Әлеумет

Мұғалімдер 18:00-ден кейін ата-аналардың хабарламасына жауап бермеуге құқылы

Ата-аналар мен мұғалімдердің чаттағы қарым-қатынасына қатысты нақты тәртіп енгізу ұсынылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

Фото: из открытых источников

Министрдің айтуынша, ата-аналар чатында сұрақтарды сағат 18:00-ге дейін қоюға болады. Ал одан кейін педагогтердің жеке уақыты басталады және оны құрметтеу қажет.

«Ата-аналар чатында сағат 18:00-ге дейін сұрақтар қоюға болады деп есептейміз. Ал 18:00-ден кейін әр мұғалімнің жеке өмірі бар және оны құрметтеу қажет», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Ол мұндай шектеу ата-ана мен мұғалім арасындағы байланысты толық тоқтатуды көздемейтінін атап өтті. Балаға қатысты шұғыл әрі маңызды мәселе туындаған жағдайда педагог жауап бере алады.

Министр ата-аналарды ұстаздардың жұмыс жүктемесін де ескеруге шақырды. Мұғалімдер күніне бірнеше сабақ өткізіп, ондаған оқушымен жұмыс істейді. Сабақ барысында жаңа материалды түсіндірумен қатар, балалардың сұрақтарына жауап беріп, олардың тапсырмаларын тексеріп, тәртібін қадағалайды.

Сабақ аяқталғаннан кейін де педагогтердің жұмысы жалғасады. Олар дәптерлер мен бақылау жұмыстарын тексеріп, келесі сабақтарға дайындалады. Сондықтан мұғалімдердің жұмыс уақытынан тыс кезде демалып, жеке шаруаларына көңіл бөлуіне мүмкіндік беру қажет.

Сонымен қатар ата-аналар чатындағы қарым-қатынас тәртібі әзірге заңмен нақты реттелмеген.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл «Педагог мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, мұғалімдердің міндеттері нақтыланған.

Министрлік мектеп пен ата-ана арасындағы қарым-қатынас түсінікті ережелерге, өзара сыйластық пен жауапкершілікке негізделуі керек деп есептейді.

Сайт Әкімшілігі