Нұрай ісі: ІІМ басқа да күдіктілердің бар-жоғын тексереді
Ішкі істер министрлігі Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ісі бойынша тергеуді жалғастырып жатыр. Бұл туралы ведомство басшысының орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда тергеу марқұмның отбасы айтқан жайттарды да назарға алған. Атап айтқанда, қызды күдіктінің үйіне әкелген кезде оның жанында басқа да адамдар болуы мүмкін деген болжам тексерілуде.
ІІМ мәліметінше, іс бойынша барлық нұсқалар қарастырылып, процессуалдық мәселелер толық зерттеліп жатыр. Тергеу әрекеттері белсенді түрде жалғасуда.
Еске салайық, Нұрай Серікбай 11 қаңтар күні Шымкентте қаза тапқан. Марқұмның жақындары бұған дейін қызды күштеп тұрмысқа беру мақсатында ұрлау әрекеті болғанын айтқан. Алайда сол кезде бұл факті бойынша қылмыстық іс тіркелмегені хабарланған.