Әлеумет

 Моңғолияда қауіпті індетке байланысты 26 мыңнан астам ешкі жойылды

Моңғолияда ешкі арасында аса жұқпалы «кемелек» ауруы тарап, індеттің алдын алу мақсатында 26 840 ешкі жойылды.

Фото ЖИ / JasAlash

Ел билігі аурудың таралуын тоқтату үшін шұғыл ветеринариялық шаралар қабылдап жатыр.

Моңғолияның Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, індет елдің Говь-Алтай, Төв және Дорноговь аймақтарында тіркелген.

Аурудың таралуына байланысты 58 малшы отбасының ешкілері санитариялық талаптарға сәйкес мәжбүрлі түрде жойылған.

Ең көп шығын Говь-Алтай аймағына келген. Атап айтқанда, Цогт ауданында 23 358, Дэлгэр ауданында 1 999 ешкі жойылған. Ал Төв аймағының Алтанбулаг ауданында 751, Дорноговь аймағының Хөвсгөл ауданында 732 ешкі жойылған.

Осылайша, індеттің таралуын тоқтату мақсатында барлығы 26 840 ешкі жойылды. Келтірілген шығын 5,96 миллиард моңғол төгрөгіне бағаланған.

«Кемелек» қандай ауру?

Моңғолияда «годрон» деп аталатын бұл індет — ешкінің жұқпалы плевропневмониясы. Ауру негізінен малдың өкпесін зақымдайды. Оның белгілеріне дене қызуының көтерілуі, жөтел, тыныс алудың қиындауы және әлсіздік жатады.

Індет ешкі арасында тез таралады және ауыр жағдайда малдың өліміне әкелуі мүмкін.

Ауру Қытайдан тараған болуы мүмкін

Моңғолияның ауыл шаруашылығы министрі індеттің таралуын Қытайдан заңсыз әкелінген «Арвас» тұқымды текелермен байланыстыруы мүмкін екенін мәлімдеген.

Алайда аурудың нақты қайдан шыққаны жөнінде түпкілікті қорытынды жарияланған жоқ.

Індетке байланысты Моңғолия билігі вакцина өндіру мәселесін де қолға алған. Үкімет аурудың алдын алу үшін 1,5 миллион доза вакцина шығаруға қаржы бөлген.

Айта кетейік, 19 қазанда жарияланған мәлімет бойынша 20 855 ешкі жойылған болатын. Кейін бұл көрсеткіш 26 840 басқа жеткен.

Әзірге аталған індеттің Қазақстан аумағында тіркелгені туралы ресми ақпарат жоқ.

Сайт Әкімшілігі