Кейіпкер

Назира ДӘРІМБЕТ: Сөз бостандығын қорғау – жалған ақпаратты ақтау емес

Қазақстанда журналистердің аккаунттарын бұғаттау, авторлық құқыққа қатысты шағымдар арқылы БАҚ-қа қысым көрсету, кәсіби қызметіне шектеу қою мәселелері әлі де өзекті.

Фото: dknews.kz

"Әділ сөз" қорының соңғы мониторингінде осы жайттар көтеріліп, ақпараттық дауларды қылмыстық емес, азаматтық-құқықтық тәртіппен шешу ұсынылды. Мониторингте авторлық құқықтың бұзылғаны туралы шағымдардың БАҚ-қа қысым көрсету құралы ретінде қолданылатыны да айтылған. Сонымен қатар Қазақстанның Будапешт конвенциясын ратификациялауы және ЕҚЫҰ конференциясында елдегі журналистерді қудалау мен сөз бостандығына қойылатын шектеулер мәселесінің көтерілуі сөз болған. Сөз бостандығын қорғау мен журналистердің құқығына қатысты осы және өзге де мәселелер жөнінде "Әділ сөз" қорының президенті Назира ДӘРІМБЕТПЕН әңгімелестік.

– Соңғы уақытта журналистер мен редакциялардың әлеуметтік желідегі аккаунттары авторлық құқыққа қатысты шағымдардан кейін бұғатталған жағдайлар тіркелді. "Әділ сөз" мониторингінде де осындай бірнеше оқиға көрсетілген. Сіз мұны жекелеген шағымдардан туындаған мәселе деп санайсыз ба, әлде журналистердің ақпарат таратуына кедергі келтіретін жүйелі әрекеттің белгілері бар ма? Мұны қандай нақты деректермен дәлелдеуге болады?

– Бұл жай ғана жекелеген азаматтардың реніші немесе кездейсоқ пайда болған алгоритмдік қателік емес. Журналистер мен БАҚ редакцияларының парақшаларын жаппай бұғаттау әрекеттерінің артында ақпарат ағынын шектеудің жаңа, таңдамалы түрі деп толық негізбен айта аламыз. Жеке шағымдар әдетте ретсіз, әртүрлі уақытта және аздаған мөлшерде түседі. Ал біз көріп отырған жағдай – ұйымдасқан, белгілі бір мақсатты көздейтін шабуылдар. Мұндай тұжырымды растайтын нақты деректер мен белгілер бар. Мұны жүйелі процесс деп бағалауымызға "Әділ сөз" қоры жүргізген мониторинг пен жинақталған нақты деректер дәлел бола алады. Яғни шағымдар қарапайым контентке емес, дәл қоғамдық маңызы бар, билік пен ықпалды топтарға "ыңғайсыз" тақырыптарды қозғаған БАҚ өкілдеріне бағытталады. Бұл ретте оқиғалардың жиілігімен қатар, бұғаттаудың себептері, шағымдардың сипаты және платформалардың қабылдаған шешімдері де ескерілуі керек.

"Әділ сөз" бұл тенденцияны журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтірудің жаңа формасы деп есептейді. Тәуелсіз ақпаратты тұншықтыру үшін цифрлық платформалардың ашық тетіктері манипуляцияланып отыр. Сондықтан қор бұл мәселені халықаралық деңгейде де, жергілікті уәкілетті органдар мен платформалардың алдында да көтеріп келеді. Негізгі міндет – журналистердің аккаунттарын негізсіз бұғаттаудан қорғау, шағымдарды ашық қарау және қабылданған шешімдердің әділдігін қамтамасыз ету.

– Онлайн-платформалар шағымның негізділігін толық тексермей, аккаунттарды автоматты түрде шектей бере ме? Жалған шағымдардың жолын кесуге және журналистердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге кім жауапты болуы керек?

–Meta, YouTube, TikTok сияқты онлайн-платформалардың автоматтандырылған модерация жүйесі журналистердің құқығын шектейтін жағдайларға жол беріп отыр. Алгоритмдер шағымның негізділігін толық тексермей, контентті өшіруі немесе аккаунтты бұғаттауы мүмкін. Мұндайда шағымданушының талабы басым түсіп, журналист өз позициясын түсіндіріп, шешімге қарсы уәж айту мүмкіндігінен айырылады. Ал аккаунтты қайта ашу үшін бірнеше күн, тіпті апта-айлап күтуге тура келеді. Осы уақыт ішінде журналист аудиториясымен байланысын жоғалтып, маңызды ақпаратты тарату мүмкіндігінен қағылады.

Бұл мәселеде жауапкершілік екі тарапқа да қатысты. Біріншіден, әдейі жалған шағым түсіріп, журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіретін тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілуі керек. Мұндай тәсіл цифрлық кеңістіктегі қысым құралына айналмауға тиіс.

Екіншіден, платформалардың өздері де жауапкершіліктен тыс қалмауы қажет. Олар жергілікті заңнаманы және сөз бостандығының кепілдіктерін ескеретін, шағымдарды жедел әрі әділ қарайтын апелляция жүйесін қалыптастыруы керек. Журналист контентінің не себепті бұғатталғанын білуге, шешімге қарсылық білдіруге және өз уәжін дәлелдеуге нақты мүмкіндік алуға тиіс. Өйткені платформаның автоматты шешімі журналистің кәсіби қызметіне де, қоғамның ақпарат алу құқығына да әсер етеді.

– "Әділ сөз" Мәдениет және ақпарат министрлігін онлайн-платформалармен жедел әрекет ету тетігін әзірлеуге шақырды. Бірақ мемлекеттік органның араласуы платформаларға қысым жасау құралына айналмайтынына қандай кепілдік бар? Журналистердің бұғатталған аккаунттарын жедел қалпына келтіретін тәуелсіз әрі ашық механизм қандай болуы керек?

  – Мемлекеттік органның араласуы сөз бостандығын қорғаудың орнына платформаларға ықпал етудің тағы бір тетігіне айналмай ма? Журналистердің бұғатталған аккаунттарын жедел қалпына келтірудің нақты әрі тәуелсіз механизмі қандай болуы керек? Бұл – медиа саланы толғандыратын басты мәселенің бірі. Мемлекеттік орган мен Big Tech ірі онлайн-платформалар арасындағы кез келген байланыс сөз бостандығын шектеуге әкелу қаупі бар. Осы мақсатта "төтенше байланыс арнасын" (Fast-track) енгізу ұсынылады. Бұл тетік бұғатталған аккаунттар мен шектелген журналистік материалдарға қатысты өтініштерді 24-48 сағат ішінде қарауға мүмкіндік беруі керек. Процеске үш тарап – цифрлық платформалардың өкілдері, мемлекеттік органдар және азаматтық қоғам мен медиа сарапшылар, соның ішінде "Әділ сөз" қоры қатысатын ашық кеңес тартылуы қажет.

Ең бастысы, бұл механизм контентті өшіруге немесе журналистердің қызметін бақылауға емес, негізсіз бұғатталған аккаунттар мен журналистік материалдарды жедел қалпына келтіруге бағытталуы тиіс. Сонымен қатар өтініштер мен қабылданған шешімдер ашық жарияланып, процестің ашықтығы мен есептілігі қамтамасыз етілуі керек.

Шындығына келгенде, авторитарлық немесе транзиттік саяси жүйелерде мемлекет тарапынан 100 пайыз кепілдік жоқ. Егер Мәдениет және ақпарат министрлігі платформалармен жабық есік жағдайында тек әкімшілік байланыс арнасын орнатса, бұл ертең тәуелсіз БАҚ-ты қорғауға емес, керісінше, билікке жақпайтын материалдарды жедел өшіртуге пайдаланылуы әбден мүмкін. Алайда министрліктің міндеті мұның шабуылдарға қатысы жоқ екенін айтумен ғана шектелмейді. Отандық ақпарат кеңістігін үшінші тұлғалардың заңға қайшы әрекеттерінен белсенді түрде қорғау да маңызды.

Министрлік тәуелсіз журналистердің бұғатталуына қатысы бар күмәнді қаскөйлердің әрекеттеріне жол бермеуге бағытталған нақты шаралар мен шешімдерді жұртшылыққа ұсынуға міндетті. Құзырлы мекеме мұндай әрекеттерді тергеу және алдын алуға қатысты онлайн-платформалардың иелеріне нақты қандай талаптар жолдады? Өздерін "жәбірленуші" деп санайтын шағымданушылар айтқан жасанды интеллект алгоритміндегі қателіктерге шұғыл ден қою үшін шешімдер ұсынылды ма?

ІІМ журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасауға және олардың мүлкіне зақым келтіруге немесе оны жоюға байланысты ҚР ҚК 158-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады ма? Өйткені журналистің жылдар бойы жүргізіп келген сапалы контенті, сондай-ақ көптеген жазылушысы мен қаралымы бар әлеуметтік желідегі парақшасы нақты ақшалай құнға ие болғандықтан "мүлік" ұғымына жатады. Сондықтан Мәдениет және ақпарат министрлігі жоғарыда қойылған сұрақтың бәріне жауапты болуы керек. Бұл мәселеге қатысты "Әділ сөз" осы платформа иелерімен тікелей байланыс орнатып, "Шекарасыз репортерлар" ұйымымен ынтымақтаса отырып, шешуге тырыспақ.

– Сіз Қылмыстық кодекстің 274-бабын декриминализациялап, ақпараттық дауларды азаматтық-құқықтық тәртіппен шешуді ұсындыңыз. Бұл баптың журналистерге қысым құралы ретінде қолданылып отырғанын қандай нақты істер дәлелдейді? Жалған ақпарат біреуге немесе қоғамға нақты зиян келтірсе, жауапкершілікті қылмыстық қудалаусыз қалай қамтамасыз етуге болады?

– Қылмыстық кодекстің 274-бабы ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") журналистер мен белсенділерге қысым жасау құралы ретінде қолданылуы мүмкін. Бұл бап бойынша қылмыстық қудалаудың басталуының өзі журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіріп, тінту жүргізу, құқықтарын шектеу және қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупін туғызады. Әсіресе "қоғамдық тәртіпті бұзу қаупі" сияқты тұжырымдардың кең түсіндірілуі алаңдатады.Біздің ұстанымымыз бойынша, жалған ақпаратқа қатысты дауларды, ең алдымен, азаматтық-құқықтық тәртіппен шешу керек. Мәселен, адамның ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін мәліметтер бойынша сотқа талап-арыз беріп, теріске шығаруды немесе келтірілген зиянды өтеуді талап етуге болады.

Егер ақпараттың таралуы қоғамға, адам денсаулығына немесе мемлекеттік қауіпсіздікке нақты ауыр зиян келтірсе, сол зиянның сипаты мен көлемі сотта дәлелденуге тиіс. Қылмыстық жаза кез келген даулы жарияланымға қолданылатын шараға айналмауы керек. Ол қасақана әрекет жасалып, заңда көзделген қылмыс құрамы мен қажетті белгілер дәлелденген ерекше жағдайларда ғана қолданылуы қажет. Сөз бостандығын қорғау дегеніміз – жалған ақпаратты ақтау емес, ақпаратқа қатысты дауларды заңға сай, әділ әрі мөлшерлес жолмен шешу.

– Журналист Назымгүл Кумыспаеваның Құрылтайға тұрақты аккредитация алудан бас тартып, сотқа жүгінуге ниетті болуы да назар аудартады. Билік жұмысын бақылайтын журналистің аккредитациядан қағылуы қоғамның ақпарат алу құқығына қалай әсер етеді? Жалпы, Қазақстанда журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтірілген жағдайда оның құқығын қорғау тетіктері қаншалықты тиімді? Журналистер өз құқығын қорғау үшін неге сотқа жүгінуге мәжбүр?

–  Журналист Назымгүл Құмыспаеваның Құрылтайға аккредитация ала алмауы билік органдарының ақпаратты таратуда  журналистерді бөліп жару мәселесін көтереді. Журналисті маңызды қоғамдық-саяси алаңнан шеттету – қоғамды балама пікір мен сыни көзқарастан айыру деген сөз. Егер билік өзіне ыңғайлы журналистерге ғана мүмкіндік беріп, өткір сұрақ қоятындарды шектесе, азаматтардың ақпарат алу құқығына нұқсан келеді. Өйткені журналистің міндеті – ресми мәлімдемелерді жариялау ғана емес, билікке қоғамды толғандырған сұрақтарды қойып, оның қызметіне қоғамдық бақылау жасау.

Қылмыстық кодексте журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіргені үшін жауапкершілік көздейтін 158-бап бар. Алайда бұл норманың іс жүзінде қаншалықты тиімді қолданылатыны туралы сұрақтар аз емес. Журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтіру деректері тіркелгенімен, оның барлығы бірдей құқықтық баға алып, кінәлілердің жауапқа тартылуымен аяқталмайды. Бұл заңда белгіленген жауапкершілік тетіктерінің тиімділігіне күмән туғызады.

Журналистердің өз құқығын қорғау үшін сотқа немесе медиа ұйымдарға жүгінуіне мемлекеттік органдардың ішкі ережелері мен аккредитация талаптарының кәсіби құқықтарды шектеу құралына айналу қаупі де себеп. Әрине, мемлекеттік органдар іс-шараларға қатысудың белгілі бір тәртібін белгілей алады. Бірақ ол талаптар барлық журналиске бірдей қолданылып, бас тартудың себептері нақты түсіндірілуі керек. Өйткені журналистің ақпарат жинау мүмкіндігі шектелсе, одан қоғам да қажетті ақпаратты толық алу мүмкіндігінен айырылады. Сондықтан журналистің құқығын қорғау – тек медиа өкілдерінің емес, бүкіл қоғамның ақпарат алу құқығын қорғау.

Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы

Сайт Әкімшілігі