Оқиғалар

Мұнай мен газ – ұлттық экономиканың стратегиялық әлеуеті

Мұнай мен газ – ұлттық экономиканың стратегиялық әлеуеті

Фото: 365info

Еліміздің экономикалық дамуында мұнай-газ өнеркәсібінің орны ерекше. Табиғи ресурстарға бай мемлекет ретінде Қазақстан бұл саланы ұлттық экономиканың негізгі тіректерінің бірі ғана емес, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын стратегиялық бағыт ретінде қарастырады.

Сондықтан мұнай мен газ өндіру, оларды тасымалдау және терең өңдеу, жаңа кен орындарын игеру, мұнай-химия өндірісін өркендету – мемлекеттің ұзақ мерзімді экономикалық саясатының басым міндеттері. Соңғы жылдары осы бағыттарда жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар Қазақстанның өндірістік әлеуетін арттырып, отандық өнеркәсіптің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырып келеді.

Бүгінде мұнай-газ секторы ел экономикасының маңызды бөлігін құрайды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, отын-энергетика кешенінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 16 пайызды құрайды. Ал мұнай-газ секторында 1350-ге жуық компания жұмыс істеп, 240 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл көрсеткіштер саланың экономикалық маңызын ғана емес, оның әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін де айқындайды. Өйткені мұнай-газ өндірісінің айналасында құрылыс, көлік, логистика, машина жасау, сервистік қызмет көрсету және басқа да көптеген сала дамиды.

Елдің мұнай өндірісіндегі негізгі басымдықтардың бірі де сол, қолданыстағы кен орындарының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыру. Еліміздегі ірі мұнай-газ жобаларына тартылған инвестициялар өндірістік инфрақұрылымды жаңартуға, технологиялық мүмкіндіктерді жетілдіруге және халықаралық тәжірибені енгізуге жол ашып отыр. Бұл ретте мұнай өндіру көлемін тұрақты ұстап тұрумен қатар, шикізатты тасымалдау бағыттарын әртараптандыру да маңызды міндет саналады.

Былтыр Қазақстанда мұнай экспорты 78,7 миллион тоннаны құрады. Соның 64,8 миллион тоннасы Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданды. Бұл бағыт еліміздің мұнай экспортындағы негізгі арналардың бірі болып қала береді. Сонымен қатар экспорттық логистиканы әртараптандыру мақсатында Баку-Тбилиси-Джейхан бағытында тасымал көлемін жылына 1,2 миллион тоннадан 2,2 миллион тоннаға дейін арттыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұндай бастамалар еліміздің халықаралық энергетикалық нарықтағы орны мен экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді. Экспорттық бағыттардың көбеюі тасымалдау жүйесінің икемділігін арттырып, сыртқы нарықтағы өзгерістерге бейімделу мүмкіндігін кеңейтеді.

Мұнай-газ саласындағы маңызды міндеттердің бірі – шикізатты ел ішінде терең өңдеу көлемін арттыру. Себебі табиғи байлықтың экономикалық тиімділігі оны өндірумен ғана емес, дайын өнімге айналдырумен де өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, елімізде мұнай өңдеу кәсіпорындарын кеңейтуге және олардың өндірістік қуатын арттыруға басымдық беріліп отыр.

Айталық, былтыр 18,4 миллион тонна мұнай өңделіп, мұнай өнімдерінің өндірісі 15,47 миллион тоннаға жетті. Бұл көрсеткіштер отандық мұнай өңдеу кәсіпорындарының өндірістік әлеуеті артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар ішкі нарықты жанар-жағармаймен тұрақты қамтамасыз ету, сапалы мұнай өнімдерін өндіру және импортқа тәуелділікті азайту бағытындағы жұмыстар жалғасын тауып келеді.

Осы мақсатта Шымкент мұнай өңдеу зауытының жылдық қуатын 6 миллион тоннадан 12 миллион тоннаға дейін ұлғайту, Павлодар мұнай-химия зауытының қуатын 5,5 миллион тоннадан 9 миллион тоннаға, Атырау мұнай өңдеу зауытының қуатын 5,5 миллион тоннадан 6,7 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Бұған қоса, жылына 10 миллион тонна мұнай өңдеуге қауқарлы жаңа зауыт салу мәселесі пысықталып жатыр. CaspiBitum кәсіпорнының өндірістік қуатын 1,5 миллион тоннаға дейін ұлғайту да осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі.

Мұндай бастамалар мұнай өңдеу саласының жаңа кезеңге көтерілуіне мүмкіндік береді. Біріншіден, ішкі нарықтағы мұнай өнімдеріне деген сұранысты отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Екіншіден, өндіріс көлемінің артуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңдеу өнеркәсібінің дамуына ықпал етеді. Үшіншіден, шикізатты терең өңдеу арқылы жоғары қосылған құны бар өнімдердің үлесін арттыруға мүмкіндік туады. Бұл – Қазақстан экономикасының шикізаттық бағыттан біртіндеп өңдеуші өнеркәсіпке қарай бет бұруындағы маңызды қадам.

Мұнай-газ өнеркәсібімен қатар табиғи газ саласын дамыту да елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін айрықша мәнге ие. Мысалы газ да электр энергиясын өндіруде, өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысында және халықтың күнделікті тұрмысында кеңінен қолданылатын стратегиялық ресурс. Сондықтан газ өндіру көлемін арттыру, жаңа кен орындарын игеру, газ өңдеу қуаттарын қалыптастыру және магистральдық құбырлар жүйесін кеңейту мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының қатарында тұр.

Былтыр Қазақстанда 68,2 миллиард текше метр табиғи газ өндірілген екен. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 8,6 пайызға жоғары. Өндірістің артуына жаңа кен орындарын игеру және қолданыстағы өндірістік қуаттарды тиімді пайдалану ықпал етті. Атап айтқанда, алынатын қоры 1,5 миллиард текше метр болатын "Барханная" кен орны пайдалануға берілді. Сонымен қатар 2025-2029 жылдарға арналған газ саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітіліп, ресурстық базаны кеңейтуге бағытталған инвестициялық жобалар қолға алынды.

Газ өңдеу саласында да ауқымды бастамалар да сәтті  жүзеге асырылып жатыр. Қашаған кен орнында қуаты жылына 1 миллиард текше метр газ өңдейтін зауыт салу, Жаңаөзенде 900 миллион текше метрлік газ өңдеу кәсіпорнын іске асыру және Қашаған кен орнында қуаты 2,5 миллиард текше метр болатын тағы бір газ өңдеу зауытының жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл кәсіпорындар іске қосылған жағдайда, елдің газ өңдеу мүмкіндігі кеңейіп, ішкі нарыққа қажетті шикізат көлемін арттыруға жол ашпақ.

Газдандыру мәселесі де экономикалық дамумен қатар, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік міндет болып саналады. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысында елдегі газдандыру деңгейі 64,2 пайызға жетіп, 13,1 миллион адам табиғи газға қол жеткізді. Сол жылы "Талдықорған-Үшарал" магистральдық газ құбыры мерзімінен бұрын аяқталды. Бұл жоба өңірлердің газ инфрақұрылымын дамытуға және бұрын табиғи газбен қамту мүмкіндігі шектеулі болған елді мекендерге жаңа мүмкіндік беруге бағытталған. Биыл газдандыру жұмыстарын жалғастыруға 27,6 миллиард теңге қарастырылып, 40 жобаны іске асыру жоспарланған. Сонымен қатар "Бейнеу-Бозой-Шымкент" магистральдық газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңін аяқтау көзделіп отыр. Мұндай жобалар елдің оңтүстік және батыс өңірлерін газбен қамтамасыз ету тұрақтылығын арттырып, магистральдық жүйенің өткізу мүмкіндігін кеңейтеді.

Табиғи газға қолжетімділіктің артуы ауылдық елді мекендердің әлеуметтік жағдайына да оң әсер етеді. Тұрғындар үшін тұрмыстық қолайлылық қалыптасып, қатты отынды пайдалануға деген қажеттілік біртіндеп азаяды. Сонымен қатар газдандыру шағын өндіріс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға және елді мекендердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Демек, газ құбырларын салу тек инфрақұрылымдық құрылыс емес, өңірлердің болашақ экономикалық дамуына салынған инвестиция.

Еліміздің мұнай-газ саласындағы жаңа мүмкіндіктердің бірі – мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамыту. Бұл бағыт шикізатты терең өңдеп, халықаралық нарықта сұранысқа ие дайын өнім шығаруға жол ашады. Мұнай мен газдан полимерлер, химиялық материалдар және өнеркәсіпке қажетті басқа да өнімдерді өндіру арқылы отандық өндірістің қосылған құнын арттыруға болады.

Былтыр  мұнай-газ химиясы өнімдерінің өндірісі 619,2 мың тоннаны құрады. Бұл 2023 жылғы 358 мың тоннамен салыстырғанда айтарлықтай өсім. Өндіріс көлемінің ұлғаюы салаға тартылған инвестициялар мен жаңа кәсіпорындардың қалыптасуының нәтижесі. Қазір Атырау облысында жылына 1,25 миллион тонна полиэтилен өндіруге арналған ірі газ-химия кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаның құны шамамен 7,4 миллиард АҚШ долларын құрайды. Кәсіпорын іске қосылғанда, елде полимер өнімдерін өндіру көлемі едәуір артып, отандық шикізаттан дайын өнеркәсіптік өнім шығарудың мүмкіндігі кеңейеді. Сонымен қатар Павлодар қаласында жылына 100 мың тоннаға дейін алкилат өндіретін зауыт құрылысының басталуы да мұнай-газ химиясы өндірісін әртараптандыруға бағытталған маңызды қадам.

Бұл жобалардың тиімділігі тек өндіріс көлемімен өлшенбейді. Бұлар жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық мамандардың біліктілігін арттыруға, технологиялық білім мен тәжірибе алмасуға және шағын әрі орта кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етеді. Ірі өндіріс орындарының айналасында қосалқы кәсіпорындар, сервистік компаниялар мен логистикалық орталықтар қалыптасып, өңірлердің экономикалық белсенділігі артады.

Жалпы алғанда, Қазақстанның мұнай-газ саласындағы бүгінгі даму бағыты табиғи ресурстарды тиімді игерумен қатар, оларды терең өңдеуге және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға негізделген. Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту, газ өндірісі мен өңдеу қуаттарын арттыру, халықты газбен қамту және мұнай-газ химиясы кешендерін дамыту – ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ететін өзара сабақтас міндеттер.

Бүгін жүзеге асырылып жатқан жобалар Қазақстанның энергетикалық және өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып қана қоймай, халықаралық нарықтағы орнын да бекемдей түседі. Табиғи байлықты тиімді пайдалану, заманауи технологияларды енгізу және өңдеу өнеркәсібін өркендету арқылы еліміз шикізат жеткізуші мемлекеттен жоғары технологиялық өндірісі қалыптасқан индустриялық экономикаға қарай нық қадам басып келеді. Демек бұл да елдің экономикалық дербестігін нығайтып, болашақ ұрпаққа тұрақты өндірістік негіз қалыптастыруға бағытталған маңызды стратегиялық бағдар деп қараған дұрыс.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: газ