Оқиғалар

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін қызметтер цифрланды

Қазір мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр. Осыған байланысты Астанада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін қызметтер цифрландырылып, бақылау күшейтілді.

Фото: из открытых источников

Соңғы жылдары мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау және жеке көмекші институтын жаңғырту бағытында бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұл туралы Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ләззат Сартымбетова айтты.

Оның сөзінше, мүгедектікті белгілеу – мемлекеттік қолдау шараларын алудың алғашқы әрі маңызды кезеңі. Сондықтан азаматтарды медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу кезінде медициналық құжаттардың толық әрі сапалы рәсімделуі шешуші рөл атқарады. 2026 жылдың алғашқы алты айында елордадағы медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері 10 466 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Оның 5 418-і немесе 51,8 пайызы сырттай проактивті форматта, ал 5 048 қызмет азаматтарды тікелей куәландыру арқылы ұсынылған.

Проактивті форматтың үлесі қандай?

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қызмет көрсету көлемі артқан. Былтыр алғашқы жартыжылдықта 9 617 қызмет көрсетіліп, проактивті форматтың үлесі 45,3 пайыз болған. Ләззат Сартымбетованың айтуынша, құжаттардың толық болмауы азаматтардың қосымша медициналық тексерулерден өтуіне немесе қайта өтініш беруіне себеп болып, әлеуметтік қолдау алу мерзімін ұзартады. Сондықтан медициналық ұйымдар сараптамаға жолданатын құжаттардың сапасына ерекше мән беруі тиіс. Әлеуметтік қорғау саласындағы тағы бір маңызды жаңалық – арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мұндай ұйымдар қызметін тек мемлекеттік лицензия негізінде ғана жүзеге асыра алады. Бұл талап қызмет сапасын біріздендіруге, қауіпсіздікті күшейтуге және мемлекеттік бақылауды арттыруға бағытталған. 2026 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша, Астанада 18 ұйым лицензия алған. Оның ішінде 7 мемлекеттік мекеме мен 11 үкіметтік емес ұйым бар. Олар 34 бөлімше арқылы 7,1 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіп келеді. Ең көп сұранысқа ие қызметтердің бірі – үйде көрсетілетін арнайы әлеуметтік қызмет. Биыл оны екі мыңнан астам азамат пайдаланған. Маман азаматтарға арнайы әлеуметтік қызметтерді тек лицензиясы бар ұйымдардан алуға кеңес береді. Оның айтуынша, лицензия мекеменің заң талаптарына сай жұмыс істейтінін, білікті мамандармен қамтамасыз етілгенін және мемлекеттік сапа стандарттарын сақтайтынын көрсетеді.

Жеке көмекшілер беру тәртібі қалай өзгерді?

Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға жеке көмекшілер қызметін ұйымдастыру тәртібі де өзгерді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа қағидаларға сәйкес енді мүгедектігі бар адам, қызмет көрсетуші ұйым және жеке көмекші арасында үшжақты келісімшарт жасалады. Бұл тетік тараптардың құқықтары мен міндеттерін нақтылап, көрсетілетін қызметтің ашықтығы мен сапасына бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Жеке көмекшілердің қызметі үшін төлем әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен жүргізіледі. Төлем нақты көрсетілген сүйемелдеу көлеміне байланысты есептеледі. Бір қызметтің құны – айлық есептік көрсеткіштің 54,56 пайызына тең. Әрбір қызметтің ұзақтығы төрт сағаттан аспайды және айына 60 қызметтен артық көрсетілмейді. Қызмет алушылар көрсетілген көмектің сапасын бағалап, негізді себеп болған жағдайда орындалған жұмыстар актісіне қол қоюдан бас тарта алады. Сондай-ақ қызмет көрсетушінің әрекетіне заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы. Ләззат Сартымбетованың айтуынша, әлеуметтік қорғау жүйесіне енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер мен жаңа бақылау тетіктері мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл өзгерістер әлеуметтік қызметтердің сапасын жақсартып қана қоймай, мүгедектігі бар азаматтардың қажеттіліктеріне жедел ден қоюға және олардың құқықтарын қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Тұрғындар не дейді?

Біз мақала жазу барысында Астана қаласының тұрғыны, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан Қуаныш Сұлтанғазинмен тілдестік. Астана тұрғынының айтуынша, биыл ол ІІ топтағы мүгедектігін еш қиындықсыз 2031 жылға дейін 5 жылға создырған. Сараптамадан өту, мүгедектікті анықтайтын құжатты алу проактивті түрде болған.

«Еш қиындықсыз, сандалусыз өттім. Емхана мен тапсырған талдамаларды дәрігерлердің нұсқаулығын жіберді. Бұрын МСЭК-ке барып, кезек күтетін едік. Қазір оның қажеттілігі жоқ. Барлығы дайын болғанда тек мүгедектікті анықтайтын көк қағазды алып кетесің. 14-20 күннің ішінде барлығы шешіледі. Бұл біздер үшін ұтымды ойластырған іс», – деді Қуаныш Сұлтанғазин.

Қ.САЙЛАУОВА

Астана қаласы 

Сайт Әкімшілігі