Нұрай Серікбайдың туыстары сотталушыдан 10 млрд теңгеден астам өтемақы талап етті
Қаза тапқан Нұрай Серікбайдың туыстары сотталушы Шерхан Аймаханнан 10 млрд теңгеден астам қаражат өндіріп беруді талап етті.
Азаматтық талап Шымкентте өтіп жатқан қыздың өліміне қатысты сот процесінде мәлімделді.
Жәбірленуші тарап 14 млн 739 мың 65 теңге материалдық шығын және моральдық зиян үшін 10 млрд теңге өтемақы өндіріп беруді сұрады. Талаптың жалпы сомасы – 10 млрд 14 млн 739 мың 65 теңге.
Отбасының адвокаты Аянхан Омаров сот талапты қанағаттандырған жағдайда моральдық зиян үшін өндірілген өтемақы қайырымдылыққа жұмсалатынын айтты. Оның сөзінше, ешқандай ақша марқұмның жақындарының қайғысын жеңілдете алмайды.
Сот отырысында сот-медициналық сарапшы да тыңдалды. Оның қорытындысына сәйкес, Нұрай Серікбайдың денесіндегі 35 пышақ жарақатының барлығы көзі тірісінде салынған. Жарақаттар мойын, бет, іш және кеуде тұсынан анықталған. Алайда мамандар нақты қай жарақаттың өлімге әкелгенін анықтай алмаған.
Сарапшы жарақаттардың орналасуын манекен арқылы көрсетті. Атап айтқанда, сегіз жарақат кеуде тұсына тиіп, ішкі қуысқа өткен. Сондай-ақ қыздың мойнындағы қан тамырлары мен бұлшықеті зақымданған.
Сотта Нұрайдың қазасынан бірнеше ай бұрын полиция бөлімшесінде түсірілген бейнежазба да зерттелді. Видеода қыз өзін ешкім ұрламағанын, тұрмысқа шығуға мәжбүрлемегенін және ешкімге шағымы жоқ екенін айтқан.
Сараптама нәтижесіне сәйкес, оның сөзі алдын ала дайындалған. Болжам бойынша, Нұрай алдын ала жазылған мәтінді оқып берген.
Ал сотталушы қызға пышақпен алты-жеті рет соққы жасағаны ғана есінде екенін мәлімдеді.
Сот процесі жалғасып жатыр. Іс бойынша түпкілікті шешім әлі шығарылған жоқ.