Непалдағы тасқыннан қаза тапқандар саны 1411-ге жетті
Непалда 26 тамызда болған жойқын тасқыннан қаза тапқандар саны 1 411 адамға жетті.
Тағы 5 875 адамның тағдыры әлі белгісіз. Бұл туралы Непалдың Табиғи апат қаупін азайту және басқару жөніндегі ұлттық басқармасының 19 қыркүйектегі деректерінде айтылған.
Ресми мәлімет бойынша, із-түзсіз жоғалғандардың 636-сы – шетел азаматтары. Апат басталғалы бері құтқарушылар 13 784 адамды қауіпсіз жерге шығарған. Іздеу-құтқару жұмыстарына 20 мыңнан астам қауіпсіздік қызметкері жұмылдырылған.
Жойқын тасқын 26 тамызда Гималайдағы мұздық пен тау жыныстарының опырылуынан кейін басталған. Су, лай мен тас аралас алып ағын Бхотекоши және Тришули өзендерінің аңғарымен төмен құлап, елді мекендерді, жолдар мен көпірлерді, гидроэлектр станцияларын қиратып кеткен. Ғалымдардың кейінгі зерттеулері аймақтағы температураның көтерілуі мұздықтар мен мәңгі тоңның тұрақсыздануына жағдай жасағанын көрсетеді. Алайда апаттың нақты себебі мен климат өзгерісінің оған қаншалықты ықпал еткені әлі зерттеліп жатыр.
Қазір негізгі мәселе – жоғалған мыңдаған адамның тағдырын анықтау. Таулы жер бедері, қалың лай мен үйінділер іздеу жұмыстарын қиындатып отыр. Құтқарушылар тікұшақтар мен дрондарды пайдаланып, әсіресе гидроэлектр станцияларының тоннельдерін тексеріп жатыр.
Апат Непалдың энергетика саласына да ауыр соққы болды. Су тасқынынан гидроэнергетикалық нысандар қатты зардап шекті. Ал коммерциялық сақтандыру шығынының өзі 20 млрд непал рупиінен, яғни шамамен 132 млн доллардан асуы мүмкін.
Ел алдында енді ұзақ мерзімді қалпына келтіру міндеті тұр. Үйлерінен айырылған тұрғындар лай мен үйінді астында қалған елді мекендеріне оралып жатыр. Билік жол, электр желісі мен байланыс инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.