Әлеумет

Нұрай Серікбай ісі бойынша алғашқы сот отырысы 21 шілдеде өтеді

21 шілдеде Нұрай ісі бойынша алғашқы сот отырысы өтеді.

Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы әлеуметтік желіде жәбірленуші тараптың өкілі Серікбай Сұлтан мәлімдеді.

Оның айтуынша, алғашқы отырыста істің әрі қарай қаралу тәртібіне қатысты бірқатар маңызды процессуалдық мәселе талқыланады.

Атап айтқанда, сот:

істі алқабилер сотының қарайтынын немесе кәсіби судьяның қарайтынын анықтайды;

мемлекеттік айыптаушыны (прокурорды) бекітеді;

келесі сот отырыстарының күнін белгілейді;

сот процесінің ашық, жабық немесе онлайн көрсетіліммен өтетін форматын айқындайды (егер бұл заң талаптарына сай болса).

«Бұл отырыс істің әрі қарай қандай тәртіппен қаралатынын анықтайды», – делінген жарияланымда.

Серікбай Сұлтан жәбірленуші тараптың ашық әрі әділ сот процесін қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ кінәсі заңмен белгіленген тәртіпте дәлелденген жағдайда айыптыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуын талап ететінін жеткізді.

Нұрай Серікбай оқиғасы

2025 жылдың 11 қаңтарында Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбай дүкенге бара жатқан кезінде өз үйінің маңында кісі қолынан қаза тапты. Оған алдын ала торуылдап жүрген жігіт кенеттен шабуыл жасап, бірнеше жерінен пышақтаған. Ауыр жарақаттан Нұрай оқиға орнында қаза тапты. Күдікті 28 жастағы ер адам болып шықты, ол оқиға орнынан қашып кеткенімен, көп ұзамай қала сыртынан ұсталды. Аталған факті бойынша кісі өлтіру бабымен тергеу басталды.

Бұл қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Әлеуметтік желілерде қыздардың қауіпсіздігі, олардың соңынан қалмай аңду (сталкинг) және қоқан-лоқы көрсету фактілеріне полицияның дер кезінде шара қолданбауы қызу талқыланды. Нұрайдың туыстары құқық қорғау органдарынан ұсталған қылмыскерге ең қатаң баптар бойынша айып тағып, әділ жазалауды талап етті.

Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты халық арасындағы ашу-ыза билік органдарының назарын аудартты. 20 қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Президент осы мәселеге арнайы тоқталды. Тоқаев күдіктінің Нұрайды ұзақ уақыт бойы аңдып, мазасын алып, қоқан-лоқы көрсеткені анықталғанын, ақырында оның соңы адам өліміне соқтырғанын атап өтті.

Бұдан кейін көп ұзамай Шымкент қаласында бірқатар жоғары лауазымды полиция қызметкерлері, соның ішінде Шымкент ПД басшысы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары қызметінен шеттетілді.

Сайт Әкімшілігі