Әлеумет

Ноғаевқа – «нөл», Мырзахметовке – «екі»

Біржылдары ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарған Асылжан Мамытбеков армандаған60 мың тонна еттің жарым-жартысын экспортқа шығаруға енді-енді қол жеткіздік.

Jasalash.kz

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Роза Исаеваның айтуына қарағанда, өткен жылы 11 елге 33 мың тонна ет экспортталған. Оның 19,95 мың тоннасы сиыр еті. Өңделген ауылшаруашылық тауарларын экспорттауда Қостанай, Түркістан (Шымкент қаласымен қоса алғанда) облыстары мен Алматы қаласы алдыңғы орында. Ал сиыр етін экспорттауда тағы да Түркістан, сосын, Ақтөбе және Алматы облыстары асқан белсенділік танытқан.

Ал басқа облыстардың үлесі қандай? Агроөнеркәсіп кешені өнімдерін экспорттау және ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу бойынша Атырау мен Маңғыстау облыстарының үлестері нөл (0) пайыз. Иә, ауыл шаруашылығы министрлігі берген кестелерде дәл осылай көрсетілген. Былайша айтқанда, бұл өңірлер басқалармен салыстырғанда шетелге біраз ет, сүт, басқа да өнімдер шығарған. Бірақ министрлік екі облыстың да үлесін нөл пайыз деп бағалапты. Яғни Атырау мен Маңғыстаудың ауыл шаруашылығы саласындағы қаншама жылдардан бергі әрекеттері бұл бағыттағы көрсеткіштерді еселеуге ешқандай әсер етпеген болып тұр. Министрліктің «0» деп бадырайтып көрсеткені бұл өңірлерде осы саланың жұмысы нөл екенін білдіріп тұрғандай.

Біз интернет арқылы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың осы жылғы есептік кездесулерде ауыл шаруашылығы саласы туралы әп-әдемі әңгімелер айтып, өңірде мал басының өсіп, ет экспортының артып, тіпті Иран, Араб Әмірліктері, Әзірбайжанға тікелей ет, бидай сатып жатқанын мақтанышпен жеткізген сөздерін жиі кездестірдік. Алайда министрліктің ақпары бұл өңірлердегі ауыл шаруашылығы ахуалының мүлдем басқаша екенін көрсетіп отыр.

Сондай-ақҚызылорда, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының бұл саладағы үлестерібар-жоғы 1-ақ пайыз. Жамбыл және Қарағанды облыстарының үлесіне тигені бар болғаны2 пайыз. Яғни кеше ғана ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарып, осынау шаруалардыңұйымдастырушысы болған, осы саланың тірлігін бес саусағындай білетін Жамбылоблысының әкімі Асқар Мырзахметовтің өзіне бұл жұмыс оңайға түспей тұрған сияқты.Кезінде экс-премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Мырзахметовке «сіз ауыл шаруашылығыминистрі кезінде бастаған тірліктеріңізді Жамбыл облысында жалғастырып, басқаларғаүлгі болыңыз» деп айтып еді. Алайда осы саланың нағыз маманы АсқарМырзахметовтің қай тірлігін үлгі ету керек екені әзірге белгісіз.

Мәселенки, министр кезінде кооператив құруға тым белсене кіріскен Асқар Исабекұлы жақында өткен бір жиында Жамбылда бұл тірліктің жүрмей жатқанын өзі де мойындағандай болды. Әкім болып тағайындалғанына бір жылдан астам уақыт өткенде Асқар Исабекұлы: «Қазір өңірімізде 30 кооператив қана жұмыс істейді екен. Бұл 153 ауылдық округ үшін тым аз. Қажет болатын болса, біз сол 153 ауылдық округтің бәрінде кооперативтер құруымыз керек. Ол қағаз жүзінде емес, іс жүзінде болуға тиіс», – деді.

Әкім болып тағайындала салысымен Жамбыл ауданына барған сапарында А.Мырзахметов біраз кемшіліктің бетін ашып тастап:

Мысалы, былтыр осы ауданда 43 мың тонна қантқызылшасы өткізілуі тиіс болған, бірақ оның орнына 15 мың тонна ғана өткізілген.Жоба басында неге дұрыс жасалмады? – деп қабақ шытқан еді.

Алайда Асқар Исабекұлы әкім болғаннан кейін де облыста қант қызылшасы дақылын өсіру жұмыстарында баяғы кемшіліктер жойыла қойған жоқ. Мәселен, өткен жылдың басында 8400 гектар жерге тәтті түбір егілді деп есеп берілсе, оның 6300 гектарының ғана өнімі қант зауыттарына өткізілген. Былтыр жыл басында облыс әкімінің тапсырмасына орай, егістік алқаптарының ғарыштық түсірілімі жүзеге асырылып, нәтижесінде 46 мың гектар игерусіз жатқан бос жердің бар екендігі анықталған. Бірақ облыста шаруалар 40 мың гектардан астам жер сұрап, өз шаруашылығын дөңгелетіп әкете алмауда.

Енді, міне, агроөнеркәсіп кешені өнімдерін экспорттау және ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу бойынша Жамбыл облысының үлесі бар-жоғы 2-ақ пайыз болып отыр. Бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі үшін бұл көрсеткіш көп пе, аз ба?

Коллаж: Жас АЛАШ

Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега