлемдік брендтердің (Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т.б.) киімдері, зергерлік бұйымдары, аяқкиімдері мен сөмкелері тәркіленді.
Сот Перизат Қайратты кінәлі деп танып, оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтейтін болды.
Ал анасы Гайни Алашбаева 7 жылға бас бостандығынан айырылды.