Мұхтар ағаның арманы көп еді…
Әр кездесу – бір бақыт. Мұхтар ағаны алғаш танығаннан бері елу жылдай уақыт өтіпті. Өткен жылдарғы әр кездесуді бір естелік қылып жазуға әбден болар еді. Соңғы жүздескеніміз жадымызға орала береді.
2025 жылғы Ораза айындағы бір ауызашар ерекше болды. 83 жастағы Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері, мәшһүр ақын әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов пен 82 жастағы белгілі дипломат, саясаттану ғылымының докторы, профессор, мемлекет және қоғам қайраткері Бекжасар Нарбаев, ширек ғасырдан бері достығымыз үзілмеген Ішкі істер саласының полковник ардагері, дін мен мәдениет жанашыры Қазыбек Әлімбеков барлығымыз арнайы дұға жасап ауыз ашып, әртүрлі тақырыпта сұхбат құрдық. Ел ағаларының сергек көңілі, ширақ қимылдары, рамазан айына тән көркем мінездері мен ғибратты сөздері баршамызды тәнті етті. Мұхтар ағаның өміршең етсем деген арман-мұраттары көп еді. Мұхаңның айтылмаған ақтаңдақ сырлары мен құпиялары да жетерлік. Кеңес одағының ыдырауын бүге-шігесіне дейін өз көзімен көрген мемлекет қайраткері. КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, жазушы Әнуар Әлімжановпен ақылдаса отырып атқарған істері жетерлік. Қазақша, орысша өз өлеңдерін сағаттап ел алдында жатқа оқитын шығармашылық табыстары да толағай. Олжас Сүлейменов, Шыңғыс Айтматов, Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский, т.б. шынайы достығының өзі неге тұрады?! Шәмші Қалдаяқовпен ақыреттік достығының өзін қанша том кітап етіп жазуға болады?! Ақындық пен қайраткерлік, Алаш арыстары аңсаған ұлтжандылық, шығыс шайырлары қағазға түсірген кемел адамның терең болмыстары, мұның барлығы да Мұхтар ағаның бір бойынан табылып жататын. Мұхтар аға көрген бетте әзіл-шынын араластырып, «Сен осы қанша жасқа келдің?» деді. «63-ке жақында толдым» деп едім, «А-а, онда әлі бала екенсің, мен 83 жастамын!», – деп тұжырды. Ауызашар соңындағы Мұхтар ағаның: «124 мың пайғамбар, Сайрамдағы сансыз бап, Түркістандағы түмен бап, баптардың бабы Арыстан бап! Барлықтарының рухы шат болсын! Әрдайым шындықтың биігінде жұлдыздарың жарқырап жүре беріңдер!», – деген ақ батасы бәріміздің мерейімізді бір өсіріп тастады.
Биылғы рамазан айында Мұхтар ағамызбен ауызашарда бірге болудың сәті түспеді. Қазақ халқының біртуар перзенті Мұхтар Шахановтың жүрегі қасиетті Зүл-қағда айының бірінші жұлдызында өз соғысын мәңгілікке тоқтатты. Қазақ халқы, түркі әлемі Мұхтар ақынды жоқтауда. Орны ойсырап тұрар Мұхаңды әлі талай жоқтайтын боламыз. Мұхтар аға бақилыққа озғанымда Арыстан бап бабаның жанына жерлесеңдер деп өсиет-аманат айтып қалдырыпты. Жайсаң жанның қабірі нұрға толсын!
Бейбіт Сапаралы