«Назарбаевтың іс-әрекеті «билікті иемденіп кету» бабы бойынша саралануы керек»
Жақында Zhasalash.kz сайтында белгілі заңгер Айыпқан Мұхамадиевтің Бас прокуратураға жазған хаты жарияланды. Онда заңгер экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылы өкілетін тоқтатқаннан кейінгі әрекетіне құқықтық баға берілмегені жазылған. Біз Мұхамадиевтің өзіне хабарласып, мұндай ашық хат жазуына не себеп болғанын сұрадық.
– Бас прокуратураға Нұрсұлтан Назарбаевты жауапқа тарту жайлы арызыңызды жазуға не себеп болды?
– Еліміздегі қалыптасқан «Заң мен Тәртіп» қағидасы бойынша кез келген заңсыз әрекетке мемлекет құқықтық баға береді. Конституциялық заңдылықтың өрескел бұзылуы 2022 жылы қаңтардағы оқиға мемлекеттік төңкеріс жағдайына жеткізгенін ескерсек, құқық қорғау органдары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметінен кеткенінен кейін де 2019-2022 жылдары айналасындағылар ойлап тапқан «Елбасы» деген жасанды мәртебені иеленіп, Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуіне де прокурорлық тексеру жасалуы керек. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл заңсыз әрекеті Конституцияның 3-бабында бекітілген, яғни «Қазақстан Республикасында билiктi ешкiм де иемденiп кете алмайды. Билiктi иемденiп кетушiлiк заң бойынша қудаланады» деген нормаға сәйкес саралануы тиіс.
– Егер Назарбаев қызметінен кеткеннен кейін де сіз айтқандай Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуі Ата заңға қайшы болса, неге осы уақытқа дейін бұл мәселе тексерілмеді?
– Бас прокуратура мемлекеттің тұрақтылығына қауіп төндіретін, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкілеттігін шектеген Н.Назарбаевтың іс-әрекетіне не себепті осы уақытқа дейін заңдық бағасын бермеді деген сұрақ әлі күнге дейін маңызды.
Бұл күрделі сұрақтың жауабын арызда көрсеткенімдей, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне 3 қаңтар 2024 жылы берген сұхбатынан білеміз: «Елімізде Президент әрі Жоғарғы Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді.
Мұны аз десеңіз, дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды. Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни «тандем» идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар.
Өкінішке қарай, ішкі саяси дағдарысқа байланысты туындаған сын сағатта негізгі құқық қорғау органдары басшыларының бетпердесі сыпырылып, олардың кәсіби біліксіздігі, қала берді сатқындығы әшкере болды», – деді.
– Демек, Бас прокуратура кеш те болса әрекет етуі керек дейсіз ғой...
– Сұрағыңыздың астарын түсіндім. Назарбаев дәуірінде генерал атағын алып, жоғары лауазымға тағайындалғандар билік басында әлі отыр. Олар қазіргі президенттің Конституциялық мәртебесін қорғауға тырыспауы мүмкін. Бірақ әрқашанда тәуелсіздік пен мемлекеттің қауіпсіздігі, елдің амандығы, мемлекет басшысының мәртебесі бәрінен биік тұруы керек.
– Сіз ұзақ жылдардан бері Ата заңның нормаларының сақталмауы турасында ақпарат құралдарында түрлі ой айтып жүрсіз. Осы дағдарысқа кім кінәлі деп ойлайсыз?
– Ең алдымен қадағалаушы орган – Бас прокуратура жауапты. Назарбаев қызметінен кеткеннен кейін, 2019-2022 жылдары Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуін тоқтатпағанына неге құқықтық баға берілмеді? Конституцияның 83-бабында бекітілген прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады деген міндеттерін неге орындамады?
Одан кейінгі жауапкершілік – Конституциялық кеңес мүшелерінің мойнында. Өйткені олар Назарбаев іс-әрекеті Конституциялық тұрғыдан да заңсыз екенін біле тұра, Парламентте мәселе көтермеді, заңсыздықты тоқтатуға әрекет етпеді. Енді мұны Конституциялық сот іске асыруы тиіс еді, неге екені белгісіз, олар да үнсіз отыр.
Мен осы үнсіздікті бұзу мақсатында Бас прокуратураға арыз жолдап, Назарбаевты «билікті иемденіп кету» бабы бойынша жауапқа тартуды талап етіп отырмын.
Қуан Өмірхан