Әлеумет

Назарбаев Университетінің пәтерінен қару табылуы: күдіктілер қамалмаған

Астанадағы Назарбаев Университетіне тиесілі жалдамалы пәтерден қару-жарақ табылуына қатысты резонанс тудырған іске байланысты Ішкі істер министрлігі жаңа мәліметтерді жариялады.

Фото: polisia.kz

 Тергеу барысы туралы Сенат кулуарында ІІМ министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.

Министр орынбасарының айтуынша, қылмыстық іс аясында кешенді сараптама тағайындалған. Оның қорытындысы алдағы күндері белгілі болады. Тергеудің әрі қарайғы бағыты осы нәтижелерге байланысты шешіледі.

– Бұл іс бойынша кешенді сараптама тағайындалды. Келесі аптаның басында оның қорытындысын алып, түпкілікті процессуалдық шешім қабылдаймыз. Тергеу жалғасып жатыр. Олар Назарбаев Университетінің оқытушылары емес. Бұл жалға берілген пәтер болған. Қазір тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде, – деді Санжар Әділов.

Күдіктілер неге қамауға алынбаған?

ІІМ өкілі күдіктілердің не себепті тергеу изоляторына қамалмағаны туралы сұраққа да жауап берді.

Белгілі болғандай, ұсталған шетел азаматтары тергеу кезеңінде қамауға алынбаған.

Күдіктілер қазіргі уақытта ешқайда кетпеу туралы қолхатпен немесе өзге де міндеттемелермен босатылған.

Олар Қазақстан аумағынан шықпаған.

Іс фигуранттары тергеумен толық ынтымақтасып, барлық тергеу әрекеттеріне қатысып жатыр.

Бұл оқиға Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов әлеуметтік желіде жариялаған мәліметтен кейін қоғам назарын аударды. Депутат Астанадағы беделді Highvill тұрғын үй кешенінде шетел азаматтары ұсталып, олардан қару-жарақ арсеналы табылғанын хабарлаған еді.

Кейінірек тінту жүргізілген пәтердің ресми түрде Назарбаев Университеті тұрғын үй қорына қарайтыны, алайда үшінші тұлғаларға жалға берілгені анықталды.

Осыдан кейін Астана полициясы қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастаған болатын.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: қару жарақ