Әлеумет

Непалдағы алапат тасқын: қаза тапқандар саны 1100-ден асты

Непалда жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 1127 адамға жетті. Тағы 4858 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында, деп хабарлайды The Kathmandu Post Непал полициясының деректеріне сүйеніп.

Фото: ашық дереккөз

Соңғы мәлімет бойынша, қаза тапқандардың денесі елдің бірнеше аймағынан табылып жатыр. Читванда – 348, Шығыс Навалпарасиде – 217, Батыс Навалпарасиде – 190, Нувакотта – 155 адамның денесі табылған. Сондай-ақ тоғыз адамның сүйегі Үндістан аумағынан шыққан.

Құқық қорғау органдары 1113 адамның денесіне тиісті сараптама жүргізілгенін хабарлады. 95 адамның мәйіті туыстарына берілген. Ал 911 адамның кім екені әлі анықталмаған. Полиция олардың жеке басын анықтау үшін мәліметтерін арнайы базаға жариялаған.

Апат аймақтарында ауқымды іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Непал полициясының мәліметінше, осы уақытқа дейін 6541 адам құтқарылған. Іздеу және құтқару жұмыстарына 7912 полиция қызметкері жұмылдырылған.

Құтқарушылардың ерекше назарында су электр станцияларының жерасты нысандары тұр. Бірнеше ГЭС-тің тоннельдері мен жерасты ғимараттарында адамдар қалып қоюы мүмкін. Энергетикалық жобаларға қатысты дерек бойынша, 947 адамның тағдыры белгісіз. Тек Upper Trishuli-1 ГЭС-і аумағында 557-ден астам адам іздестіріліп жатыр.

Алапат тасқын 26 тамызда Непал мен Тибет шекарасына жақын Гималай аймағында мұз бен тау жыныстарының опырылуынан кейін басталған. Қуатты су ағыны Бхотекоши өзені бойындағы елді мекендерді басып, үйлерді, жолдар мен көпірлерді, сондай-ақ энергетикалық инфрақұрылымды қиратып кеткен.

Непал билігінің алдын ала есебіне сәйкес, табиғи апаттан шамамен 1,6 миллион адам зардап шеккен. Елде іздеу-құтқару және қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Сайт Әкімшілігі