Сараптама

Мұнайсыз-ақ дамыған Қазақстан экономистерді қалай «мүйіздестірді»?

Ұлттық статистика бюросы мен Ұлттық экономика министрлігінің соңғы мәліметтеріне сүйенсек, 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 4,1 пайызға өскен.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Бұл бір қарағанда, жай ғана экономикалық көрсеткіш сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның астарында маңызды өзгеріс бар. Өйткені Қазақстан экономикасы мұндай өсімді әлемдік нарықтағы тұрақсыздық пен мұнай өндірісінің 8,9 пайызға төмендеп, 53,2 млн тоннаға дейін қысқарғанына қарамастан көрсетіп отыр. 

Шикізатқа тәуелділіктен арылдық па?

Бұған дейін экономикамыз мұнайға қатты тәуелді болды. Сондықтан мұнай өндірісінің мұндай төмендеуі ел экономикасының жалпы өсіміне кері әсер ететін. Бірақ соңғы жылдары бұл тәуелділік біртіндеп азайып келеді.

Мәселен, 2010 жылдардың басында мұнай өндіру саласының ЖІӨ-дегі тікелей үлесі 16,5 пайыз болған. Ал мұнай бағасы жоғары болған кейбір жылдары оның жанама әсерлерін қоса есептегенде, бұл көрсеткіш 20 пайыздан асып кететін. Салалық мамандардың пайымдауынша, қазір жағдай өзгерген. 2024 жылы ЖІӨ-дегі шикізаттың үлесі 8,1 пайызға дейін төмендеді. 2025 жылдың қорытындысында мұнай өндірудің ЖІӨ-дегі үлесі тарихи ең төменгі көрсеткішке, яғни 7,8 пайызға дейін қысқарыпты. Демек, 10-15 жылдың ішінде мұнайдың ел экономикасындағы тікелей үлесі екі еседен астам азайған. Бұл Қазақстан экономикасының біртіндеп, тек мұнай бағасына тәуелді болмай, басқа салалардың есебінен де өсіп келе жатқанын көрсетеді.

«Аналитик» талдау және сараптау орталығының маманы, экономист-сарапшы Марал ТӨРТЕНОВАНЫҢ сөзіне сүйенсек, қазір мұнай өндірісі төмендеген кезде экономиканың басқа салаларының маңызы артқан. 2026 жылдың алғашқы 7 айында шикізаттық емес сектор 5,4 пайызға өскен. Осылайша, ол жалпы экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды.

«Мұны әсіресе өңдеу өнеркәсібінен көруге болады. Бұл сала жалпы алғанда 9,0 пайызға өскен. Жекелеген салалардағы өсім де жоғары. Фармацевтика – 38,5 пайыз, дайын металл бұйымдарын өндіру – 35,0 пайыз, химия өнеркәсібі – 26,9 пайыз, машина жасау – 22,0 пайыз, тамақ өнімдерін өндіру – 13,9 пайыз. Бұл көрсеткіштер Қазақстанда тек мұнай, газ және басқа да шикізатты өндірумен шектелмей, дайын өнім шығаруға көбірек көңіл бөлініп жатқанын көрсетеді», – дейді экономист-сарапшы.

Маманның сөзінше, өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі қазірдің өзінде таза тау-кен өндіру секторынан асып түскен. Бұл экономика құрылымында жаңа тепе-теңдік қалыптасып келе жатқанын білдіреді.

Құрылыс пен көлік саласынан үміт күтуге бола ма?

Экономиканың дамуына өндіріс орындарымен қатар, құрылыс пен көлік саласы да әсер етуде. Есепке сүйенсек, құрылыс саласы 15,3 пайызға, ал көлік және тауарларды белгілі бір мерзімге дейін қоймада сақтау қызметі 7,4 пайызға өскен.

«Соңғы жылдары транзиттік, автомобиль және теміржол инфрақұрылымын дамытуға көп инвестиция салынды. Мысалы, Батыс пен Шығысты жалғайтын Орталық дәліз, яғни Транскаспий бағыты сияқты балама логистикалық жолдар Қазақстан үшін маңызды бағытқа айналып отыр. Мұндай бағыттар сыртқы геосаяси жағдай күрделенген кезде сауда ағынын сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, отандық тауар өндірушілер мен шағын және орта бизнеске жаңа нарықтарға шығуға жол ашады», – дейді сарапшы Марал Төртенова.

Маманның пайымдауынша, мұнай өндірісі 8,9 пайызға төмендегеніне қарамастан, Қазақстан экономикасының 4,1 пайызға өсуі ел экономикасында құрылымдық өзгерістер болып жатқанын көрсетеді. Бұған отандық өндірісті қолдау, инвестицияны шикізаттық емес салаларға бағыттау және экономиканы әртараптандыру бойынша жүргізілген жұмыстар әсер еткен. Ең маңызды өзгерістің бірі – мұнайдың ЖІӨ-дегі үлесінің 20 пайыздан 7,8 пайызға дейін қысқаруы. Бұл Қазақстан экономикасының сыртқы экономикалық өзгерістерге төтеп беру мүмкіндігін арттырады.

Тоқмейілсуге болмайды

Кәсіпкер Азат Қонысбековтің сөзінше, бұл нәтижеге тоқмейілсуге болмайды. Алдағы міндет – өңдеу өнеркәсібінің қазіргі қарқынын сақтау, ішкі нарықты отандық өніммен көбірек қамтамасыз ету және қазақстандық тауарлардың экспорттық мүмкіндігін арттыру.

«Қазақстан үшін ендігі мақсат мұнай өндіру көлеміне ғана емес, ел ішінде өндірілетін дайын өнім мен көрсетілетін қызметтердің көлеміне сүйеніп, өсетін экономика қалыптастыру», – дейді кәсіпкер.

Азат Қонысбековтің түсіндіруінше, бізде қағаз жүзінде отандықбизнес экономиканы әртараптандыруға үлес қосып жатқан шығар. Бірақ іс жүзінде «толымды істер атқарылып жатыр» дей алмаймыз. Біз статистиканы көркемдеуді, әсемдеуді өте жақсы көреміз. Ал шынайы жұмыс істеуге келгенде бетпердеміз ашылады. Экономиканы әртараптандыру жоспары да тура осындай. Сыртынан қарағанда барлығы әсем, ал шын мәнінде мәселе көп.

«Мәселен, бір кездері қағаз жүзінде өндіріс орындарын жаппай аштық. Қарағандыда күн батареяларын шығаратын зауыт іске қосылды. Қаскелеңде спорттық доп өндіретін кәсіпорын ашылды. Тіпті экс-президент Назарбаевтың өзі барып, салтанатты түрде тұсауын кескен нысандардың кейбірі арада бір апта өтпей жұмысын тоқтатып қалған жағдайлар болды. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда тіркелгенімен, іс жүзінде жұмыс істемей тұрған 120 мың кәсіпорын бар. Бұл – жай ғана болжам емес, ресми статистикада көрсетілген мәлімет. Жалпы, осы уақытқа дейін елімізде ірілі-ұсақты кәсіпорындар мен компаниялар аз ашылған жоқ. Олардың арасында жоғары деңгейде таныстырылып, «серпінді жоба», «индустриялық серпіліс» деп бағаланғандары да болды. Экс-президенттің өзі барып ашқан кәсіпорындардың кейін жұмысын тоқтатқанын көрдік. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған кейбір зауыттар да арада бір жыл өтпей қиындыққа тап болып, өнім шығармай жабылып қалды. Бір кездері үлкен науқанмен, жоғары деңгейдегі салтанатпен ашылған талай жобаның кейін із-түзсіз жоғалғанын көрдік. Егер сол кезде іске қосылған кәсіпорындардың барлығы бүгінге дейін тұрақты жұмыс істеп тұрғанда, экономикамыздың қазіргі жағдайы әлдеқайда өзгеше болар еді деп ойлаймын. Бюджет тапшылығы мәселесі де дәл қазіргі деңгейде болмас еді. Қазір де көптеген инвестиция тартылып жатыр. Енді мұндай берекетсіздікке жол беруге, тоқмейілсіп, жоспарды қалай болса солай құруға болмайды. Әрбір істелген жұмысқа нақты бақылау, нақты есеп болуы керек», – деді кәсіпкер Азат Қонысбеков.

Фото: Суретте Атамұрат Шәменов

Ал экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат ШӘМЕНОВТІҢ ойынша, алдағы уақытта көпжылдық жоспарлар арқылы экономиканы реттейміз дегенге сенім арта бермеу керек.

«Мен көпжылдық жоспарларды үкіметтің қиялы дер едім. Қиялдап, бұлттың үстіне де ұшып шығуға болады. Бізге керегі – қазір болуы ықтимал өзгерістерді бақылап, саралап отырып, әр жыл сайын жоспар құру керек», – деді экономист-ғалым.

Маманның пікірінше, қазір халықаралық жағдайларға байланысты әлем экономикасы күнде өзгеріп жатыр. Мұны ескерместен, 2035 жылға дейін, тіпті сонау 2072 жылға дейін жоспар құра беру қисынсыз. Оған дейін кім бар, кім жоқ?! Алып, мызғымастай ел көрінген КСРО-ның өзі ыдырады. Социалистік жүйе тарих қойнауына кетті. Кеңес кезінде «жоспарлы экономика бізді коммунизмге жеткізеді» деген ұстаным болды, бірақ ол мақсаттың өзі жүзеге аспады.

«Сондықтан қазір бізге ұзақ мерзімді, бұлыңғыр жоспарлардан гөрі, нақты нәтижеге бағытталған қысқамерзімді міндеттер қажет. Бір жыл ішінде қандай мәселені шешетініміз анық болуы керек. Ал бір-екі жылда аяқталатын жобалардың жоспары нақты әрі мықты жасалуы тиіс. Бұл мәселеге Үкімет пен Ұлттық банк ерекше мән бергені жөн», – дейді экономист-ғалым.

Әдемі есеп, көпірме ұран құтқармайды

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, қазір отандық компаниялардың өндірістік мүмкіндігін арттырып, олардың нарықтағы белсенділігін күшейту – маңызды міндеттердің бірі. Бюджеттің тапшылығын азайту үшін отандық кәсіпорындардың табысы артып, мемлекетке нақты пайда әкелуі керек. Сарапшылар алдағы саяси науқан өткеннен кейін де «жылтыр сөз бен құрғақ статистикадан» аулақ болуға шақырып отыр.

Рас, Бектенов отандық компаниялардың мемлекетке пайда әкелуі қажеттігін жиі көтеріп келді. Тіпті былтыр мемлекетке айтарлықтай пайда әкелмейтін жаңа мемлекеттік кәсіпорындар мен компанияларды құруға мораторий жарияланды. Бұл мораторий 2027 жылға дейін жалғасады. Енді мемлекеттік кәсіпорын немесе компанияны тек екі жағдайда ғана құруға рұқсат етіледі. Біріншісі – «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңды жүзеге асыру қажет болған жағдайда. Екіншісі – президенттің тікелей тапсырмасы бойынша айрықша жағдайларда ғана.

«Аналитик» талдау және сараптау орталығының экономист-сарапшы Тоғжан ШАЯХМЕТОВАНЫҢ пайымдауынша, нақ осы өте дұрыс қабылданған шешім болды. Себебі мұндай шектеулер енгізілгенге дейін Қазақстанда түрлі деңгейдегі кәсіпорындар мен компаниялар көптеп құрылды. Бұл үрдіс әсіресе экс-президенттің кезінде индустриялық жобалар қатарында ашылған кезеңде қатты белең алды. Сол тұста ашылған кейбір зауыттар мен кәсіпорындар арада бір жыл өтпей-ақ қиындыққа тап болып, өнім шығармай жабылып қалды.

«Бір ғана мысал келтірейін, ол – 2006 жылы Солтүстік Қазақстан облысында ашылған «Биохим» зауыты. Оның салтанатты ашылуына да Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Жобаның құны 88,6 млн АҚШ доллары болған. Кәсіпорын сол кезде «ТМД көлемінде теңдесі жоқ жоба» ретінде сипатталған еді. Жоспар бойынша өнімнің 30 пайызы Қазақстанда, ал 70 пайызы экспортта сатылуы тиіс еді. Сонымен бірге кәсіпорында 300-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілді. Бірақ 2012 жылы компания банкрот деп танылды. Міне, осындай кәсіпорындар бүгінге дейін тұрақты жұмыс істеп тұрғанда, ел экономикасының қазіргі жағдайы да өзгеше болуы мүмкін еді. Нарықта жұмыс істемей тұрған компаниялардың көп болуы жалған статистикаға жол ашады. Яғни қағаз жүзінде «пәленбай мың компания жұмыс істеп тұр» деп, көрсеткішті көбейтіп көрсетуге болады. Бірақ олардың нақты не себепті жұмыс істемей тұрғанын, белсенділігінің неге төмендегенін арнайы зерттеп, талдайтын орган жоқ. Меніңше, бізге осы жағын қатаң бақылауға алу керек. Елдегі компаниялардың нақты жұмыс істеп тұрғанын талдап, таразылап отыратын орган керек. Сол кезде біздің мұнайға тәуелділігіміз азайып, ел экономикасы қуатты болады», – дейді сарапшы Тоғжан Шаяхметова.

Жалпы, мамандардың ойынша, жұмыс істемей тұрған компанияларға қатысты да нақты шешім қажет. Саны бар болғанымен, сапасы жоқ, тек статистикадағы көрсеткішті көбейтіп тұрған кәсіпорындарды сақтай бергеннен пайда жоқ. Олардың орнына нақты өнім шығаратын, бюджетке салық төлейтін және экономикаға пайда әкелетін кәсіпорындардың дамуына жағдай жасау керек.

Сөйтіп, мамандардың сөзінен түйгеніміз – экономиканы әртараптандыру, мұнайға тәуелділіктен арылу – жаңа зауыттың тұсауын кесуде емес, оның 10-15 жылдан кейін де жұмыс істеп тұруында. Мемлекеттік қаржы мен инвестиция салынған жоба ертең жабылып қалса, оның аты ғана «индустриялық серпіліс» болғаны. Ал шын мәнінде, ол – бюджетке түскен салмақ, жоғалған мүмкіндік және қоғамның сеніміне түскен сызат. Қазақстанға енді әдемі есеп пен көпірме ұран емес, нақты жұмыс істейтін өндіріс керек. Қағаздағы мың кәсіпорыннан бюджетке салық төлейтін жүз кәсіпорын әлдеқайда құнды. Өйткені экономиканың қуаты оның статистикадағы көлемімен емес, нақты өндірген өнімімен өлшенеді.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: қазақ мұнайы