Әлеумет

Непалдағы алапат тасқыннан қаза тапқандар саны 1400-ден асқан

Непалда тамыз айының соңында болған алапат су тасқынының зардабын жою жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Фото: ашық дереккөз

 Соңғы ресми мәлімет бойынша, кемінде 1399 адамның қаза тапқаны расталды, 5 мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.  Алайда 17 қыркүйекте жергілікті БАҚ-тар қаза тапқандар саны артқанын мәлімдеді. Табылған мәйіттердің басым бөлігінің кім екені әлі анықталмаған.

Апат неден басталды?

Табиғи апат 26 тамызда Непал мен Қытайдың Тибет автономиялық ауданы шекарасындағы Гималай тауларында басталды.

Алғашқы зерттеулерге сәйкес, Лангтанг-Лирунг тауындағы мұздық пен тау жыныстарының орасан бөлігі опырылып, төмен қарай құлаған. Мұз, тас пен лай аралас алып көшкін өзен аңғарына түсіп, артынша жойқын тасқынға айналған. Су мен лай елді мекендерді, жолдар мен көпірлерді, сондай-ақ гидроэлектр станцияларын басып қалды.

Тасқынның жылдамдығы мен қуаты өте жоғары болған. Copernicus дерегінше, кей жерлерде Тришули өзенінің деңгейі небәрі жарты сағат ішінде шамамен 9 метрге көтерілген.

Мыңдаған адам әлі іздестіріліп жатыр

Reuters-тің 16 қыркүйекте жариялаған соңғы мәліметінде Непалда кемінде 1399 адамның қаза тапқаны, ал шамамен 5200 адамның әлі табылмағаны айтылады. Олардың арасында 636 шетел азаматы бар.

Қаза тапқандарды анықтау да үлкен мәселеге айналған. Билік 1206 белгісіз мәйіттен және жоғалғандардың 1889 туысынан ДНҚ үлгілерін алған. Соған қарамастан әзірге 105 адамның ғана жеке басын анықтап, сүйегін туыстарына беру мүмкін болған.

Құтқарушылар дрондар, тікұшақтар мен арнайы техниканың көмегімен іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Таулы жер бедері, қираған жолдар және үйінділер операцияны қиындатқан.

Жүздеген адам туннельдерде қалған

Апаттың ең ауыр зардабы гидроэнергетика нысандарына тиген. Тасқын бірнеше ГЭС құрылысын басып, жүздеген жұмысшы жер астындағы туннельдерде қалып қойған.

5 қыркүйекте құтқарушылар Upper Trishuli-1 ГЭС-інің 225 метрлік туннелінен Қытай азаматын тірідей алып шықты. Бұған дейін тағы екі адам басқа ГЭС туннелінен құтқарылған. Билік алғашқы күндері түрлі гидроэнергетикалық нысандардағы туннельдерде шамамен 900 адам қалып қоюы мүмкін екенін айтқан.

Климаттың өзгеруі әсер етті ме?

17 қыркүйекте жарияланған жаңа ғылыми зерттеу апатқа климаттың өзгеруі елеулі ықпал еткенін көрсетеді.

World Weather Attribution ғалымдарының талдауынша, аймақтағы температура индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда шамамен 2 градусқа көтерілген. Соның салдарынан мұздықтар жұқарып, мәңгі тоң жібіп, биік таулардағы тау жыныстарының тұрақтылығы төмендеп барады. Апат алдында, 2026 жылдың шілде-тамыз айларында бұл өңірде рекордтық жоғары температура тіркелген.

Ғалымдар климаттың өзгеруін апаттың жалғыз себебі деп отырған жоқ. Бұған таудың геологиялық жағдайы және 2015 жылғы Непал жер сілкінісінен кейінгі өзгерістер де ықпал етуі мүмкін. Бірақ жаһандық жылыну мұздықтар мен тау беткейлерін тұрақсыздандыратын негізгі факторлардың бірі ретінде аталып отыр.

20 мыңға жуық үйді қайта салу керек

Апат елдің инфрақұрылымына да орасан шығын келтірді. Непал билігінің алдын ала есебі бойынша, зардап шеккен аудандарда 20 мыңға жуық үйді қайта салуға тура келеді. Билік жаңа үйлерді бұрынғы қауіпті орындарға емес, қауіпсіз аумақтарға көшіру мәселесін қарастырып жатыр.

Непал үкіметі апатты климаттың өзгеруімен байланыстырып, халықаралық қауымдастықтан көмек сұрады. Ел билігі Непалдың әлемдік парниктік газдар шығарындыларына қосатын үлесі 0,1 пайыздан да аз болғанымен, климат өзгерісінің ауыр зардабын тартып отырғанын мәлімдеді.

Қазір іздеу-құтқару жұмыстары тоқтаған жоқ. Алайда апат болғанына үш аптадан асқандықтан, негізгі жұмыс жоғалған адамдарды іздеу, мәйіттерді анықтау және қираған елді мекендерді қалпына келтіру кезеңіне ауысып барады.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Непал