Әлеумет

Непал мен Қытайдағы алапат тасқыннан қаза тапқандар саны 1 428-ге жетті

Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқыны мен лай көшкінінен қаза тапқандардың жалпы саны 1 428 адамға жетті. Тағы 5 649 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.

Фото: ашық дереккөз

Соңғы ресми мәлімет бойынша, Непалда 1 385 адамның қаза тапқаны расталды, тағы 5 130 адам хабар-ошарсыз кеткен. Із-түзсіз жоғалғандардың арасында 587 шетелдік бар. Құтқарушылар осы уақытқа дейін 13 мыңнан астам адамды қауіпсіз жерге шығарған.

Қытайдың Тибет автономиялық ауданында апаттан 43 адам қаза тауып, 519 адам жоғалған. Олардың 261-і – шетел азаматтары. Осылайша екі елдегі қаза тапқандардың жалпы саны 1 428-ге, ал із-түзсіз жоғалғандар 5 649 адамға жетіп отыр.

Апат 26 тамызда Непал мен Тибет шекарасына жақын аймақта болды. Непалдағы Лангтанг-Лирунг тауында шамамен 5 200 метр биіктікте мұздық опырылып, мұз бен тау жыныстары төмен қарай құлаған. Соның салдарынан алып сел жүріп, жолындағы елді мекендер мен инфрақұрылымды шайып кеткен.

Су тасқыны үйлерді, жолдар мен көпірлерді қиратып, бірнеше гидроэлектр станциясына зақым келтірді. Құтқарушылар жоғалған адамдарды іздеуді жалғастырып жатыр. Кейбір жұмысшылар су басқан гидроэлектр станцияларының туннельдерінде қалып қоюы мүмкін.

Непал билігінің есебінше, апаттан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіруге шамамен 4,78 млрд доллар қажет болады.

Сайт Әкімшілігі