Кейіпкер

Нұралхан Көшеров Американы "қуып" жетті

Басқа басшылар сияқты емес, Нұралхан Көшеров – халықшыл әкім. Қашан көрсең де, жұртпен жүздесіп, көппен тілдесіп, ел аралап жүреді.

Фото: gov.kz

Мұнысы дұрыс енді, "жалпиып" кабинетте отыра бергенше, бір уақ сыртқа шыққанның ерсілігі жоқ. Дегенмен халықпен жиі "ұшыраса" берудің өзі "қауіпті" ме, әйтеуір, өткен аптадағы жиында Түркістан облысының әкімі "тілінен сүрінді". 

Сүрінді дейміз-ау, мүмкін "дұрысы сол" шығар. Бірақ әлеуметтік желіге тарап кеткен бейнетаспаға қарағанда, әкіммен кездесіп отырған халық та біз құсап, ештеңе түсінбей қалған сияқты. Сонда Көшеров не деді? Жетісайдағы жиында әкімнің не дегенінен бұрын тұрғынның не дегеніне тоқталайық. Көпшілік отырған кең залда микрофон ұстаған егде кісі: "Біз тоннаға жұмыс жасағанды қояйық, әлемдік нарықта бәсекелестікке қабілетті өнімге талпынайық. Мақта талшығының сапасына талпынайық. Осы мәселені ел болып қолға алсақ, бір үлкен тірлік болар еді, Нұреке", – дейді маңызды мәселені қозғап.

Нұрекесі – Нұралхан. Былай қарасаңыз, жас жағынан бұл кісі – әкімнің әкесіндей адам. Бірақ баласындай әкім әкесіндей кісінің сөзін ортасынан бөліп жібереді де, Жетісайдың мақтасын мақтай жөнеледі: "Мен сізге айтайын, сөзіңізді бөлейін. Жалпы, біздің мақтаның сапасы жаман емес. Жақсы. Мәселе – жинауда. Қалай жиналады? Өкінішке қарай, бізде жинаған кезде, біздің шаруалардың көбісі күл-қоқысты да, ылғалды да қобыратып береді де, соның нәтижесінен сапа төмендейді".

Бір қарағанда, бұл – өте қарадүрсін айыптау. Өйткені күл-қоқысты топырақ пен құмға қоссаң, білінбей кететін шығар. Ал мақта дегеніңіз – мақпалдай дүние. Бір қап мақтаға жарты шелек күл қосып апарсаң, таразыда тұрған кісі басыңнан таяқпен бір ұрмай ма. Оның үстіне "біздің шаруалардың көбісі" дегені – көпке топырақ шашқанмен бірдей. Осы жері жұрттың жүрегіне батты ма, көпшілікті көңілсіздік жайлады. Мұны әкімнің өзі де байқаған секілді. Себебі сілтідей тынып, "өлікөзденіп" отырған көпті сергіткісі келді ме, былай деді: Өздеріңіз секілді шаруалар бар, біреуінде – 9  гектар, біреуінде – 10 гектар, біреуінде – 15 гектар, біріккен жақсы. Өйткені тамшылатып суаруды 10 гектарға жасадың ба, 100 гектарға жасадың ба, қайта тиімді болады ғой, қаржы жағынан да. Анау бір жақсы сөз бар, "Сыймай жүрген емес, сыйыспай жүрміз ғой" дейді. Мәселе сонда!".

Осыны айтқан Көшеров кеңкілдеп кеп бір күлді дейсіз. Бүкіл зал қосыла күледі деп ойлады ма, күлкісінің соңы түлкінің құйрығындай бұлғаңдап барып басылды. Халық та қызық қой, ең құрса, біреуі аузын басып, "хи-хи-хи" дей салса, әкімнің "күлкілі сөзі" өзін ақтар еді. Бірақ "Шаншардағы" Әбілмансұр ғибадати Қақайық айтпақшы, "сөз қадірін білмеген" бұқара "безірейген" күйі отырды да қойды. Білесіз ғой, білдей әкім үшін бұл жақсы нәрсе емес. Осыған күйінгені шығар, Нұралхан Көшеров Жетісайдан мұхиттың ар жағына бірақ "секірді": "Мемлекет жасап жатыр ғой, жер жыртуға береді, суға береді, жанар-жағармайға береді, дәнді-дақылға береді. Бәріне беріп отыр ғой, субсидияны. Менің түсінуім бойынша, мемлекет тарапынан барлық қолдау жасалып жатыр. Өзіміз кішкене өзгеруіміз керек қой. Мысалы, баяғыда айтатын еді, біз Америкадан 50 жылға қалып кеттік, мақта жағынан деп. Міне, бүгін жаңа заводтар ашылып жатыр, жіп иіру фабрикасы. Біз қуып жетіп жатырмыз. Тамшылатып суару қалай, біз дәл қазір солай жасап жатырмыз. Қолдан келмейді емес, қолдан келеді".

Жетісайдың жұрты сондай ма, әлде жиі-жиі кездесе берген соң, әкімнің сөзінің де, өзінің де қадірі кетіп қала ма, ешкім ештеңе демеді. Шіркін, көп ішінен біреу атып тұрып: "Нұреке, Американы сіздің арқаңызда қуып жеттік! Енді басып озу жағын қалай қыламыз?", – десе, Көшеровке көсіліп сөйлеудің сәті түсер еді. Олай болмаған соң, айтулы жиын "жылдағыдан" өзгерек біткен секілді.

 Білесіз ғой, бүкіл посткеңестік кеңістікте Американы "алты аттатпай қуып жеткен" бір ғана адам бар. Ол – жатқан жері жайлы болғыр, Леонид Брежнев. Қуып жеткенде, балағын түріп алып, "ипподромда жарысты" дейсіз бе, КСРО-ның даму қарқынына көңілі тоғайып жүретін қарт басшы АҚШ-ты бәсекелес құрлы көрмеген ғой. Міне, сол кісіден қалыпты дейтін мынадай бір "жақсы сөз" бар. Біреулер мұны "анекдот" атап жүр. Қысқасы, қалбалақтап қасында жүретін кеңесшілері бір күні:

–      Леонид Ильич, біз жақын арада АҚШ-ты қуып жетіп, басып озуымыз керек, – деген көрінеді.

–      Қуып жеткенімізге тәубе, бірақ озбай-ақ қояйық.

–      Неге?

–      Озсақ, шалбарымыздың артындағы жыртықты бүкіл әлем көріп қояды ғой…

Бұл сөзді шын мәнінде Брежнев айтты ма, айтпады ма, ол жағын ешкім білмейді. Бірақ "шалбардың арты" туралы қисында усойқы шындық жатыр. Жұрт сол үшін де күледі, сол үшін де ұмытпайды.

Біз білетін тағы бір ақиқат – Брежневтің "білгенін" Көшеровке "бағдар" қылудың қажеті жоқ. Өйткені Леонид Ильич АҚШ-пен "жарысып" жүргенде қаусаған шал болатын. Ал біздің Нұралхан қырықтың қырқасына енді шықты. Яғни нағыз қамал алатын шағы. Қамал ала ма, Түркістанды – Вашингтон, Келесті – Даллас, жасай ма, өзі біледі. Тірлік қыламын десе, уақыт та, мүмкіндік те көп. Мақта сапасы бойынша Американы "қуып жеткен" әкім "ышқырын бір көтеріп" алып, басқа салалар бойынша да "құйрықтістесіп" жетіп барса, қалатын шаруа біреу-ақ қой. Түсініп тұрсыз, ол – озу.

"Жақсы сөз – жарым ырыс" деген, лайым солай болғай. Тек "шалбардың артына" ықтият болмаса – қиын. Өзің алға шыққанда, жалбыраған жыртықтан жамбас етің жалтырап… Құдай сақтасын! Сол үшін де айтып жатырмыз ғой, әйтпесе Көшеровті көре алмай жүр дейсіздер ме?!

Сайт Әкімшілігі