Қоғам

Нұрзада Бейсен: АЭС-тің «құлағын» кім ұстайды?

Қазақ­стан атом энергетикасы дәуіріне қадам басқалы отыр. Алайда АЭС салу туралы шешім қабылдау – жұмыстың бір бөлігі ғана. Ең күрделі міндет­тердің бірі – станцияны қауіпсіз басқаратын, халықаралық талаптарға сай кәсіби мамандар даярлау. Қазақ­станда бұл бағыт­тағы база қаншалықты мықты? Бір АЭС-ке қанша маман қажет? Қазіргі жоғары оқу орындары сұранысты өтей ала ма? Осы және өзге де мәселелер жөнінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-техника факультетінің деканы, профессор Нұрзада Бейсен жауап берді.

Фото: ашық дереккөз

– Қазақ­стан АЭС салу туралы шешім қабылдады. Енді оның қауіпсіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін мамандарды даярлау мәселесі тұр. Қазіргі кадрлық әлеуетімізді жеткілікті деп бағалайсыз ба, әлде Қазақ­станда АЭС іске қосылғанға де­йін маман тапшылығы туындау қаупі бар ма?

– Бағалауымды бір сөзбен айтсам: іргетас бар, бірақ ғимарат әлі салынып жатыр. Қазақ­станның ядролық саладағы білім беру дәстүрі кеше басталған жоқ. Бүгінде елімізде онға жуық жоғары оқу орны атом саласына мамандар даярлайды, 18-ге жуық білім беру бағдарламасы жұмыс істейді, жыл сайын 100-150 бакалавр, шамамен 50 магистрант және 15 докторант оқуын аяқтайды. 
2025 жылғы қаңтарда «Ядро­лық сала үшін кадрлар даярлау: заманауи сын-қатерлер мен инновациялық тәсілдер» тақырыбында республикалық оқу-әдістемелік кеңестің отырысы ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенованың қатысуымен өткен болатын. Кеңестің қорытындысы бо­йынша, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті Қазақ­стан Республикасында ядролық сала үшін кадрлар даярлау жөніндегі базалық жоғары оқу орны болып белгіленді. Бұл, әрине, атом саласына кадр­лар даярлауды нөлден бастамай отырғанымыздың дәлелі.

Алайда шындықты бүкпей айту керек, зерт­теу реакторы мен ғылыми зертхана үшін маман даярлау, сондай-ақ қуат­ты энергоблокты пайдалану үшін маман даярлау екі бөлек міндет.
Бірінші жағдайда ғылыми ізденіске бейімділік қажет болса, екінші жағдайда тәулік бойы үздіксіз жұмыс істей алатын, регламентке қатаң бағынатын, қателікке орын қалдырмайтын өндірістік жұмыскер болуы тиісті. Бізде дәл осы екінші дағды бойынша олқылық бар, өйткені елде 1999 жылы БН-350 тоқтағаннан бері жұмыс істеп тұрған энергетикалық реактор жоқ. Нақты практикалық алаң жоқ. Сондықтан менің бағам былай: теориялық және іргелі даярлық деңгейіміз жоғары, халықаралық талаптарға сай, есептеу-модельдеу даярлығымыз қанағаттанарлық, өсу үстінде, ал пайдалану-эксплуа­тациялық даярлық әлі қалыптасу сатысында. Дәл осы үшінші буынға келесі бес жылда басты күш салынуы тиіс.

– Бір АЭС-тің қалыпты жұмыс істеуіне қажетті мамандардың нақты саны қандай және бүгінгі білім беру жүйесінің әлеуеті бұл сұранысты қаншалықты жаба алады? Қай бағыттағы мамандар тапшы болуы мүмкін?

– Әлемдік тәжірибе бойынша қуаты 2 400 МВт шамасындағы екі энергоблоктан тұратын АЭС-ті пайдалану кезеңінде жоғары және орта арнаулы білімі бар шамамен 2 000 адам қажет болады. Оның ішінде таза ядролық мамандықтар – инженер-физиктер, нейтрондық-физикалық есептеу мамандары, реактор операторлары – жалпы персоналдың шамамен 20 пайызы, яғни 400-450 адам. Қалғаны жылу энергетиктері, электриктер, автоматтандыру және автоматты басқару жүйелері мамандары, химиктер, механиктер, металлургтер, радиациялық қауіпсіздік мамандары. 
Бұған станцияның өзінен тыс қажет буынды қосу керек: реттеуші орган (лицензиялау, инспекция), техникалық қолдау ұйымы, отын циклі, радиоактивті қалдықтармен жұмыс, көлік және физикалық қорғау, төтенше жағдайлар қызметі, экологиялық мониторинг, ғылыми қамтамасыз ету. Ал 2050 жылға дейінгі стратегияда кемінде үш АЭС көзделгенін ескерсек, ұзақ мерзімді қажеттілік жоғары білімді 5 000-6 000 маманды қажет етеді.

Отандық ЖОО-лар бұл санды бере ала ма? Сан жағынан, әрине, солай. Егер АЭС құрылысы өз кестесіне сәйкес іске қосылса, оның үстіне бұл жоспарды қабылдау 8-10 жылдық озық қадаммен жоспарланса. Қарапайым арифметика жасап көрейік. Жылына 100-150 бакалавр даярланады десек, он жылда 1000-1500 түлек шығады. Бірінші АЭС-тің өзіне 2 000-ға жуық адам керек, оған реттеуші орган, техникалық қолдау ұйымы және екінші-үшінші станциялар қосылады. Яғни қарқын шектеу­лі, бірақ апатты емес, оны шамамен екі есе арттыру қажет. Бірақ мәселе санда да емес. Университет диплом бере алады, тәжірибе бере алмайды. 10-15 жылдық нақты пайдалану тәжірибесі бар аға инженерлер мен ауысым бастықтарын ешбір университет дайындай алмайды, оларды тек жұмыс істеп тұрған станцияда ғана дайындай алады. Сондықтан менің ұсынысым – қазақстандық инженерлерді шетелдегі жұмыс істеп тұрған АЭС-терге құрылыс аяқталғанын күтпей-ақ, дәл қазір жіберу қажет.

– Қазақстанда ядролық энергетика саласына маман даярлайтын білім беру бағдарламалары халықаралық талаптарға қаншалықты сәйкес келеді? Қай бағыттарда біз әлі де шетелдік тәжірибеге тәуелдіміз?

– МАГАТЭ-нің бұл салада нақты әдіснамалық құжаттары бар. Оларға негізінен атом энергетикасы саласындағы адам ресурстарын басқару және ядролық білім беру бағдарламаларының мазмұны жөніндегі ұсынымдар жатады. Осы өлшемдермен салыстырғанда, мәселені былай көремін.

Толық сәйкес келетін бөлік: математикалық және жалпы физикалық дайындық, ядролық физика мен ядролық реакциялар теориясы, кванттық механика, статистикалық физика. Бұлар біздің дәстүрлі күшті жағымыз, мұнда ешбір халық­аралық бағдарламадан кем емеспіз. Сондай-ақ ішінара сәйкес келетін бөлік: реактор физикасы мен реактор техникасы, жылугидравлика, радиациялық материалтану курстары, бірақ бұлар көбіне лекциялық сипат­та беріледі, яғни зертханалық сүйемелдеуі жеткіліксіз болып тұр.

Біздің оқу бағдарламасындағы айқын олқылықтарға тоқталсам: Біріншіден, лицензиялық инженерлік бағдарламалық кешендермен (нейтрондық-физикалық және жылугидравликалық кодтармен) жүйелі жұмыс қамтылмаған; екіншіден, ықтималдық қауіпсіздік талдауы (PSA) жеке пән ретінде оқылмайды; үшіншіден, қауіпсіздік мәдениеті және адам факторы да оқытылмайды (бүкіл әлемде бұл бөлек, міндетті пән, ал бізде әзірге эпизодтық түрде беріледі); төртіншіден, толықмасштабты тренажерде оқытылмайды, ондай құрылғылар бізде жоқ; бесіншіден, техникалық ағылшын тілінің орнына жалпы ағылшын тілі оқытылады; алтыншыдан, инженерлік бағдарламалар халықаралық аккредиттеуден өткізілуі тиіс.
Қорытып айтқанда, біздің бағдарламалар халықаралық талаптардың ғылыми-теориялық бөлігіне 80-85 пайыз, инженерлік-практикалық бөлігіне 50-60 пайыз шамасында сәйкес келеді деп бағалар едім. Дәл осы алшақтықты жою – біздің алдағы бес жылда атқаратын басты міндетіміз.

– Ядролық инженерді даярлау бірнеше жылдық университеттік біліммен ғана шектелмейтінін айт­тыңыз. Бұл мамандықты өзге инженерлік бағыттардан ерекшелендіретін ең басты талап қандай?

– Жалпы формалды мерзім: 4 жыл бакалавриат, 2 жыл магистратура, барлығы 6 жыл болса, бірақ бұл тек диплом алу мерзімі ғана, яғни нағыз маман болу мерзімі емес. Станцияда жұмысқа кіріскеннен кейін жүйелі өндірістік оқыту, тағылымдама, тренажерлік дайындық және реттеуші органның емтихандары қосылады. Сондықтан реактор операторы деңгейіне жету – қосымша 3-5 жыл, ауысым бастығы деңгейіне жету 10-12 жылға дейін созылады деп ойлаймын. Яғни бүгін университетке түскен талапкер станцияның басқару пультінде дербес жұмыс істеу құқығын 2036-2038 жылдары ғана алады. Осы арифметиканың өзі кадр даярлауды кейінге қалдыруға болмайтынына дәлел. 

Бұл мамандықтың басқа техникалық мамандықтардан ерекшелігіне келсек, менің ойымша, бес түбегейлі айырмашылық бар. Біріншіден, қатенің қайтымсыздығы. Көптеген инженерлік салада сынап көруге, бұзып қайта жасауға болады. Мұнда болмайды. Сондықтан оқытудың бүкіл философиясы «жіберілуі мүмкін қатені алдын ала ойлап табу» принципіне құрылған.
Екіншіден, құқықтық режим. Ядролық инженердің жұмыс істеу құқығын университет емес, мемлекеттік реттеуші орган береді және оны мерзімді түрде растатып отыру керек. Бұл дәрігер мен ұшқыштың мамандығына жақындататын ерекшелік сияқты.

Үшіншіден, пәнаралық мәселенің ерекше тығыздығы. Бір маман нейтрон физикасын, жылугидравликаны, материалтануды, химияны, автоматтандыруды, радиациялық қорғанысты және нормативтік базаны бір мезгілде игеруі керек. Бұл салаларды бөліп тастауға болмайды, өйткені нақты авариялық сценарийлер дәл олардың түйіскен жерінде туады.
Төртіншіден, көрінбейтін нысанмен жұмыс. Инженер белсенді аймақты ешқашан көрмейді. Ол тек аспап көрсеткіштерін көреді және солардан физикалық картинаны ойша қалпына келтіреді. Бұл терең физикалық интуицияны және модельдік ойлауды талап етеді, ал ол тек мықты іргелі даярлықтан туады.

Бесіншіден, қауіпсіздік мәдениеті. Бұл техникалық емес, кәсіби-этикалық сапа: күмәнді айтуға батылдық, регламентті «жеделдету» үшін бұзбау, әріптестің қатесін бүркемелемеу. Оны тек лекциямен беруге болмайды, мұндай дағдыны тек орта тәрбиелейді.

– ҚазҰУ-да ядролық физика мен ядролық инженерия бойынша бағдарламалар бар. Енді АЭС үшін мамандар даярлауға келгенде университеттің қазіргі зертханалық және техникалық базасы жеткілікті ме, әлде оны түбегейлі жаңғырту қажет пе? Ал «Уран ісі» бағдарламасы осы олқылықтардың орнын қалай толтырады?

– Қазіргі уақытта біздің университетте «Ядролық физика», «Теориялық ядролық физика», «Ядролық медицина», «Ядролық инженерия» және «Уран ісі» білім беру бағдарламалары бойынша шамамен 200 бакалавр, 20 магистрант және 11 докторант білім алуда. 2009 жылдан бері атом өнеркәсібі мен экономиканың сабақтас салалары үшін 880-нен астам маман даярланды. Қос дипломды және бірлескен білім беру бағдарламалары аясында 100-ден астам түлек даярланып шығарылды. 
2025 жылы университет Қытайдың жетекші білім беру және ғылыми орталықтарымен халықаралық ынтымақтастықты едәуір кеңейтті. Үрімші қаласында өткен «Өнеркәсіп – Университет – Ғылым – Тәжірибе» симпозиумы аясында Шыңжаң университетімен бірлескен зертханалар құру, жазғы мектептер ұйымдастыру және академиялық ұтқырлық бағдарламаларын іске асыру жөнінде келісімдерге қол жеткіздік.

Былтыр университет өкілдері Харбин инженерлік университетінің базасында өткен Орталық Азия мен Қытай сарапшыларының халықаралық семинарына қатысып, онда ядролық технологиялар, жасанды интеллект, робототехника және энергетика салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. Осы жылдың қазан айында Харбин инженерлік университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және China National Nuclear Corporation Overseas Ltd арасында стратегиялық үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы құжат аясында мамандарды бірлесіп даярлауды, ғылыми жобаларды іске асыруды және атом энергетикасы саласындағы білім беру бағдарламаларын дамытуды бастап кеттік. Студенттер ЦЕРН базасында тағылымдамадан өтеді, шетелдік университеттермен бірлескен жобаларымыз бар. Тек бір мектепті көрген маман сол мектептің әдісін жалғыз дұрыс әдіс деп есептейді. Ал үш-төрт мектепті көрген маман неліктен әртүрлі шешім қабылданғанын түсінеді және өз жағдайына сай шешім таңдай алады. Инженерлік ой еркіндігі дәл осыдан туады.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясымен бірлесіп, уран өндіру өнеркәсібі мен ядролық отын циклі үшін мамандар даярлауға бағытталған «Уран ісі» білім беру бағдарламасы әзірленіп, енгізілді. Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі – бағдарламаның авторы тек университет емес. Ол «Қазатомөнеркәсіппен» бірлесіп жасалады: жұмыс беруші оқу жоспарын қалыптастыруға, пәндердің мазмұнын анықтауға және бітірушілерді бағалауға тікелей атсалысты. Бұрын университет маман даярлап, содан кейін оны нарыққа ұсынатын. Енді жұмыс беруші процестің басынан бастап ішінде отырады.

Екінші өзгешелігі – циклдің тұтастығы. Дәстүрлі түрде уран геологиясы бір факультетте, жерасты ұңғымалық шаймалау технологиясы екінші жерде, отын өндірісі үшінші жерде, реактор физикасы төртінші жерде оқытылатын. «Уран ісі» бұларды бір логикалық тізбекке біріктіреді: кен орнынан бастап конверсия мен байытуға, отын жинағын жасауға, реакторда пайдалануға, пайдаланылған отын мен қалдықтарды басқаруға дейін. Студент өз мамандығын үзік-үзік емес, тұтас өндірістік тізбек ретінде көреді.

Сондай-ақ бір нәрсені нақтылап айтқым келеді, өйткені мұны жиі шатастырады: «Уран ісі» – отын циклінің мамандарын даярлайтын бағдарлама, ол АЭС операторларын даярлайтын бағдарламаны алмастырмайды. Бұл екеуі бір-бірін толықтырады. Елге екеуі де керек.

– «Қазатомөнеркәсіппен» бірлесіп іске қосылатын оқу бағдарламасы студенттердің кейін жұмысқа орналасуына қандай нақты мүмкіндік береді? Студенттер оқу кезінде өндірістік тәжірибеден өтіп, компанияның нақты жобаларына қатыса ала ма және оқуын тамамдаған соң жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырыла ма?

– Ең тікелей мүмкіндік – мақсатты даярлау механизмі. Студент оқуын аяқтағанда жұмыс іздеп жүрмейді, ол өзін екі-үш жыл бойы практикадан көрген, дипломдық жұмысының тақырыбын берген, тәлімгер бекітіп қойған кәсіпорынға барады. Мұның пайдасы екі жаққа да тиеді. Студент үшін бұл анықтық: ол қай зауытта, қандай лауазымда, қандай жалақымен бастайтынын алдын ала біледі, демек, ол ертеңгі күнін ойлап емес, кәсібін ойлап оқиды. Кәсіпорын үшін бұл тәуекелді азайту: жұмыс беруші үміткерді бір сағаттық әңгімелесу бойынша емес, бірнеше жылдық бақылау бойынша таңдайды.

Одан бөлек, бірлескен жоба университетке маңызды кері байланыс береді. Кәсіпорын «сіздердің түлектеріңізде мына құзырет жетіспейді» деп нақты айтады, біз оқу жоспарын келесі жылы түзете аламыз. Мұндай байланыс болмаса, университет ондаған жыл бойы өз елесімен жұмыс істеуі мүмкін.

Бір ескертпе де айтайын, ол жасырылмауы керек. Мақсатты даярлаудың жасырын қаупі мамандандырудың аясы тар болып қалуы мүмкін. Егер студентті бір ғана кәсіпорынның бір ғана технологиясына бейімдеп жіберсек, оның кәсіби қозғалғыштығын шектеп қоямыз. Сондықтан келісімшарттық даярлауда да іргелі тұжырымдар сақталуы тиіс. Біз белгілі бір цехқа жұмысшы емес, салаға инженер даярлауымыз керек.

– АЭС салу бір бөлек, оны қауіпсіз пайдалану үшін қажетті ғылыми және инженерлік әлеуетті қалыптастыру екінші мәселе. Осы тұрғыдан Қазақстанға халықаралық деңгейдегі дербес ядролық зерттеу орталығы қажет пе, әлде қазіргі Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтының базасын күшейту жеткілікті ме?

– Бұл – беделге қатысты емес, егемендікке қатысты мәселе. Логикасы мынадай. АЭС 60, кейде 80 жыл жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде күн сайын техникалық шешім қабылданады: отын жүктемесін өзгертуге бола ма, мына материалдың қалдық ресурсы қандай, аспаптың мына көрсеткішін қалай түсіндіру керек, реактор мерзімін ұзартуға негіз бар ма. Егер елде осы сұрақтарға өз бетінше жауап бере алатын ғылыми-техникалық қолдау ұйымы болмаса, ел әрбір сұрақ үшін алты онжылдық бойы вендорға жүгінеді. Бұл, әрине, техникалық тәуелділік, ал техникалық тәуелділік ақыры экономикалық тәуелділікке айналып кетуі мүмкін.
Екінші дәлел – бізде мұндай орталық үшін бірегей активтер бар. Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық және оның зерттеу реакторлары, КТМ токамагы, Ядролық физика институты, әлемдегі ең ірі уран өндірісі, әрі Семей полигоны радиоэкология бойынша әлемде теңдесі жоқ табиғи зертхана, практикалық база. Мұндай жиынтық көп елде жоқ.

– Әлемдік тәжірибеде АЭС мамандарын даярлаудың әртүрлі модельдері бар. Солардың ішінде Қазақстан болашақта өзіміздің ұлттық кадрлық мектебімізді қалыптастыру үшін қайсысын таңдаған дұрыс? 

– Негізгі үш модельді атайын. Француз моделі өте жақсы орталықтандырылған: бір оператор, бір ұлт­тық инженерлік мектеп, өте біртекті стандарт. Күшті, бірақ ол ондаған жыл бойы табиғи жолмен қалыптасқан, бірақ оны сырттан көшіріп ала алмаймыз.
Корей моделі болса, мемлекеттік мақсатты бағдарлама, өнеркәсіппен тығыз серіктестік және алғашқы онжылдықта мамандарды жаппай шетелде оқыту, содан кейін біртіндеп локализация. Нәтижесі және мақсаты – өз елінің технологиясын жасау және оны экспорттау.

БАӘ моделі – ең жаңа әрі жаңадан бастаушы ел үшін ең айқын. Олар бірден шыншыл ұстаным ұстады: алғашқы жылдары станцияны халықаралық персонал пайдаланады, бірақ сонымен қатар жылдар бойынша нақты пайызбен бекітілген ұлттандыру жоспары жұмыс істейді және арнайы ұлттық оқу орталығы құрылады.

Менің ойымша, Қазақстанға корей мен эмираттық тәсілдің қосындысы қолайлы. Яғни, біріншіден, алғашқы 10-15 жылда шетелдік мамандардың қатысуы қажет болатынын ашық мойындау бұл әлсіздік емес, қатаң есепке негізделген шешім, екіншіден, сонымен қатар қазақстандық персоналдың үлесін жылдар бойынша өлшенетін көрсеткішпен бекіту, себебі мерзімі мен пайызы жазылмаған локализация ешқашан орындалмайды, үшіншіден, ұлттық оқу-тренажерлік орталық құру, төртіншіден, реттеуші органның өз кадрын бөлек, күшейтілген бағдарламамен даярлау, өйткені реттеуші оператордан техникалық жағынан кем болса, бүкіл жүйенің қауіпсіздігі әлсірейді.

Ал ескертетін бір қауіп – «дайындалды, бірақ кетіп қалды» сценарийі. Кейбір елдерде маман даярланғанымен, сала дамымай қалып, түлектер шетелге кеткен. Сондықтан отандық кадр даярлау жоспары құрылыс кестесіне қатаң байлануы тиіс. маман бітіргенде оны күтіп тұрған жұмыс орны болуы керек.

Сұхбаттасқан
Динара Мыңжасарқызы

Сайт Әкімшілігі