Әлеумет

Непалдағы алапат тасқыннан қаза тапқандар саны 1,3 мыңнан асты

Непалда Бхоте-Коси өзеніндегі жойқын тасқыннан қаза тапқандар саны 1 341 адамға жетті.

Фото: ашық дереккөз

Тағы мыңдаған адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында, деп хабарлайды Nepal News ел полициясының соңғы дерегіне сүйеніп. 

Непал полициясының 6 қыркүйек таңғы сағат 07:40-тағы мәліметінше, апат аймағынан осы уақытқа дейін 1 341 адамның мәйіті табылған. Олардың 523-і ер адам, 325-і әйел. Сондай-ақ 493 адамның дене қалдықтары табылған.

Полиция дерегінде 4 044 адам әлі із-түзсіз жоғалған деп көрсетілген. Олардың арасында Непал азаматтарымен қатар шетелдіктер де бар. Іздеу-құтқару жұмыстарына 7,9 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылған. 

Алайда жоғалғандар саны жөніндегі мәліметтер әртүрлі. Непалдың Табиғи апаттар қаупін азайту және басқару жөніндегі ұлттық басқармасының 6 қыркүйектегі жаңартылған дерегінде 4 996 адамның тағдыры белгісіз екені айтылған. 13 104 адам құтқарылып, 6 750 адам медициналық көмек алған. 

Құтқарушылар апаттан бірнеше күн өткен соң да тірі адамдарды тауып жатыр. Upper Trishuli-1 гидроэлектр станциясының туннелінен Қытай азаматы апаттан 10 күн өткен соң тірі шығарылды. Reuters мәліметінше, ол жеңіл гипотермиямен ауруханаға жеткізілген. 

Жойқын тасқын 26 тамызда басталған. Непал билігінің мәліметінше, Рашува, Нувакот, Дхадинг және өзен бойындағы басқа да аудандарда үйлер, жолдар, көпірлер мен гидроэнергетикалық нысандар қатты зақымданған. Алдын ала есеп бойынша, 7,5 мыңнан астам үй зардап шегіп, 55 шақырым жол мен ондаған көпір бүлінген. 

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Непал