Әлеумет

Нұрай ісі: күдікті психиатриялық ауруханадан қайтадан тергеу изоляторына жеткізілді

Резонанс тудырған Нұрай есімді қыздың аса қатыгездікпен өлтірілуіне күдікті ер адам сот-психиатриялық сараптамадан өткеннен кейін қайтадан тергеу изоляторына қамалды.

Фото: ашық дереккөз

 Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.

Марқұмның отбасының адвокатының айтуынша, Алматы облысында жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша 28 жастағы күдікті ресми түрде есі дұрыс деп танылған. Осыдан кейін, мамыр айының басында ол қайтадан тергеу изоляторына этаппен жеткізілген.

Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Омаров Нұрайдың отбасы тек негізгі күдіктінің ғана емес, оның туыстарының да жауапқа тартылуын талап етіп отырғанын айтты.

«Біз құқық қорғау органдарына күдіктінің туыстарын адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы некеге мәжбүрлеу фактісі бойынша жауапкершілікке тарту жөнінде бірнеше рет арыз түсірдік. Арыздар қабылданды, алайда мәселе әлі қаралып жатыр», - деді адвокат.

Қазіргі уақытта 28 жастағы күдіктіге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірден үш бабы бойынша айып тағылған:

— аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру;
— некеге тұруға мәжбүрлеу (қалыңдық алып қашу);
— сталкинг (қудалау).

Қазір іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Тергеу барысы қоғамның бақылауында екені айтылды.

Сайт Әкімшілігі