Қоғам

NCOC-тан мемлекет пайдасына қаражат өндіріп алу жұмыстары тоқтап қалды ма?

Әділет министрлігі NCOC компаниясынан мемлекет пайдасына қаражат өндіріп алу жөніндегі атқарушылық іс жүргізу тоқтатылды деген ақпаратқа түсініктеме берді.

Фото: NCOC

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта NCOC мемлекеттік сот орындаушысының әрекеттеріне шағым түсірген. Осыған байланысты Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты атқарушылық іс жүргізу материалдарын сұратқан.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сот атқарушылық іс жүргізу материалдарын талап еткен жағдайда, іс құжаттар сотқа қайта берілгенге дейін тоқтатыла тұрады. Бұл норма «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның 42-бабының 13) тармақшасында көзделген.

Әділет министрлігі атқарушылық іс жүргізудің уақытша тоқтатылуы NCOC-тан мемлекет пайдасына қаражат өндіріп алу жұмыстары толық тоқтады дегенді білдірмейтінін атап өтті.

«NCOC компаниясынан мемлекет пайдасына қаражат өндіріп алу бойынша жұмыс заңда белгіленген тәртіппен жалғасады», – деп хабарлады министрлік.

Сайт Әкімшілігі