«Нұр Отаннан» жік шықты ма?
«Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген – осы. Билік партиясының мүшесі Нұржан Әлтаев депутаттық мандатынан айырылып, партия қатарынан шығарылды.
Мұны ашық күнде су болу дейміз бе, әлде сайлау қарсаңында өз «өсіп-жетілген» партияның имиджіне нұқсан келтіру дейміз бе?
Сәл бұрынырақ Әлтаев не түлен түрткені қайдам, аяқастынан өзі мүше болған билік партиясына көңілі толмайтынын, егер партия ішінде саяси реформа жасалмайтын болса, мүшеліктен шығатынын осыдан біраз бұрын жария еткен. Тіпті «Ел тірегі» деген жаңа партия құратынын да қызды-қыздымен айтып салған-ды. Бүйректен сирақ шығаратындай оған не әсер етті, әлде артында жасырын тұрған баз біреулердің «осылай істе, солай де» деген ишарасы болды ма?
Дегенмен Нұржан Әлтаевтың депутаттыққа дейінгі қызмет сатысына көз салсақ, 2005-12 жылдары мемлекеттік органдарда әртүрлі қызмет атқарған, ұлттық компанияларда жұмыс істеген. 2012-17 жылдары «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын», Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасын басқарды, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары болып істеген. Ауыл шаруашылығы вице-министрі болған. 2018 жылдың қаңтарынан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып қызмет еткен. Демек, Әлтаевтың «Ел тірегі» партиясын құрмақ болғанда, сүйенері өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер екені айдан анық болып тұр. Яғни қолында қаржысы бар топтар. Десек те, партияны ішінен ала тайдай бүлдірмек болған Әлтаевтың бұл тірлігі партияның саяси кеңесіне де, мүшелеріне де, билікке де жақпай қалғаны анық. Демек, алдағы уақытта оған партия құрамында қалу-қалмау қаупі төнді және солай болды да.
«Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты Нұржан Әлтаевтың өкілеттігі тоқтатылды», – деп хабарлады орталық сайлау комиссиясы. Ал «Нұр Отан» партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев Facebook-те Әлтаевтың партиядан шығарылуы мен мандатынан айырылуын өз кінәсі деп түсіндірді. Оның сөзіне қарағанда, партиядан шығарылу тәжірибесіздіктен болып отыр. «Өзің мемқызметкер ретінде өсіп-жетілген, саясаткер болған, жарғыны бұзбауға міндеттеме алған, оның үстіне белсенді орта – депутаттық корпуста жүріп партияның шарттарын жариялауды орынсыз деп есептеймін. Ұсыныстар, ойлар, тіпті талап болса да мейлі – партияның диалог алаңдарына шығар, ал мұндай алаң жеткілікті, бастамаларыңды айтуыңа әбден болады, кез келген адам пікірін білдіре алады. Ресми сауалдарыңда партиялық инстанция бойынша ұстанымыңды білдір. Пікір білдірудің де құралы көп. Ал екіұшты талап айтып, мәлімдеме жасау енді артық», – дейді Казанцев.
Казанцев жазбасын Әлтаевты тәжірибесіз деп атағанымен, әлденені меңзегендей аяқтапты. Оның ойынша, мәжілісте отырып партияның саяси, медиалық ресурстарын пайдаланып, жаңа партия құрам деп жариялау – тәжірибесіздік емес, жөн білмеушілік емес, басқа жағдай екен.
Ал енді экс-депутаттың алдағы тағдыры қалай болмақ? Өзі айтқан партия құрыла ма, жоқ па? Әлде партияға сенімсіздік танытты деп, экс-депутаттың артына қоңырау байлап қуғындай ма? Белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғали былай дейді: «Тоқаев мемлекет тізгінін қолға алған бойда демократия жайында сөз қозғады. Соның жақтаушысы екенін айтқан. Расында, демократия құндылықтарын қадірлейтін ел болсақ, сөз бостандығына ерік берген ел болсақ, онда өз ойларын ашық айтқан Әлтаевқа ренжуге болмас. «Нұр Отанның» өзі сөз бостандығын шектемеу жөнінде талай рет айтқан. Қысқасы, депутат мүшеліктен кетті екен деп, «Нұр Отанның» ыдырап кетпесі тағы белгілі. Шындығында, «Нұр Отанға» саяси өзгерістер, реформалар жасау керектігін айту қылмыс емес. Ашық қоғамда ашық әңгіме айтылуы тиіс. Әлтаев партия құра ма, құрмай ма, өз еркі. Дегенмен ойын ашық айта алған азамат. Тағы бір нәрсе, партия ішінде Әлтаевтың «синдромы» қалыптаспау үшін алдағы уақытта мүшесі бола жүріп, өз партиясына сенімсіздік танытатындар көбейіп кетпесін десе, «Нұр Отан» экс-депутатқа байланысты белгілі бір шаралар қолдануы мүмкін. Ол қандай шара? Білмедім. Әлбетте, алдағы уақытта билік партиясы өз ішінде белгілі бір деңгейде саяси реформалар жасауы мүмкін».
Бұған дейін не мемлекет қызметкері, не депутат ретінде аты шықпаған Нұржан Әлтаевтың бұл тірлігі «атың шықпаса – жер өртенің» кері ме? Әлде пиар ма? Әзірге түсініксіз.
«Біздің елде қызметтен кеткен кез келген шенеуніктің артынан жинақталып қойылған компроматтарды көтере салып, істі ету қиын емес. Дегенмен өркениетке иек артқан елміз дейтін болсақ, Әлтаевтың артынан іс қозғалмасы хақ. Кез келген адам өз ойын ашық айтуға құқылы», – дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.
Жалпы, партия құрамында бола тұра, оны сынап, басқа партия құрамын деген мәлімдеменің жасалуы билік партиясының да сыр бере бастағанын білдіре ме? Оны да уақыт көрсетеді.