Мырзахметов мықты ма, әлде Ноғаев мықты ма?
Кез келген әкім қызметке тағайындала салысымен өз «командасын» жинайтыны жасырын емес.
Біреулері кадрды сырттан әкеледі, енді біреулері жергілікті кадрлардың ішінен таңдайды. Әйтеуір, аз уақыттың ішінде төңірегіне өзіне берілген, сенімді деген адамдарды топтастырып алады. Әрине, мұның бәрі әкімнің мамандарды көре білу, тани білу, бағалай білу қасиеттеріне де байланысты. Шыны керек, көп әкімдер бұрын өзі сырттай ғана білетін өңірге басшы болып тағайындалса, құдды бір Африкадағы аң терісін жамылатын бір тайпаның көсемі болып тағайындалғандай біразға дейін ешкімді жақтырмай жүреді. Оған жергілікті кадр да ұнамайды, олардың істеген тірлігі де ұнамайды, бұған дейін жасалған жұмыстар да ұнамайды. Барлығына мұрнын шүйіріп қарайды. Өзіне дейінгі тірліктің барлығын дерлік жоққа шығаруға тырысады. Содан жергілікті жұртқа қасық, шанышқымен ас ішуді қайтадан үйретуге кірісіп кететіні бар. Яғни ә дегеннен орманға қарап ұлып, сол жақтан тамыр-таныстарын шақыруға тырысады. Сөйтіп, «бір адам таққа отырса, қырық адам атқа отырадының» кері келеді. Әкімдер үшін жергілікті кадрмен жұмыс істеудің бір жеңілдігі бар. Керісінше, сырттан кадр әкелудің бір қиындығы бар. Алла өзі сақтасын, бірақ жергілікті кадрдың бірі істі боп қалса, жаңадан келген әкім «бұл мен тағайындаған кадр емес, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан маман» деп басын алып қашады. Әрине, жұмысты қабылдап алған соң, қол астындағы кадрлардың барлығына бірінші басшы жауап береді. Бірақ, шынында, бұрыннан істеп келе жатқан кадр болғандықтан, әкімге көп сөз тие қоймайды. Ал өзі әкелген кадр ұсталып қалса, жұрт «міне, сырттан мақтап әкелген кадрының жеткен жері осы болды. Сонда бұл кадрды не үшін, не мақсатпен әкелген?» деп, бір ғана фактімен әкімнің бүкіл кадрлық саясатын тас-талқан етіп тастайды. Сондықтан әкімдер сырттан келетін кадрларға мейлінше, өте сақ қарайды. Бірақ, шынын айту керек, әл-әзірге қол астындағы кадрлардың қылмыстық ісі үшін басымен жауап беріп, ар-ұяты қысып, өз еркімен қызметінен кеткен бірінші басшылар өте сирек. Тіптен санап жіберсек, құдай біледі, бір қолдың саусағына жете ме, жетпей ме?.. «Орынбасарымның қомақты пара алғаны нақты дәлелденіп, сот жазаға тартып жатса, қызметімнен кетуге дайынмын» деп сөз берген бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков орынбасары жазаға тартылғаннан кейін де креслосын тарс құшақтап, уәдесінен тайқып шыққаны елдің бәріне мәлім. Жалпы алғанда, әкімдердің сырттан кадр әкелу мәселесі өмірі бітпейтін «жыр». Әкімдік қызметтің майын ішіп тауысқан Бердібек Сапарбаев, Қырымбек Көшербаев, Иманғали Тасмағамбетов, Серік Үмбетов сияқты тұлғалар да бұл даудан құтыла алмады. Олар да қайда және қандай қызметте жүрсе де, өз тобымен, өзінің сенімді адамдарымен, өз «командасымен» бірге жүрді. Осыдан кейін біздің билікте «көкесі, жәкесі, тіреуіші» кадр жоқ па деп қаласың. Үлкен билікте жүргендердің барлығы, әйтеуір, біреудің кадры, біреудің «командаласы», бір мықтының «адамы». Ендеше, әкімдер «команданы» не үшін жинайды? Қол астында мамандар армиясы тұрса да, неге сырттан кадр әкелуге құмар? Әрине, ең алдымен аузымызға түсетіні – жұмысты жаңаша жүргізу үшін басқа жақтан тәжірибелі басшылар шақырады. Бірақ осыдан нақты нәтиже бар ма? Облыс әкімі өз орынбасарын ілестіре келіп, ол басқарма басшысын әкеліп, онысы бөлім басшыларын ауыстырып, опай-топайын шығарып, бәрі қызметке қарық болып, бәрі қызметтік пәтерде тұрып, қызметтік көлік мініп, бір-екі жылдан кейін келген жағына кетіп қалу үйреншікті үрдіске айналып бара жатқан жоқ па? Шыны керек, мұндай «көшпелі кадрлардан» облыс қазынасының ортайғаны болмаса, нақты пайда болмай тұр. Осыдан кейін ел ішінде әкімдер төңірегіне сенімді адамдар жинау арқылы басқа да жасырын ойлары бар ма деген әңгімелердің айтылатынын жасыра алмаймыз. Әйтеуір, біздің әкімдер сырттан кадр әкелуге өте құмар. Осыдан екі жыл бұрын ғана VI шақырылымдағы парламенттің бірінші сессиясында президент Н.Назарбаев: «Командалық ауысу тәжірибесі тоқтатылды. Бұрын бірінші басшының ауысуымен бірге адамдардың бүкіл тобы ауысатын, солай болатын...» – деп, мұндай ауыс-түйістерге енді жол берілмейтінін сеніммен айтқан болатын. Бұл жерде президент жергілікті кадрларды өсіру керек екенін, сырттан кадр әкеліп, босқа шығын болмау керек екенін астарлап айтқаны ақиқат. Шынында, көре білгенге жергілікті жерде де білікті кадрлар жеткілікті емес пе? Бірақ президенттің айтқанын кейбір әкімдер елең қылмай отырған сияқты. Біз бұл мақаламызда еліміздегі алты өңірдегі ауыс-түйістерге тоқталып, облыс әкімдерінің негізгі қызметтерге әкелген кадрларын ғана жазып отырмыз. Ал ол кадрлар соңдарынан тағы да бір кадрлар әкеліп, опай-топай болып жатқандары тағы да жасырын емес.Сонымен...Атырау облысы[caption id=«attachment_8531» align=«alignleft» width=«300»] Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев[/caption]Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев 2010 жылдың сәуір айынан бастап Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, 2012 жылдың қаңтар айы мен 2016 жылдың наурыз айы аралығында Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметтерін атқарды. Былайша айтқанда, Батыс Қазақстан жері Ноғаевтың бағын ашты, осы өлкеде өсті-өнді, үлкен қызметке қол жеткізді. Өзінің кім екенін танытты. Содан ба, қайда жүрсе де, Атыраудың қазіргі әкімі Оралдағы «командасын» қасынан тастаған емес.Жақында ғана Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өзінің жаңа бірінші орынбасарын таныстырды. Нақтырақ айтсақ, бұрынғы бірінші орынбасар Сағындық Лұқпановтың басқа қызметке ауысуына байланысты оның орнына Серік Шапкенов келді. Бұл азамат 2002-12 жылдары мемлекеттік қызметте қаржы басқармасының жетекші маманынан бастап, Батыс Қазақстан облыстық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысына дейінгі лауазымдарды атқарған. 2012 жылдың қаңтарында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, тамыз айында бірінші орынбасары болды. 2016 жылдың шілдесінен бүгінге дейін Атырау қаласының әкімі қызметін атқарды.Дәл сол күні Нұрлан Ноғаев қалалық мәслихат депутаттарына Атырау қаласының жаңа әкімінің кандидатурасын ұсынды. Бұл қызметке Алимұхаммед Құттымұратұлы келді. Қаланың су жаңа әкімі де 2012-16 жылдары Орал қаласы әкімінің орынбасары, одан Атырау облысы әкімі аппаратының жетекшісі, Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы, Махамбет және Жылыой аудандарының әкімі қызметтерін атқарған.Бұдан бөлек, Жылыой ауданының әкімі – Азамат Бекет. Ол алдымен Атырау облыстық спорт және денешынықтыру басқармасына басшы болып тағайындалған болатын. Көп ұзамай аудан әкімі болды. Сондай-ақ Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асқар Жанахмет, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Иғалиев, мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Алмагүл Баймағамбетова, экономикалық бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айдар Нұралиев. Бұл лауазымды басшылардың барлығы Нұрлан Ноғаев Атырау облысына әкім боп тағайындалғаннан кейін «командалық» топпен бірге ілесіп келген. Өмірбаяндарына көз жүгіртсеңіз, барлығы бұған дейін Батыс Қазақстан облысында әртүрлі қызметтер атқарған. Тек соңғы жылдары тағайындалған мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Рашит Әліпбаев пен кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізовтер бірі көрші Маңғыстау облысынан, екіншісі Астана қаласынан ауысып келіпті.Жамбыл облысы[caption id=«attachment_18076» align=«alignleft» width=«300»] Асқар Мырзахметов[/caption]Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бұл қызметке осы жылдың басында ғана тағайындалды. Әзірге бірде-бір ауданның әкімін ауыстырған жоқ. Тек бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан бір орынбасарын Тараз қаласының әкімі етіп тағайындады. Осылайша Асқар Исабекұлы әл-әзірге басқарма басшылары мен аппарат қызметкерлерін ауыстырумен ғана шектелуде. Сонымен, Асқар Мырзахметов ә дегеннен облыс әкімдігі аппараты жетекшісінің орынбасары етіп Ләззат Смағұлованы, кеңесшісі етіп Еркебұлан Дауылбаевты, облыстық энергетика басқармасына басшы етіп Нұрлан Алдамжаровты тағайындап тастаған болатын. Бұл үшеуінің де өмірбаяндарына көз тастасаңыз, алды Асқар Исабекұлымен сонау Өзбекстанда елші болған кезінен бері, одан кейін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, ауыл шаруашылығы министрі болған кездерден бері бірге қызметтес боп келе жатқаны тайға таңба басқандай жазулы тұр. Жақында ғана Еркебұлан Дауылбаев облыс әкімінің орынбасары қызметіне жоғарылады. Бұдан бөлек, облыстық қаржы басқармасына Роза Исаеваны, ауыл шаруашылығы басқармасына Берік Нығмашевті, мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасына Қанат Айтқұловты, ішкі саясат басқармасына Берік Құрманғалиды басшы етіп тағайындады. Бұл лауазымды тұлғалардың алды Асқар Исабекұлымен Оңтүстік Қазақстан облысында, кейінгілері ауыл шаруашылығы министрлігінде бірге қоян-қолтық жұмыс істеген.Түркістан облысы[caption id=«attachment_16234» align=«alignleft» width=«300»] Түркістан облысының әкімі[/caption]Жақында ғана киелі Түркістан шаһарына қарай көшті бастаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бұл өңірге 2015 жылдың қазан айының басында басшы болып келген еді.Түймебаевтың алғашқы тағайындаған кадрларының бірі өзінің орынбасары Бауыржан Жамалов болатын. Кәсіпкер әрі облыстық мәслихаттың депутаты Б.Жамалов бұған дейін мемлекеттік қызметте істеп көрмегендіктен шығар, бір жарым жылдан кейін ың-шыңсыз кетіп қалды. Оның орнына Астанада жұмыс істеп жүрген Ербол Тасжүреков тағайындалды. Былтыр күзде оқуға кеткен облыс әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаевтың орнына сырттан Төлеген Сәрсембаев деген кадр тағайындалды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды да былтыр күзде аяқастынан оқуға кетіп, оның орнына Түркістанның әкімі Әліпбек Өсербаев тағайындалған еді. Облыс орталығы ауысқан соң, Ә.Өсербаев қайтадан Түркістан қаласының әкімі болып кетті де, оның орнына Екібастұздың әкімі Қайрат Нүкенов келді. Өмірбаяндарына қарасаңыз, Тасжүреков, Сәрсембаев, Нүкеновтің бұрын-соңды Түймебаевпен қызметтік жолдары түйіспеген. Екі арада қандай байланыстың барын, бұған кімнің ықпалы жүргенін ел әзірге түсіне алмай әлек. Дегенмен де бұл кадрларды Жансейіт Қансейітұлы көрмей-білмей, танымай ала салды дегенге ешкім сенбесе керек. Ал облыстық білім басқармасының қазіргі басшысы Исатай Сағындықов пен қазіргі облыс әкімі сонау білім және ғылым министрлігінде, одан кейін елшілікте қоян-қолтық бірге жұмыс істеген. Дәл қазір Түркістан облысының бірқатар басқарма басшыларының креслолары бос тұр. Облыс әкімінің сырттан келген үш орынбасары алдағы уақытта бұл қызметтерге өз кадрларын тасумен әлек болып, жергілікті мамандар тағы да жер сипап қала ма деген күдік жоқ емес.Шымкент қаласы[caption id=«attachment_13341» align=«alignleft» width=«300»] Ғабидолла Әбдірахымов[/caption]Ғабидолла Әбдірахымов шырайлы қаланың әкімі боп кіріскен алғашқы күндердің бірінде-ақ Данат Жумин деген азаматты өзіне орынбасар етіп тағайындады. Ол бұрын өзінің штаттан тыс кеңесшісі болған. Одан кейін «Нұр Отан» партиясында бірге жұмыс істеді. Келесі тағайындаған тағы бір орынбасары – Нұрсадық Ергешбек Әбдірахымовтың Шымкенттен тапқан сенімді кадрларының бірі десе де болады. Бұл шаһар әлі облысқа қарап, Әбдірахымов қала әкімі боп тұрған кезде Н.Ергешбекті қаланы жылумен қамтамасыз ететін «Қуатжылуорталығы» кәсіпорнына директор етіп апарған еді. Енді, міне, соңғы тағайындауда бірден қасына тартып, орынбасар етіп алды. Қалада жаңадан құрылған білім бөлімінің басшысы Ақерке Абылайхан – Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Рас болса, бір кездері «Болашақ» бағдарламасы бойынша Әбдірахымовпен Германияда бірге оқыған көрінеді. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жаңадан тағайындалған басшысы Нұрлан Әмірбекұлы – Әбдірахымовтың жерлесі. Сарыағаш ауданының тумасы. Өмір бойы Қостанай облысында кеден саласында еңбек еткен. Соңғы бір-екі жылда Қостанай облысында аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарыпты. Бұған дейін Сарыағаш, Төлеби аудандарын басқарған Бұхарбай Парманов Шымкент қаласының Абай ауданына әкімі болып тағайындалды. Сарыағаштық Пармановтың та Әбдірахымовпен жақын қарым-қатынаста екендігі бұрыннан айтылатын. Шымкент қаласында да бірқатар басқарма, басқа да мемлекеттік мекеме басшыларының орындары бос тұр.Маңғыстау облысы«Сырттан кадр әкелді» деген дауға ілігіп, жұрттың сөзіне қалғандардың бірі – Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов. Осы көктемде бірқатар ақтаулық азамат әлеуметтік желілерде облыс басшысының бұл әрекетін сынап жазды. Ақтаулық азаматтардың айтуына қарағанда, Ералы Тоғжанов әкім болғалы бері сырттан 50-ге жуық кадр әкелген. Оның 15 шақтысы ірі қызметтерді иеленген. Облыс әкімінің үш орынбасары сырттан келді. Осынау 50 адамға бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан ақтаулық қызметкерлер ығысып орын берген. Осыншама адамға мемлекет есебінен пәтер жалданып жатыр. «Мұның бәрі шығын емес пе? Әрине, әкелген кадрлары, шынында, жергілікті жұртты таңғалдыратындай іскер болса, бірсәрі… Тек екі-үшеуі ғана болмаса, басқасының елге үлгі болатындай алғырлығын көрмедік. Әйтеуір, әкімнің айтқанына бас шұлғып, қасына еріп жүруден басқа бітірген түктері жоқ...» дейді олар.Әрине, Ералы Тоғжанов бұл дауды енді естіп, енді біліп тұрған жоқ. Әкімге бұған дейін де бұл сұрақ қойылған болатын. Маңғыстау облысының әкімі «жергілікті кадрмен жұмыс істемейді, билікке өз командасын ерте келді» дегендерге биылғы халыққа есеп беру кездесуінде жауап берді.«Мен Оралдан келгенде бір ғана Әсел деген қызды алып келдім. Әселдің өзі Маңғыстаудың тумасы. Оралда қызмет етіп жүр екен. Мен Оралдан қыздарыңызды өздеріңізге алып келдім. Өздеріңіздің уыздай қыздарыңыз бұрын көбісі атқара алмаған жұмыстарды үш жұманың ішінде тындырды. Тоғжанов отырып алып ойына келгенді істей бермейді. Барлығы президент аппаратындағылармен келісе отырып шешіледі. Мемлекеттік қызмет жершілдік, рушылдық мәселесімен тағайындалмайды. Қайта мен маман таппай жүрмін. Мемлекеттік қызметте 409 орын бос тұр. Оның 38-і басшылық қызмет», – деген еді сол жолы Ералы Тоғжанов. Дегенмен облыс әкімінің сайтынан аудан әкімдері мен басқарма басшыларының барлығы дерлік жергілікті кадрлар екенін білдік. Соған қарағанда жергілікті азаматтар «сырттан 50 кадр әкелді» дегенде сол басқармалар мен әкімдіктердегі кішігірім қызметкерлерді де қосып жіберген сияқты. Тек Ералы Тоғжановтың бұйрығымен сырттан келген кадр ретінде ішкі саясат басқармасының басшысы Жұмағали Құрманбек, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғатбек Бапиев, Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков тағайындалыпты. Ал облыс әкімінің үш орынбасары: Серік Аманғалиев, Мақсат Сқақов, Руслан Сакеевтің бұған дейін, шынында, Маңғыстау жерінде еңбек етпегендері өмірбаяндарынан көрініп тұр. Тоғжанов «Әселді әкеліп едім» деп облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары Әсел Балманованы айтып отырғаны анық. «Жиырма жастан енді асқан жап-жас қыз қызметте қаншалықты тәжірибесі мол, еңбек жолын енді ғана бастаған ол кімге ақыл-кеңес береді?» деп ренжіген болатын жергілікті азаматтар.Әрине, бұл мәселе бойынша кез келген әкім ақталып, осынау кадрлық өзгерістерге орынды уәж табатыны анық. Иә, ақталуға келгенде әкімдер өте шебер ғой. Әйтеуір, өз әрекеттерінің жымын білдірмей жібереді. Әйтсе де «Халық айтса, қалт айтпайды» деген, жұрттың айтқанында бір шындық бар екені анық. Біреу-екеу емес, бақандай бірнеше кадрды не үшін сырттан әкелгенін айтып, өз-өзін ақтап алуы мүмкін бе? Әкімдердің көңілі жергілікті кадрларға не үшін толмайды? Соған қарағанда барлық әкім өз «командасын» жинап, өз тобымен жұмыс істеуге дағдылана бастағаны ма деген ойға қаласың. Біздіңше, баяғыдай жас кадрды баптап, бірте-бірте қанатын қатайтып, сатылап көтеру үрдісі ұмытылып бара жатқан сияқты. Әйтпесе осыншама елдің ішінен бір жөні түзу кадр табуға болар еді ғой. Әрине, «Істің тетігін кадр шешеді» деген қағидаға сүйенсек, кадрды Марстан, Айдан әкелсе де, ең бастысы, жұмысы жүруі керек емес пе? Осы жағынан келгенде Қазақстанның кез келген азаматы еліміздің кез келген аумағында қызмет істеуге құқылы. Ең бастысы, адал, іскер, білімді болуы қажет. Бірақ әкімдер өз қолымен жасаған бұл ауыс-түйістермен сол өлкеде адал, іскер, білімді азаматтар жоқ дегенді білдіріп отыр ма, қалай, өзі...«Жас Алаш» газеті