Қоғам

«Назарбаевсыздандырумен» қашанғы алысамыз?

Жаңа Қазақстан құрамыз деп, бәрін жаңалауға, «Нұрсыздандыруға» тырысып-ақ жатырмыз.

Jasalash.kz

«Нұр-Сұлтанды» «Астана» еттік, Тұңғыш Президент күнінен құтылдық. Ендігі кезек теңгеге де жетіпті. 1 қазаннан бастап жаңа дизайндағы 20 000 теңгелік банкноттар айналымға енбек. Негізі, өткен жылы ғана Назарбаев суретімен шыққан 20 000 теңгелік банкноттар 3 млн тиражбен шыққан болатын-ды. Жыл айналмай жатып, аталмыш банкноттарға тағы да жаңа дизайн енгізіп жатырмыз.

Ұлттық банк «3 түрлі дизайндағы ақша қолданыста жүре береді. Бірақ уақыт өте келе, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бейнесі бар 20 000 теңгелер алынып тасталады», деп отыр. Соған қарап-ақ жаңа дизайнның Назарбаевтың суретінен құтылу үшін шығарылып жатқаны түсінікті.

Әйтсе де қашанғы бұл мемлекет жекелеген адамдардың қызығушылығына қызмет етеді? Қоғамдағы қордаланған әлеуметтік мәселелер шешілмей тек өткен қателіктермен жұмыс жасап жүре береміз бе? Тіпті, қателік дегенде – бұл халықтың да қателігі емес еді ғой. Билік бар, депутаты бар, жабылып жүріп, сол шешімдерді қабылдамап па еді! Ал қазақ аңсаған «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» қашан келеді. Шіркін, «Назарбаевсыздандыру» мен «Нұрландыруға» кеткен қаржы қазаққа қызмет еткенде ғой! Мемлекет қалай гүлденер еді, қоғам қалай дамитын еді!

Жаңа Қазақстанға емексіп, өмір сүргелі де бір жылдан асты. Әзірге, құр уәдеге тойып алған қазақ, қымбатшылықтан күнкөрісі қиындап барады. Ал билік «Назарбаевсыздандырумен» алысып әлек. Жаңа зауыттар, фабрикалар қашан салынады екен?!

Қуаныш Әбілдақызы
Тегтер: Без Тега