Сараптама

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша тергеу аяқталды

Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Бұл туралы марқұмның отбасының адвокаты Аянхан Омаров хабарлады.

Фото: ашық дереккөз

Адвокаттың айтуынша, қазіргі уақытта жәбірленуші тарап қылмыстық істің жеті томымен танысып, олардың көшірмелерін алған.

«Іс бойынша тергеу әрекеттері аяқталды. Қазір процесс қатысушылары қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр. Осы рәсім аяқталғаннан кейін іс сотқа жолданады. Қосымша ақпарат кейінірек беріледі», – деді Аянхан Омаров.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 11 қаңтар күні Шымкентте болған. Тергеу дерегінше, күдікті Нұрайды бірнеше уақыт бойы аңдып, кейін оған пышақпен шабуыл жасаған. Қыз алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Екі күннен кейін Түркістан облысының 28 жастағы тұрғыны Шымкенттен 10 шақырым жерде ұсталған.

Кейін белгілі болғандай, бұл шабуыл кездейсоқ емес. Туыстары күдікті қызды бірнеше ай бойы аңдығанын, сондай-ақ «алып қашу» әрекеті болғанын айтқан.

Резонанс тудырған бұл іске Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударған. 20 қаңтарда Ұлттық құрылтай отырысында ол Шымкент полициясының әрекетіне баға беруді тапсырды. Нәтижесінде қалалық полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылып, мәжбүрлі некеге қатысты әрекеттерді елемеген қызметкерлерге қатысты «қызметтік салғырттық» бабы бойынша тергеу басталды.

Қылмыстық іс кейін ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағына — «ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бабына қайта сараланған. Бұл бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ішкі істер министрлігі бұған дейін тергеу амалдары жалғасып жатқанын және істің егжей-тегжейі тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайтынын мәлімдеген.

Сайт Әкімшілігі